07 Қазан, 2016

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де»

589 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
zhambyl-kenenМемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВПЕН сыр-сұхбат Кенен атамыздың қатты ұнатып, құмартқан, ақырында үйленген, өмір бойы риза болып, бақытты, бірге өмір сүрген жары Насиха шешеміз ғой. Ол кісілердің қалай шаңырақ құрғанын сізден артық білетін адам жоқ. Енді осыны әңгімелеп беріңізші. – Ол тарихты Кенекеңнің өзі жырдай қылып айтып отыратын. Ақ боз атым астымда, сусар бөркім басымда, қылыштай қырық жасымда, тоғыз жолдас қасымда, – деп термелей бастайтын әңгімесін. – Қордайда ревком болып істегеніме төрт жылға аяқ басқан кез. Бір күні ауыл белсендісі Қабылтай бізді қонаққа шақырды. Қабылтай деп отырғаным мынау алдарыңда шай құйып отырған Насиха жеңгелеріңнің туған әкесі. Қабылтай менен он жас үлкен, өзі ер көңілді, алып денелі, ақ көңіл, ат құмар, көкпаршыл, бір жақсы атты төрт биеге айырбастап алған сері жігіт болатын. Бір үйір жылқы, жүз қаралы қой-ешкісі бар. Әкесі Күдері деген кісі де ер көңіл адам еді. Арғы аталары Бейімбет, атақты Қордай батыр, бәрі Байтүгел деген атадан тарайды. Сол Қордай елі бір болыс, екі мыңдай түтін болатын. Осы елге мен ревком болып сайландым, ал Қабылтай менің көмекшім болды. Екеуміз көбіне бірге жүреміз. Жұмыстың көбі ат үстінде бітеді», – дейтін Кенекең. Одан соң өзен жағасындағы көкмайсаға тігілген Қабылтайдың алты қанат ақ отауына келгендерін, жанындағы серіктері Еркебаймен, Серікбаймен үйге кіріп жайғасқандарын, үй ішінің тазалығын, жиһаздарының да жарасымдылығын айтатын. Қабылтайдың үлкен қызы ұзатылып кетіпті де, он бестегі Насиха мен тоғыз жасар ұлы Қыдырбек қолында екен. Насиха жайнаңдап шай құйып, зыр жүгіріп, анасына көмектесіп жүреді. Кененге ол көрген бойда бірден ұнайды. Содан былай ол Қабылтайдың ауылына жиі баратын болады. Ақырында бір күні Қабылтайға: – Әйелім ауру, төркінінде жатыр. Насиханы қаладым, маған ұнады. Оқытамын, өзіме серік етейін, – деп көңілін білдіреді. Қабылтай қарсы болмайды. Қыздың шешесі мұны естігенде: – Әйелі, баласы бар екен. Болмайды. Қызымның бесік кертпе құдасы бар! – деп шоршып түседі. Бірақ Қабылтай: – Бай құданың керегі жоқ. Бай-құлақпен күресіп жатқанда, енді олармен сорпамыз қосылмайды. Қызым­ды Кененге ұзатамын. Өзі кедей, батырақ, ревком, өзі өнерпаз әнші, – деп кесімді сөзін айтады. Насиханы бұрыннан атастырған, малы көп, бай жерге ұзатсақ, бір-бір ат мінеміз бе деп дәмеленіп жүрген ағайын-туыс, ақсақалдардың қарсылығына қарамай, сәті түскен бір түнде қызын атқа мінгізіп, батасын беріп, Кененмен бірге аттандырып жібереді. Насиханы атастырған бай ауыл: «Өзі ревком бола тұрып, кеңес заңын бұзды. Он алты­дағы жас қызды алып қашты», деп Кененнің үстінен арыз түсіреді. Сот болады. Кененді соттайды. Бірақ Кенен ізденіп жүріп, жазадан құтылады. – «Қасқарауға біткен келіндерден Ноғайбайдың бәйбішесі Әселден асқаны болған жоқ, сонан соңғысы осы Насиха шешелерің», – деп отырушы еді Кенекең риза болып. – Жиырмасыншы жылдардың аяғында Кенекең Базар, Назар деген екі ұлынан қатар айырылып, көкірегі қайғы, шерге толып, аһ ұрып шығарған әні қазақ, қырғызға кеңінен тарап кеткен ғой. – Иә, 1928 жылы Кенен арнаулы тапсырмамен Шу бойындағы елдерді аралап жүргенде ақынның отбасы ауыр қайғыға ұшырайды. