07 Қазан, 2016

Резервтік валюта дегеніміз не?

1313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
yuanНемесе юань туралы сөз Қытайдың ұлттық валютасы – юань үстіміздегі жылдың 1 қазанынан бастап доллармен, еуромен, иенамен және британдық фунтпен бірге Халықаралық валюта қорының резервтік валюталар себетіне қосылды. ХВҚ-ның ақпаратына қарағанда, 42 пайыздық доллар мен 31 пайыздық еуроға қатысты юань 11 пайыз салмақ иеленетін болады. Осылайша өзінің маңызы жағынан Қытай ақшасы доллар мен еуродан кейінгі үшінші орынға шығып отыр деу­ге толық негіз бар. SDR себетінің ұлғаюы – SDR, Қор, Қытай және ха­лық­аралық ақша жүйесі үшін маңызды тарихи кезең. Еуродан кейін алғаш рет себетке жаңа валюта қосылып отырғандықтан бұл Қор үшін айтарлықтай ілгерілеушілік болып табылады, деп атап көрсетті ХВҚ басшысы Кристин Лагард осы оқиғаға қатысты сөйлеген сөзінде. Айта кету керек, юаньды ХВҚ себетіне қосу туралы шешім Қытай валютасының халықаралық сауда мен қаржы жүйесіндегі соңғы жылдары өсе түскен рөліне байланысты 2015 жылы қабылданған болатын. Осы орайда еуроның қосылуына байланысты Халықаралық валюта қоры себетіне бұған дейін 1999 жылы өзгеріс енгенін де еске сала кеткен артық емес. Енді резервтік валюта дегеніміз не және оның артық­шылығы неде деген сауалға аз-кем тоқтала кетейік. Резервтік валюта дегеніміз былайғы бүкіл елдердің орталық банктерінің валюталық резервтерінде жинақталатын әлемде жаппай танылған, дәлірек айтқанда, мойындалған валюта болып табылады. Ол инвестициялық актив қызметін атқарып, валюталық паритетті анықтау тәсілі ретінде қызмет етеді, қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізу құралы ретінде, сондай-ақ, бәлкім ең маңызды ерекшеліктерінің бірі де осы болар, халықаралық есеп айырысулар үшін пайдаланылады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, сіздің қалтаңызға юаньді салып алып дүние жүзінің кез келген еліне сапар шегуіңізге болады. Керек болған кезде жаңағы қалтаңыздағы юаныңызды валюта айырбастау пунктіне барып, қолма-қол сол өзіңіз жүрген мемлекеттің ақшасына айырбастап ала қоясыз. Сондықтан да кейде резервтік валюта деген сөз халықаралық сауда-саттықта неғұрлым жиірек пайдаланылатын ақша дегенді де білдіреді. Бұған дейін резервтік валюталар негізінен сауда рыноктарында (мұнай, алтын және басқалар) есеп айырысу құралы ретінде пайдаланылып келді. Дегенмен, соңғы уақыттары, әсіресе, Азия елдерінде резервтік валюталар өз валюталарын әлсірету арқылы экспорттың бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында алтын-валюта резервтерін қорландыру үшін, сонымен қатар, қаржы дағдарысы туындай қалған жағдайда резерв ретінде де пайдаланылады. Резервтік валютаның мәртебесі де айтарлықтай жоғары, сондықтан ол ондай валютаға ие ел үшін айтарлықтай артықшылықтар да береді. Мәселен, ол ұлттық валютаның төлем балансының тапшылығын жабу, әлемдік рыноктағы бәсекелестік күресте ұлттық корпорациялардың позицияларын нығайтуға ықпал ету  мүмкіндігіне ие. Сонымен бірге, ақшалары резервтік валюталар қатарына қосылған елдерге валюта тұрақтылығына қолдау көрсетуде, валюталық және сауда шектеулерін алып тастауда, төлем балансының тапшылығын жою бойынша шешімдер қабылдауда белгілі бір жауапкершіліктер де жүктеледі. Егер резервтік валюталардың тарихына аз-кем тоқтала кетер болсақ, алғашында халықаралық есеп айырысуларда үстемдік рөлді иеленген ағылшынның фунт стерлингінің резервтік валюта рөлін атқарғанын айта кету қажет. Бірақ 1944 жылы Бреттон-Вудс (АҚШ) конференциясының шешімімен фунт стерлингпен қатар, АҚШ доллары да халықаралық төлем құралы және резервтік валюта ретінде қолданыла бастады. Ақырында доллар көп ұзамай айқын басымдыққа қол жеткізіп, алғашқы орынға шықты. Қытай Халық Республикасының қазіргі ақша бірлігі болып табылатын «юань» сөзінің мағынасы «халықтық ақша» деген ұғымды білдіреді екен. Бір юань 10 цзяоға, ал ол өз кезегінде 10 фэнге бөлінеді. Осылайша, мәселен, 3,14 юань сомасын 3 юань 1 цзяо 4 фэн деп айтуға болады. Қытай банкноттарындағы жазулар төрт тілде – чжуан, моңғол, ұйғыр және тибет тілдерінде жазылған. Оның өзі осы елдегі Гуанси-Чжуан, Моңғол, Шыңжаң-Ұйғыр және Тибет автономиялы аудандарында ресми түрде қолданылатындығын айғақтайды. Сөз соңында бүгінгі таңда бес валютаның резервтік валюта мәртебесіне ие екенін айта кеткен жөн. Олар: жаңадан қосылған юаньның сыртында АҚШ доллары, еуро, фунт стерлинг, иена. Сонымен қатар, ресми түрде резервтік валюта болып саналмаса да швейцарлық франкті де осы топқа жатқызуға болады. Өйткені, ХВҚ оны әлемнің жетекші орталық банктері резервтерінің статистикасында ескеріп отырады. Аталған валюталар еркін конвертацияланатын валюталар қатарына жататынын да естен шығармауымыз керек. Сол себепті де олардың тұрақтылығын сақтау үшін валюта бағамының еркін жіберілетін режімі қолданылады. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»