фото: «АЭС Шүлбі ГЭС» АҚ фотомұрағат
Шүлбі СЭС Семей қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан және Ертіс каскадындағы су электр станцияларының үшінші буыны саналады. Орнатылған қуаты — 702 МВт. Бұл көрсеткіш бойынша ол Қазақстандағы ең ірі су электр станциясы болып қала береді. Алайда басты құндылық — станцияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған адамдар.
Станция құрылысы 1976 жылы басталып, 1987 жылы алғашқы гидроагрегат іске қосылды. Осы уақыттан бастап Шүлбі СЭС энергетикалық инфрақұрылым нысанымен қатар, кәсіби әулеттер қалыптасқан, тәжірибе мен білім сабақтастығы орныққан еңбек ордасына айналды. Қазіргі таңда мұнда 204 қызметкер еңбек етеді.

Ұжымның негізін гидроагрегат машинистері, электрмонтерлер, жабдық жөндеу слесарьлары, инженерлер, еңбек қауіпсіздігі және автокөлік қызметінің мамандары құрайды. Олар күрделі жабдықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, техникалық параметрлерді бақылайды, жоспарлы және апаттық жөндеу жұмыстарын жүргізеді, қауіпсіздік пен экологиялық талаптардың сақталуына жауап береді.
Шүлбі СЭС-тегі жұмысшы мамандық — тек міндет атқару емес, жоғары жауапкершілік пен тұрақты кәсіби дамуды талап ететін еңбек. Қызметкерлер жүйелі түрде оқудан өтіп, нұсқамалар мен аттестациядан өтеді, жаңа технологияларды меңгереді. Өндірісте қауіпсіздік мәдениетіне ерекше мән берілген: заманауи еңбекті қорғау жүйелері енгізіліп, нөлдік жарақаттануға бағытталған Vision Zero тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері мен электронды медициналық тексерулер қолданылуда.
Бүгінде Шүлбі су электр станциясы дамуын жалғастырып, жабдықтарды жаңғыртып, экологиялық және цифрлық шешімдерді енгізуде. Бұл ретте ең басты қағида — жұмысшы мамандыққа және күн сайын станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін адамдарға деген құрмет сақталады.
Жұмысшы мамандықтар жылы тағы бір мәрте еске салады: сенімді энергетика есеп пен мегаватттан емес, өз ісіне адал адамдардан басталады. Дәл осындай мамандардың еңбегі Шүлбі СЭС-тің және ел энергетикасының тірегі болып отыр.