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы бірдей шетінеп, қос ботасынан айырылған ақын қабырғасы қайысып, қайғыдан көпке дейін арыла алмай, бүк түсіп жатып қалады. Жаңағы әні сол кезде туады... Кейін Көркемжаны дүниеге келгенде Жамбыл тәтесі арнайы келіп, құтты болсын айтады: Кененім, келіп қалдым қуанған соң, Тұйғының үйрек, қаз бен қу алған соң. Келінжан, бата берем, қолыңды жай, Құдайдан өлгеніңе құн алған соң. Құтты болсын Көркемің, Өсе берсін өркенің! – деп батасын береді. «Домбырам, тастамаймын қайда барсам, жаныма жүре алмаймын байламасам» деп Кенен ендігі жерде белін буып, домбырасын өңгеріп, қайта атқа қонады. – Жалпы, Кенекеңнің өмірі де, әндері, жырлары да туған еліміздегі тарихи оқиғалармен тығыз астасып кеткен ғой. Ол қашанда өз елінің гүлденіп, көркеюін аңсаған. Өзінің ұлы ұстазы Жамбыл сияқты, ол да еңбекші елін, туған жерін жалықпай жырлаған. «Қырық жыл Жамбылдың інісіндей болып, қолтығынан демеп, жанында бірге жүрген» деген сөзді өзіңіз де айтқансыз. – Иә, Кенекең Жамбылды қатты қастерлеп, өзіне ұстаз тұтқан. Қырық жыл бойы оған өкшелес іні, үзеңгілес жолдас, озық өнегесін үйренген зерек шәкірт бола білген. Жамбыл да Кененді жақсы көрген. 1937 жылы Грузияның ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдық тойына Жамбыл шақырылғанда, ол өзінің жанына әдейі қалап, Кененді қосып алады. 92 жастағы қарт жырау сол жолы керемет қайрат көрсетіп, тойға жиналғандарды қайран қалдырып, жырды түйдек-түйдегімен ағытады. Келесі күні әр елден келген делегаттар оның шәкірті Кененді тыңдайды. Кенекең Сарбас ағасына ұқсап мұртын сылап, өз құлағын бұрап-бұрап жіберіп, биік, сұлу даусымен тойға арнаған термесін зор шабытпен айтып шығады. Риза болған жұрт дуылдата қол соғып, тағы да ән сұрайды. Әсіресе, «Көкшолақты» құбылта шырқап, екі санын шапаттап, қырсау ат мінген кісінің кейпіне түскенде таң-тамаша қалған көпшілік залды басына көтеріп кетеді. Осыдан соң Кенекең сол жаққа жүрер алдында композитор Ерзаковичтің үйінде отырып үйреніп алған грузиндердің «Суликосына» салады. Сөзі өзінікі. Бұл әнге де жиналған жұртшылық зор қошемет көрсетеді. 1938 жылы Жамбыл ақындығының 75 жылдық думанды тойы өткізілгенде де Кенен Жамбылдың қасында болып, тойды бірге атқарысады. – Кенекең ақын, әнші, композитор, жыршы болумен бірге күйші де болған ба? – Кененнің де Жамбыл сияқты күйші екендігін, оның өзі шығарған оннан астам күйлері бар екенін жалпы жұрт біле бермейді. Кенен күйшілік өнерде ең алдымен Жетісу өңірінің атақты күйшісі Байсеркені өзіне ұстаз тұтқан. Әзірге тарихта аты сақталып, бізге жеткен Жетісу күйшілерінің ең ұлысы да – осы Байсерке. Ол күй шалғанда тау теңселгендей, бұлт көшкендей болып, қанатты, тұяқты біткен тұра қалып тыңдайды екен. Ол көбіне аңыз күйлер шығарып, олардың әрқайсысын сала-салаға бөліп тартқан. Кенен де көбіне аңыз-күйлер шығарған. Олар: «Сары Барпы», «Алып қара құс», «Ботаң қалды, Қарқарау», «Сары шымшық», «Жаудан қашқан өгіз», «Қызыл әскерге». Солардың ішінде көбірек әрі жалықпай тартатыны «Құлақ күйі» еді. Кенекең ән, өлең шығарарда жыр кернеген абыздай, өзімен өзі болып, оңаша толғанып, осы «Құлақ күйін» жалықпай ұзақ шертетін. Қиялымен шарлай ой кезіп, өлең іздеп отырған Кенекең бір кезде қолын аспанға бұлғап, шырқап ала жөнелетін. Сонда бізге «Құлақ күйі» ән, өлең, жыр тудыратын құдірет тәрізді көрінетін. Жоғарыда аталған күйлерді белгілі композитор Борис Григорьевич Ерзакович пен оның көмекшісі Асқан Серікбаева екеуі жазып алып, өнеріміздің қымбат қазынасына айналдырды. – Мырзеке, елуінші