07 Қазан, 2016

Қазынашылық саласы қалай қалыптасты?

597 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Азаттықтың ақ таңы атып, жаңа өмірге аяқ басқан елдің алдында көптеген қиыншылықтар тұрған еді. Ескі байланыстар бұзылып, инфляцияның белең алып, жұмыссыздық жайлап, енді ғана аяғынан тұра бастаған елдің иығына ауыр жүк түсті. Аз уақыт ішінде экономиканы тұрақтандыру үшін елдегі ақша айналымын бақылау мен айналымдағы есепті қамтамасыз ету керек еді. Сол себепті, эко­но­ми­калық құрылымдарды, оның ішінде мемле­кет­тік қаржы басқармасын реформалау қажет болды. Осылайша, ел қазынасын басқаруды жолға қою мақсатында 1994 жылы Қаржы министрлігі жанынан Қазынашылық бас басқармасы құрылды. Алдымен аймақтардағы қазынашылық жүйенің алғашқы құрылымы жасалып, Ұлттық банктің есеп айырысу кассалары Қазынашылық басқарманың аумағы­на шоғырландырылды. Олар бюджет қаржысы­ның түсімін және оны мемлекеттік мекемелер­дің  шотына аударылуын қадағалап отыруға тиіс болды.  А? л 1995 жылы Қазынашылық басқармасы бюджеттің шығындары мен кірістерінің жаңа бюджеттік классификациясын жасап шығарды. Сол жылы Елбасы Жарлығымен Ұлттық банктің есеп айырысу кассаларының орталығы Қазынашылық басқармасының базасында құрылған Бюджеттік банктің қарауына берілді. Қазынашылықтың қаржылық жүйесін дамыту­дағы аса маңызды жұмыстардың бірі – Ұлттық банкте оның бірыңғай шотын ашу болды. Осы­лайша, 1996 жылдан бастап, оған мемлекет­тік және жергілікті бюджеттің ақша қаржылары шоғыр­ландырылды. Бірыңғай қазынашылық шоты (БҚШ) арқылы төлем тетіктері мен бағдарламалық қамтамасыз ету мүмкіндіктері жасалып, БҚШ арқылы алынған ақпарат Үкіметке және басшы­лыққа жіберіле бастады.  Яғни, бюджеттің ахуалы, кірістер мен шығындарды, республикалық және облыстық қаржы құрылымындағы қалдықтарды күн сайын қадағалап отыруға мүмкіндік жасал­ды. Арада бірнеше жыл өткенде, 1998 жылдың қаңтар айынан Бюджеттік банктің таратылуы­на байланысты, оның құзыреті аумақтық қызынашы­лық органдарына берілді. Жалпы, қазынашылық жүйесі жаңа талаптарға сай жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мекеменің бағдарламалық қамтамасыз ету негізінде жаңа қазынашылық жүйесі жасалған. 2004 жылдан бастап қазынашылықтың ақпараттық жүйесі республикалық аумақтарына толық енгізілді. Сол кездің өзінде шетелдік сарапшылар біздің елдегі Қазынашылық комитетінің ақпараттық жүйесі қазіргі талаптарға толық жауап беретінін айтып, АҚШ, Қытай, Словакия, Палестина, Болгария сынды шет елдердің сарапшылары жоғары баға­лаған-ды. Біз қолданып жүрген Қазынашылық жүйе­нің жаңғыртылуы өте сирек модель ретінде де басқа елдердің тәжірибесінде  қолдану ұсынылуда. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуы аясында дамып келе жатқан қазынашылық ақпарат жүйесі салықтарды және басқа да төлем­дерді аудару, бюджеттік шығындарды жүр­гізу, қаржы ресурстарындағы жергілікті атқару орган­дары мен Үкіметті басқарудың тиімділігін арт­тыру, мемлекеттік бюджеттің атқарылуын­дағы тран­спаренттілік бағыттарына негізделген. Қыс­қаша қорытқанда, Елбасы жүктеген талапқа – ел бюджетін тиімді басқару басты міндетін қамта­масыз етуге бағытталған. 2007 жылы Бүкіләлемдік банк Орталық және Шығыс Еуропа, Азия елдерінің қазына­шылық қызметтеріне талдау жүргізген болатын. Нәтижесінде, қазақстандық жүйеге жоғары баға берілді. Сөйтіп, Бүкіләлемдік банк сарап­шыларының пікірі бойынша Түркиядан кейінгі екінші орынға ие болдық. Бірнеше жыл бұрын «Қазынашылық - Клиент» мемлекеттік мекемелер арасындағы электронды құжат айналымы» жобасының тұсауы кесілді. Бұл уақыт талабынан туған, қаржыны басқарудың халықаралық тәртіптеріне сай келетін шешім еді. Осы жобаның арқасында республика бойынша барлық операциялардың ашықтығына қол жет­кізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерге қы­змет көрсету уақыты қысқарды, қағазбастылық азай­ды, қаржылық құжаттарды өңдеу сапасы жақсарды. Операциялық және көліктік шығындарды азайтты. Жаңа жүйе құжаттарды қабылдау мен өң­деу бойынша мекеменің функцияларын автомат­тандыруға жол ашты. Ал бұл жемқорлық­тың факті­­лерін болдырмауға әсер ететіні түсінікті. Мем­­­ле­кет­тік мекемелерге қашықтан қызмет көрсе­т­етін­дік­тен, жұмыстың тиімділігі арта түсті. Әкім­­шілік кедергілер әлдеқайда азайып, адами фак­тор­дың кесірінен болатын қателер де кеміді. Қазынашылық комитеті биылдан бастап аза­маттық-құқықтық мәмілелерді тіркеу деректерін жөнелту бөлігінде Электронды мемлекеттік сатып алулар мен «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесін интеграциялауды бастады. Сол арқылы, мемлекеттік сатып алуларды тіркеу бойынша құжат айналымын тағы да азайту көзделіп отыр. Осы­лайша, адам факторын, құжаттарды өңдеу мен рәсімдеу уақытын, қаржылық шығындарды азайтуға қол жеткізілді. Бүгінгі таңда еліміздің қазынашылық орган­дары 12 380 мемлекеттік мекемеге және 473 квази­мемлекеттік сектор субъектісіне қызмет көрсетеді. Қаржылық заң бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу үшін алдын ала бақылау тетіктері қарастырылған. Бюджет қаражатын игеру бойынша, былтыр Қаржы министрлігі және оның ішінде Қазы­нашылық комитеті де игерілмеген қаражат сомасын төмендетуге бағытталған жұмыстар атқарды. Соңғы он бес жылда бірінші рет бюджетті игеру көрсеткіші 99,8 пайызға жеткені осы жұмыстың нәтижесі деп санаймыз. Мұндай үлкен көрсеткіш соңғы он бес жылда болған емес. Бүгінгі таңда шетелдерге және өз еліміздің аума­ғын­да түрлі валютадағы аударымдар оп-оңай жаса­­­ла­ды. Барлық төлемдерге Ұлттық банктің айыр­бас бағамы қолданылады. Бұл дегеніміз, ақша бір­лігін конвертациялау кезінде комиссия бо­л­май­­тынын білдіреді және ұлттық валютадағы қара­жат­тың тран­зиттік шоттарда тежелмейтінін көрсетеді. Сөз басында айтып кеткеніміздей, мемле­кет қаржысын – ел қазынасын тиімді басқарудың кілті болған Қазынашылық комитеті өз миссиясын тиім­ді ат­қарып келе жатыр деген сенімдеміз. Тәуелсіз­дік жыл­дарында мекеме өзін уақыт пен қоғам талабына сай дамыған  қаржы институты ретінде көрсетті. Бұл білімді, өз саласын жақсы білетін қазынашылық қыз­мет­керлерінің, мемлекеттік бюджетті игеруді бақылауды қамтамасыз етудің арқасында жүзеге асып отыр. Қанат БАЕДІЛОВ, Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы