«Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөзді осы күні жиі еске алуға тура келіп тұр. Өйткені, мал аурулары көбейіп кетті, ал олардың адамға тарайтындары тіпті артып тұр. Өркениетті елдердің кейбірінде мүлде ұмытылған мал аурулары да бізден шығып жатқанына кейде шошынып қаламыз. Осыған Елбасы Н.Назарбаев та қатты назар аударып, үстіміздегі жылғы 9 қыркүйекте Ақордада болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық облыс әкімдеріне ветеринарлық қызметтердің проблемаларын шешу туралы нақты тапсырма берген еді.
Кезінде нақты өкілеттіктерді шегендеу мақсатымен барлық облыстарда мал дәрігерлік басқармалар немесе бөлімдер құрылды. Ал аудандарда ол әкімдіктің жанындағы ветеринария бөлімдері деп аталды. Сонымен қатар, мал аурулары таралуының алдын алу, ветеринарлық жұмыстардың өндірістік-шаруашылық әрекеттерін іске асыру үшін аудандық деңгейде 200 коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорын (аудандық ветеринарлық станса) және 2341 ветеринарлық бекет құрылған.
Осы қызметтердің нәтижелі болуы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен трансферт ретінде бөлінетін қаражат жергілікті жерде тиімді пайдаланылмай отыр. Оның негізгі бөлігі мал ауруларының алдын алуға жасалатын профилактикалық шараларға емес, ғимаратты сақтау немесе жалдау шығындары мен еңбекақыларға жұмсалады. Оның үстіне 35-55 мың теңге аралығынан аспайтын жергілікті мал дәрігерінің еңбекақысы халыққа ветеринарлық қызметті жоғары деңгейде жасауға ынталандырмайды. Мұндай еңбекақы үшін тұрғындар арасында мал ауруларына қарсы егу немесе емдеу шараларын атқару сияқты мазасыз әрі қиын жұмыстарды ешкім де атқарғысы келмейді.
Осының кесірінен аудандық ветстансалар мен ветбекеттерде мал дәрігері маманының вакансиясы бос тұрады. Оған бөлінетін қаражатты жергілікті басшылық басқа қызметтерге бөліп беріп жататын жағдайлар да жиі кездеседі. Тағы бір айта кететін жайт, қазір мал дәрігері мамандарының да дайындалуы төмен, қазір еңбек етіп жүргендердің негізгі бөлігі кеңес уақытында білім алғандар.
Міне, осындай келеңсіздіктер елдегі эпизоотикалық және эпидемиологиялық жағдайды күрделендіріп жіберіп отыр. Үстіміздегі жылы елімізде аса қауіпті мал ауруларының 95 ошағының тіркелгені соның айғағы. Тұрғындар арасында 4 адам малдан жұққан құтырудан, 3 адам түйнемеден (сибирская язва) қайтыс болды. Соңғы кесел 17 жерден шыққан.
Осы аурулардың шығу төркінін зерттеу барысында мал арасындағы топалаңға қарсы вакцинация жүргізудің кемшіндігі, ветеринарлық препараттардың дұрыс сақталмайтындығы, сау малдардың ауру ошақтары жойылмаған жайылымға бағылатындығы, өлген малдардың өлексесін ауру тарамайтындай етіп жою әдістері қолданылмайтындығы анықталды. Ал мал санының жыл сайын өсіп келе жатқаны, оның өнімдерін экспортқа шығарудың артуы, халықаралық нарыққа шығудың өсуі – осының бәрі ауылдық елді мекендерде ветеринарлық шараларды жоғары білікті мамандардың жүргізуін талап етеді. Осының бәрін қорытындылай келіп мен Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына төмендегідей талап қойылған депутаттық сауал жолдадым:
– Жергілікті атқарушы органдардың мал дәрігерлік жұмысын жетілдіру;
– Ветстансалар мен ветбекеттерді ұстауға қосымша қаражат бөлу және оларды арнайы орындармен қамтамасыз ету; мал дәрігерлерінің еңбекақысын бюджеттен еңбекақы алатын мемлекеттік қызметкерлердікімен теңестіру;
– Ветеринарлық бөлімдердің штаттық құрылымын мал саны мен ветеринарлық-профилактикалық жұмыстардың аумағына қарай белгілеу және бір маманның атқаратын жүктемелік нормасын анықтау;
– мал дәрігерлерінің білімін жетілдірудің тегін курстарын ұйымдастыру;
– ЖОО-ларда мал дәрігерлерінің гранттарының санын арттыру және олардың шаруашылық құрылымдарында тәжірибеден өтуін ұйымдастыру.
Міне, осы шаралар орындалса еліміздегі эпизоотикалық және эпидемиологиялық ахуал жақсарған болар еді. Менің депутаттық сауалымды қолдап, бірнеше әріптестерім де қол қойды. Үкімет басшысы біздің талабымызды орындар деген үміттеміз.
Құралай ҚАРЕКЕН,
Мәжіліс депутаты