жылдарда Кенекең қатты ауырып, біраз жыл төсек тартып жатып қалған ғой? – Иә. Ол уақытта Кенекең Отар стансасында тұрған екен. Содан қатты ауырып, алты жылдай төсек тартып жатып қалады. Ел басшылары өздерінің қадірлі ақынын естен шығармай, оған қамқорлық жасайды, көп көмек көрсетеді. Ақын үйі Отардан табиғаты тамаша Қордай баурайына орналасқан салқын саялы Киров атындағы колхозға көшіріледі. Өзі арнайы дәрігерлік күтімге алынады. Кенекеңнің денсаулығы бірте-бірте жақсарып, қайтадан аяғынан тік тұрып кетеді. 1959 жылы республика жұртшылығы Кенен Әзірбаевтың туғанына 75 жыл толғанын тойлады. – Мырзеке, Кенекеңнің Алматыда шақыртпай баратын бірнеше үйі болғанын, олар Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Мұхаметжан Қаратаевтың, Ерзаковичтің үйі екенін сіздің бір жазғандарыңыздан оқыған едім. Сондай-ақ,  Кенекең мен Мұхтар Әуезовтің арасында да жарасымды сыйластық болғаны жөнінде жазғансыз. – Кенекең Мұхтар Әуезовпен кеш араласады. 1960 жылдың шілдесінде Мұхаң Ыстықкөлге қарай кетіп бара жатып жол-жөнекей Кененнің үйіне соғады. Жеңгеміз Валентина Николаевнамен шаңқай тал түсте келіпті. Аман-есендіктен соң Мұхаң: – Кенеке, ештеңеге әуре болмаңыздар, асығыспыз, бір шай ішіп аттанамыз, – депті. Қазақ оған қарай ма, шай келеді, қой сойылады, ет асылады, Кенекең күй тартады, ән салады, арасында әңгіме айтады, табан астында қиыстырып ұзақ жырлайды. Асыққан мейман сол күні қонып, ертеңіне түстен кейін бір-ақ аттанады. Көл-көсір әңгімеге, ақынның көп білетіндігіне, шешендігіне әбден риза болады. Сол жылы күзде Мұхаң Кененді Мәскеуге шығысты зерттеушілердің дүниежүзілік конгресіне алып барып, «Қобыланды батырдан» Тайбурылдың шабысын жырлатады. Отырған орындығын Тайбурыл ғып мініп, сахнаны айнала шапқан Кененнің қимылына, асқақ дау­сына, орындау шеберлігіне залдағылар тәнті болып, қайран қалады. Әдетте, тектен-текке шашылып-төгіле бермейтін Мұхаң осы оқиғаға байланысты «Мәскеу» қонақ үйінде үлкен той жасайды. Ұлы жазушы дүние салғанда Кенекем: Тұлпардың бір аяғы сынғандай боп, Сұңқардың оң қанатын жұлғандай боп, Айырылдық, арамыздан кетті Мұхтар, Аймаңдай, айна көзін жұмғандай боп. Асылым, арысым, Мұхтаржан-ай, – деп қабырғасы қайысып, қатты күңіренеді. – Сіз Кененмен ол кісі сексенге келгенде таныс­тыңыз. Он жылдан аса араластыңыз. Телегей-теңіз әңгі­мелерін естідіңіз. Туған баласындай, қимас сыр­ласындай болып кеттіңіз. Жалпы, Кенекең тіршілікте, өмірде қандай адам еді? – Кенекең мені баласындай әлпештеп, інісіндей қастерлеп, кейде, тіпті, менімен құрдасындай әзілдесіп отыратын. Араға аз күн түссе, айлап араласпағандай, көптен көріспегендей, сағынысып ұшырасатын. Мұндайда Кенекең мейірбан, кең құшағына алып, маңдайдан иіскеп қана қоятын. Сонда аппақ сақалы желбіреген тірі аруақтың құшағында тұрғандай сезінетінсің. Жалпы, үлкен болсын, кіші болсын, ол кісінің біреумен әдеттегідей сілкілесіп қол алысып жатқанын, шылпылдатып я ауыздан, я беттен сүйіп жатқанын тіпті көрген емеспін. Сәлемдесуінде үлкен парасат, салмақ, сабырлылық, өзіне ғана тән бір салтанат болатын. Кенекең біреудің сөзін біреуге ауыстырмай, әңгі­мені баппен, нақты, дәл, дәмді, тартымды етіп айтатын. Әңгіме арасында домбыраға Қордайдың жайлап ескен самалындай өзінің әдемі құлақ күйін шертіп қосып отырушы еді. Задында, Кенекең тарихты, аңыз-әңгімені, шежірені жетік білетін және тамсандырып, қызықтырып, дәлелімен айтатын. Көңілі түссе, заты қазақ, қырғыз өнерпаздары, көбіне Жетісу өңірінің бұрынғы-соңғы жыраулары, ақындары, жыршылары, шешендері, әншілері, күйшілері жөнінде аңыздай ғып байтақ, ғажап әңгімелер айтушы еді. Соның бірқатарын мен қағазға түсіріп отырдым. Бірқатары, өкінішке қарай, түспей қалды. Сонда көбірек әңгімелейтіндері Кебекбай, Бердібек, Ноғайбай, Бөлтірік шешендер, Сыпатай батыр, Дәурен сал, Тілеміс, Сарбас ақын, Байсерке күйші болатын. Балуан Шолақтың Жетісуға келгенін, ілесе жүріп серінің өнерін үйренгенін де жырдай қылып айтушы еді. – Бүгін сізден Кенекеңнің өзі, өмірі туралы қызықты, ұлағатты әңгіме естігеніме қуанып отырмын. Жамбыл атамыздың мүшел тойлары сияқты Кенекеңнің де сексенге, тоқсанға толған тойлары кезінде республика көлемінде аталып өтті емес пе? – Бұларды сен еске дұрыс салып отырсың. Ақынның 90 жылдығы, өнер жолының 75 жылдығы өзі туып-өскен жерде, Бөлдек тауының етегінде 1974 жылдың маусымының 22-23-інде өткізілді. Оның алдында таңдамалыларының, әндерінің жинағын шығардық, теле-радио хабарлар үздіксіз беріліп жатты, оқу орындарында, аудандарда, облыстарда ақынға арналған әдеби кештер, жиындар, айтыстар өткізілді, естелік мақалалар жарияланды. Қазақ жері импровизацияның туын тігіп, қанатын жайған жер, ақындықтың бағы жанған жер. Көкшолағы Кененнің дүлдүл болған, өзі қазақ халқына бұлбұл болған, аталы жасқа жеткен, даңқы асқан, аты аңызға айналған заманы еді. Жырдың тойы – елдің, халықтың тойына айналды. 217 үй тігілді. Бәйгеге 172 ат қосылды. Екі күн бойы ұлттық ойындар өткізілді, әншілер тамылжытып ән салып, күй төгіліп, жыр ақтарылып, ақындар суырылып айтысқа шықты. Мұны көзімен көріп, басынан кешкен Кенекең риза болды. Халқының пейіліндей кең, жеріндей байтақ, теңіздей терең, тауларындай биік, ән-жырдан туған, данадай ақын атамыз Кенен Әзірбаев бәрімізді өзінің саф алтындай таза өнеріне, сұлу келбетіне мәңгі ғашық етіп, ежелгі аңыз адамындай, 1976 жылдың көктемінде 92 жасында Сұлутөрдің етегінде, Қордайдың баурайында дүние салды. Аспан жылап, тау теңселді. Дауыл соғып, ел күңіренді. Кенен фәни дүниеде мәңгі жасамайтынын білді. Өлерінен екі апта бұрын Төрткенге «Қалады-ау» деп атын қойып, әніменен ең соңғы мына өлеңін жаздырды: Қайран елім, туған жерім, Ажал жетсе қалады-ау. Қара көрге, қатты жерге, Халқым шулап салады-ау. Жалғыз көйлек, еншім тимек, Жалаң аяқ, жалаң бас, Есіл тәнім, салтанатым, Жер астында қалады-ау.   Қырғыз, қазақ, Абақ, Тарақ – Ардақты елім қалады-ау. Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Керей, Уақ қалады-ау. Әлім, Адай, Жағалбайлы – Саңлақты елім қалады-ау. Алшын, Жаппас, Тама, Табын – Жан-жақты елім қалады-ау.   Албан, Суан, бірге туған Қалың Дулат қалады-ау. Шапырашты, Ысты, Ошақты, Сары үйсінім қалады-ау. Ботпай, Шымыр, Сиқым, Жаныс – Бауырларым қалады-ау. Жарлықамыс, Қасқарауым, Ораз, Бұхар қалады-ау. Солтангелді, Бөкен бауырым, Сати-Боти қалады-ау. Сыбаға алып, есіне алып, Қай бауырым барады-ау.   Жарым, балам, іні-аға, Жора-жолдас қалады-ау. Ақ домбырам, қағаз-қалам Серік болған қалады-ау. Қимас достар, тең құрдастар, Кәрі-жастар қалады-ау. Бірге жүрген, ойнап-күлген Замандастар қалады-ау.   Қала-дала, сай мен сала, Жүрген жерлер қалады-ау. Тау мен тастар, тартқан көкпар, Әріптестер қалады-ау. Сыңғыр қаққан, сырын айтқан Күміс бұлақ қалады-ау. Жалғыздығың, шықпас үнің Тап сол жерде болады-ау. Әңгімелескен Болат Бодаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері