07 Қазан, 2016

Бүлдіргілерді заң бұғаулайды

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Көптеген заңнамаларға экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарды жетілдіру мәселелерін қарастырған өзгерістер енгізу  жөніндегі заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Осыған орай біз депутаттар Қуаныш СҰЛТАНОВ пен Мәулен ӘШІМБАЕВТАН қысқа сұхбат алған едік.  – Қуаныш Сұлтанұлы, алдымен сіздің пікіріңізді білсек. Бұл өзгер­тулердің маңызы қандай? – Біріншіден, заң жобасына өзгер­тулер мен толықтырулар қазіргі заман­ның сын-тегеуріндеріне жауап бе­ру, еліміздің қауіпсіздігін күшейту мақ­сатында Елбасының тікелей тапсыр­масымен ұсынылып отыр. Екіншіден, заң жобасында экстремизм және тер­роризмнің алдын алу мақсатында қару-жарақ сақтау, сату орындарының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша, тағы да басқа талаптар мен жауап­кер­шіліктерді күшейту қарас­тырыл­ған. Бұл өте керекті өзгерістер деп санаймын. Себебі, Ақтөбе, Ал­маты қалаларында болған қайғылы оқи­ғаның қайталануына жол бермеуі­мізді қарастырғанымыз  абзал.  Жобада экстремизм мен терроризмді насихат­та­ғаны, шетелдердегі халықаралық тер­рористік ұйымдарға, қарулы қақты­ғыс­­тарға катысқаны үшін жазалау шаралары күшейтілген. Сонымен қатар, экстремизм және терроризмнің салдарымен, осы әрекетке барған адамдарды жазалаумен ғана емес, оның алдын алу, профилактикалық, болдырмау шараларына да айрықша мән беру маңызды деп есептеймін. – Бүгінгі терроризм мен экстре­мизмнің ерекшеліктері заң жобасында ескерілген бе? – Қазір экстремизм, терроризм дүние­жүзілік, ғаламдық қайшылықтарды ушықтырып, жас ұрпақ санасына бас­қыншылықпен ендеп келе жатқан идеологиялық құбылысқа айналды. Тікелей адам құқығына, қоғам өміріне қауіп тудырып, екпіндеп келеді. Адамға қастандық жасауда терроршылар дінді жамылатын мысалдар көбейіп барады. Бүкіл дүниежүзінде жас ұрпақ санасы, олардың дүниетанымдары үшін ымырасыз күрес жүріп жатыр.  Интернет, электрондық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жастардың санасына дамылсыз жағымды да, жағымсыз да ақпарат төгілуде. Көп жағдайда жағымдылары жай хабарлама ретінде беріледі. Ал жағымсыздары ашық үгіт, насихат, жымысқы бауырмалдық, жарыл­қаушылық түрінде, сананы улау мақ­сатында ұсынылады. Бұл құбылыстардың  қитұрқылығынан хабары жоқ бейкүнә жастар ондайға сенім­мен қарайды. Жастардың  санасын алдау, арбау арқылы өз дегеніне бейімдеу ба­сым. Жас ұрпақты осы адасу жолынан сақтап қалуға мемлекеттік аппарат, «Нұр Отан» партиясының мүмкіндігі мен қабілетін барынша ашып,  нақты бел­сенді шаралар жүргізу күн тәртібінде тұр. Міне, осы бағыттар екінші оқы­лымда ескеріліп және болашақ заңдары­мызды күшейту арқылы азаматтық қоғамның санасы мен сапасына оң ықпал ету жолдарын  қамти аламыз. – Мәулен Сағатханұлы, терроризм туралы сіз не айтар едіңіз? Заң жо­басы оны құрықтауға мүмкіндік бере ме?  – Соңғы 15 жылда әлемде 61 мың террорлық акт тіркеліп, олар 140 мың­нан артық адамның өмірін қиған. Өкі­нішке қарай, бұл нәубет біздің елімізге де жетті. Ақтөбе мен Алматы оқиғалары Үкіметтен терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейтуді талап етіп отыр. Бүгінгі мақұлданған заң жобасы осы міндетті іске асыруға арналған. Ол  терроризмге қарсы нақты әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді. Мәжілістің бұл заң жобасын талқылауға қоғамның барлық топтарын қатыстыруы өте дұрыс және дәл уақытында болған шешім деп есептеймін. Аталған заң жобасын талқылау – қоғам үшін аса зәру мәселе бойынша қабылданатын заңды азаматтық қоғамның барлық институттарын қатыстырып, ашық талқылаудың алғашқы үлгісі болды. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін бірден көрсетті. Талқыланған заң жобасының сапасы белгілі дәрежеге бірден жақсарды. Экстремизм мен терроризмге қарсы күресте халықаралық тәжірибені де ескерген жөн. Өйткені, біз әлемнен оқшауланған ел емеспіз ғой. Дүние­жүзінің көптеген елдері осындай проблемаларды бастан кешіп отыр. Сондықтан олардың озық тәжірибесі біз үшін қымбат. Біз осы заң жобасын ЕҚЫҰ-ның сараптау комиссиясына жіберіп, олардың бағасын күтіп отырмыз. Екінші оқылымға дейін халықаралық ұйымның заң жобасы туралы ұсыныстары мен пікірлері келіп қалар деген үміттеміз. – Әңгімелеріңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»