07 Қазан, 2016

Медициналық қызмет қолжетімді болуы тиіс

1705 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
zdravookhranenie-rkҚазақстандық медициналық қызмет сапасы жоғары талаптар деңгейінен көріне алмай келе жатқаны белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамның» 82-қадамында «Медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссия құру» міндетін қойған болатын. Бүгін біз осы комиссияның жұмыс қорытындылары негізінде медициналық қызмет көрсетудің тиімді стандарттарын енгізу және оның сапасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар төңірегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметті стандарттау департаментінің директоры Тимур Сұлтанғазиевті әңгімеге тартқан едік. – Тимур Сламжанұлы, меди­ци­на­лық қызмет сапасы бойынша бір­лес­кен комиссияның жұмысы және медициналық қызмет көрсетудің стандарттары туралы қысқаша айтып өтсеңіз? – Мемлекет басшысының нақ­ты тапсырмасына байланысты медици­налық қызмет көрсетудің үздік стан­дарт­тарын енгізу мақсатында Меди­ци­налық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия жұмыс істейді (бұ­дан әрі – СЖБК). СЖБК-ның негізгі мін­деттері – клиникалық хаттамаларды; медициналық білім беру стандарттарын; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы сапа мен қолжетімділікті бақылау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау болып табылады. 2016 жылдың 9 айы бойынша СЖБК 11 отырыс өткізді. Осы отырыстардың бар­лығында медициналық қызмет көр­сету сапасын артыру мәселесі жан-жақ­ты талқыланып, нақты шаралар бел­гі­ленді. Денсаулық сақтау саласы маман­дарының тапшылығын анықтау әді­стері, клиникалық хаттамаларды да­мы­ту мен жетілдірудің Жол картасы және бас­қа кешенді мәселелер қаралып, мақұлданды. – Осы орайда халыққа медици­на­лық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі бойынша не істелді? – Медициналық қызмет көрсету сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақ­сатында және емделушінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық медициналық ұйымдарда Емделуші­ні қолдау және ішкі аудит қызмет­тері, сондай-ақ, 16 өңірлік Call-орталық құрылған. Олар шағымдарды дереу тек­серу және кемшіліктердің алдын алу ұстанымы бойынша жұмыс істейді. Өңір­лік Call-орталықтардың қызметі тура­лы ақпарат Денсаулық сақтау бас­қар­маларының, медициналық ұйым­дардың сайттарында, облыстық газеттерде, жергілікті телеарналарда тұрақты жарияланады. Медициналық қызмет нарығында бәсекелестікке қабілеттілікті қамтама­сыз ету – медициналық көмек­тің сапа­­­сын жоғарылатудың тағы да бір құра­лы. Осы ретте аккредиттеу бәсе­ке­лес­­тікті дамыту үшін тегін мед­и­ци­­­на­­лық көмектің кепілдік беріл­ген кө­ле­мін көрсетуге жеке­меншік қыз­мет көр­­сетушіні тарту­ға, сапаны, қол­­жетім­­ділікті арттыруға және мем­ле­кет­­тің қара­жатын тиім­ді пай­далану­ға ер­­кін­­­дік береді. Ме­ди­­ци­налық ұйым­дар­ды (бұдан әрі – МҰ) ак­креди­т­теу 2015 жылы ұйым­­дардың да­йын­дық деңгейінің жоғары­лаған­дығын көрсетті. Тәуелсіз сарапшылар деректері­нің бан­кін кеңейту бойынша жұмыс жал­ғасуда, бүгінгі күні банкте 800-ге жуық аккредиттелген сарапшы бар. Аккредиттелген тәуелсіз сарапшылар­ туралы ақпарат министрліктің сай­тын­да Қазақстан Республикасының бар­лық азаматтары үшін қолжетімді. Емделушілердің хабардар болуын арттыру, транспаренттілік ұстанымдарын және медициналық ұйымдарды ер­кін таңдауды дамыту мақсатында ми­нист­рлік сыртқы, ішкі бақылау және ем­делушілердің пікірлерінің нәти­желері негізінде республиканың медици­налық ұйымдарын рейтингілік бағалау жүйесін енгізді. Саралау нәтижелері министрліктің сайтында орналастырылады. – Бүгінде мемлекеттік емханалар мен жекеменшік емханалар халыққа ақылы қызмет көрсету жарысына түскендей. Ал қарапайым халық мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек­тің көлемін біле бермейді. Сон­дық­тан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және оған қолжетімділік жайы туралы кеңінен айтып өтсеңіз. – Тегін медициналық көмектің ке­піл­­дік берілген көлемі – бұл Қазақ­стан Рес­публикасының азаматтарына және оралмандарға ұсынылатын меди­цина­лық қызметтер тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Кодексінің 34-бабына сәйкес­ тегін медициналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға ұсынылады және профилактикалық, диагностика және емдік медициналық қызметтер­ді қам­тиды. «Тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемінің тіз­бе­­сін бекіту туралы» Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бекітілген. ТМККК шеңберіндегі амбулатория­лық-емханалық көмек – медициналық-санитарлық алғашқы көмекті (МСАК), кеңестік-диагностикалық көмекті (КДК) қамтиды. МСАК шеңберінде қызмет­тердің мынадай түрлері көрсетіледі: профилактикалық, диагностикалық, емдік, уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасы. Оның ішінде емдік қызмет туралы бөле-жара айтатын болсақ, емдік қызметтер: жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көр­сетуді, денсаулық сақтау саласын­дағы стандарттарға сәйкес емдеу шараларын қолдану белгілі бір сырқаты бар азамат­тардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз етуді қамтиды. Амбулаториялық деңгейде науқас­тарды дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз ету арнайы бұйрықпен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемінің шеңберінде дәрі-дәр­мекпен және медициналық мақсат­тағы заттармен, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар аза­мат­­тар­дың жекелеген санаттарына амбу­лато­риялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді және мамандандырылған емдік өнім­­дердің тізбесін бекіту арқылы жүзе­ге асырылады. 2012 жылдан бері халық­тың әлеуметтік аз қамтамасыз етіл­ген топтарына қолдау көрсету мақ­сатында (зейнеткерлер, мүгедектер, аз қам­тыл­ған отбасылар) бұрын 50 пайыз жеңіл­дікпен берілген дәрілік заттар тегін берілетін болды. Республикалық бюджет қаражаты есебі­нен ауыр гематологиялық, онко­логиялық, аутоиммундық аурулармен, қант диабетімен, туберкулезбен, созыл­малы вирустық гепатитпен, сирек кез­десетін туа біткен патологиясы бар, туберкулезбен, АИТВ-инфек­ция­сы­мен, жайылма берішпен ауыратын нау­­қастар дәрі-дәрмекпен толық тегін қам­тамасыз етіледі. Бұл ретте, ТМККК шең­­берінде ағымдағы кезеңде шамамен дис­пансерлік есепте тұрған 2 миллион адам 48 нозология бойынша және дәрі­лік заттардың 400 түрлері бойынша амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. – Байқап отырсақ, мемлекет тара­пы­нан қазақстандықтарды тегін медициналық қызметпен, дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етуде айтар­лықтай жеңілдіктер жасалған екен. Осыны тұрғындарымыз біле бермейді. Тегін медициналық қыз­меттің қолжетімділігі қиын ба? – Қарапайым халықтың өз құқығын жете пайдаланбайтындығы жасы­­рын емес. Көп ретте бұл тұрғындар­дың елі­міз­дің заңдары мен ережелерін біл­­­­­мей­­­тіндігінің салдарынан болады. Ден­­сау­лық сақтау саласының бағ­дар­ла­ма­­лары мен ережелерін көпшіліктің біле бер­мейтіндігін пайдаланып, кейбір емдеу орындары тегін медицина­лық көмек түрлерінің қолжетімділігін қиын­­датып жібергені өкінішті-ақ. Дегенмен, Бірыңғай ұлттық денсау­лық сақтау жүйесі енгізілгеннен кейін  медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды. Осылайша, Қазақстан Рес­пуб­ликасының барлық азаматтары «ста­ционарды еркін таңдау» принципі бойынша басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандандырылған көмек алуға, оның ішінде мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік алды. Қазақстан Республикасы Денсау­лық сақтау министрінің 2010 жылғы 3 шіл­дедегі №492 бұйрығымен бекі­тіл­ген Емделуге жатқызу бюросы порталы арқылы тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі шең­­­берінде азаматтарды стационар­ға жос­­­парлы емдеуге жатқызу МСАК маманы­­ның немесе кәсіби маманның жол­­да­масымен жүзеге асырылады. Стационарлық емдеу шаралары барысында емделушілерді дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз ету ТМККК шең­берін­де тегін және республикалық дәрі­лік формуляр (бұдан әрі – РДФ) негі­зінде жүзеге асырылады. Ағымдағы кезең­дегі ахуал бойынша РДФ-қа 25 фар­ма­ко­логиялық-терапиялық топтар мен 800-ге жуық халықаралық дәрілік зат­тар­дың патенттелмеген атауы кіреді. Сонымен бірге, министрлік халық­тың денсаулығын одан әрі нығайту мақ­сатында отбасылық денсаулық орталықтарын, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшелерін құру арқылы МСАК-тың әлеуметтік бағдарланған моделін енгізуге, МСАК-тың штат нор­мативтеріне әлеуметтік қызмет­кер­лерді, психологтарды қосуға ерекше көңіл бөлуде. Қазір еліміздегі алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 1849 медициналық ұйым­да, 19390 дәрігер, 49984 орта медицина­ қыз­мет­кері, 2188 әлеуметтік қыз­мет­­­кер мен 813 психолог жұмыс істей­ді. Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мем­лекеттік бағдарламасының негізгі бағыт­­тарының бірі – созылмалы ин­фек­­циялық емес аурулардың асқынуын болд­ырмау, оның шығындарын азайту және ауруды басқару үдерісіне адам­ның өзін тікелей тарту арқылы аза­мат­тардың өз денсаулығына жауап­кер­шіл­ік­пен қарау дағдысын қалып­тас­тыру ар­қы­лы сырқаттың алдын алуға мүм­кіндік беретін МСАК маманы және науқастың арасындағы серік­тестік­ке құрыл­ған Ауруды басқару бағдар­ла­ма­сын (АББ) енгізу болып табылады. – Тимур Сламжанұлы, осы мем­лекеттік және жекеменшік емха­на­лардың айырмашылығы неде? – Медициналық көмек көрсету­де мемлекеттік және жекеменшік ем­хана­лардың айырмашылығы жоқ. Халық­қа медициналық көмек көрсету емдеу мекемелерінің меншік түріне қара­мастан, клиникалық хаттамалармен, стандарттармен және тағы басқа елімізде қабылданған норматив­тік құқықтық актілерімен жүзеге асырылады. Жекеменшік емханалардың айырмашылығы қосымша сервистік қызмет көрсету ғана болып табылады. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДЖ) енгізумен денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік емес секторының алдында жаңа перспективалар ашылды, оларға мемлекеттік медициналық қызмет көрсетушілер­мен бірдей жағдай жасалды, сондай-ақ тарифтердің тартымдылығы қам­та­масыз етілді. Осыған байланыс­ты соңғы уақытта БҰДЖ жүзеге асыру мақ­­сатында тегін медициналық көмек­­­тің кепілдік берілген көлемін қам­та­масыз етуде жекеменшік емха­на­лардың саны артып келеді. – Кадр біліктілігі қалай шеші­лу­де? – Кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақ­сатын­да жыл сайын министрлік нақты іс жүзінде денсаулық сақтау саласын­дағы қажеттілікке сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады. Медициналық кадрлардың жыл сайынғы біліктілігін арттырудағы ең төмен қажеттілік 46,7 мың маманды құрайды, оның ішінде 13,9 мың дәрігер және 32,8 мың орта медицина кадрлары (ең аз дегенде 5 жылда 1 рет) жыл сайын кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруы керек. Қазақстанда біліктілікті арттыру және қайта даярлау республика­лық бюд­жеттік бағдарламалар, жергілікті бюд­жет және ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осылай­ша, біліктілікті арттырудағы жалпы қажет­тілік толық көлемде қамтамасыз етіле­ді. Мәселен, 2015 жылы Денсау­лық сақтау және әлеуметтік даму министр­лігі жүзеге асыратын республикалық бюд­жет шеңберінде денсаулық сақ­тау ұйымдары кадрларының білік­тілі­гін арттыру және қайта даярлау бағ­дар­ламалары бойынша 14,6 мың маман оқытылды. Ағымдағы жылы 14,4 мың маманды оқыту жоспарланып отыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»