07 Қазан, 2016

Ауызсу құбырлары аяқсыз қалып тұр

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өңірімізге іссапармен барып, сайлау­шыларымен кездескен кезде, халықтың көтерген өзекті мәселелерінің бірі күн­делікті қажетті ауыз су болды. Көптеген елді мекендер ауыз су тапшылығын көріп жатқандарын айтқан болатын. Атап айт­қанда, Қызылорда облысы Шиелі ауданында жобалық құны 4 млрд 167 млн теңге болатын «Жиделі топтық су құбырының №5 көтеру-сорғы стансасынан Жөлек елді мекеніне дейінгі су құбыры және оған қосылу тармақтарының, бас су өткізгіш ғи­ма­раттары мен елді мекендердің қыс­тақ­ішілік желілерінің құрылысы» жұмыс жобасын қаржыландыруға Үкімет 2013 жылғы 29 наурыздағы «2013 жылға арнал­ған республикалық бюджеттің көрсет­кіш­терін түзету»  туралы №312 қаулы­сымен 2013 жылға 1244,0 млн қаржы жос­пар­ланған. Сондай-ақ, «2014 жылға арнал­ған республикалық бюджеттің көрсет­кіштерін түзету және «2014-2016 жылдарға ар­нал­ған республикалық бюджет туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Үкіметтің 2013 жылғы 12 жел­тоқсандағы №1329 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 1 сәуірдегі №293 каулысымен: 2014 жылға – 1 123 050 мың теңге, 2015 жылға 1500,324 мың теңге қаржы қа­рау жоспарланған. Осы жоспармен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ре­сурстары комитетінің тапсырысымен 2015 жылдың соңына дейін 8 елді мекен бойынша ауыз су жүйесі толық жүргі­зіліп,  пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, комитет тарапынан жүйелі жұмыс жүр­гізбеу салдарынан әлі күнге ауыз су нысан­дарының құрылысы аяқталар емес. 2013 жылы қаралған 1244,0 млн теңге қаржы­ның 40,5 млн теңгесі ғана игерілсе, 2014 жылы 1123,0 млн теңгенің 982,0 млн теңгесі игерілген. Сондай-ақ, 2015 жы­лы қаралған 992,8 млн теңге қаржының бел­гісіз себеппен 610,0 млн теңгесі кері қайтарып алынып, 382,8 млн теңгесі ғана иге­рілген. Ағымдағы жылға ешқандай қар­жы қарастырылмаған. Атқарылған жұмыс­тар бойынша 8 елді мекеннің бүгінгі күнге бір ғана Алғабас елді мекенінде ішкі су құбы­ры толық жүргізілген, алайда нысан пайда­ла­нуға қабылданбаған. 2015 жылдан бері пайдалануға беруге әзір тұрған Алма­лы, Тәжібаев елді мекендеріндегі Жиделі топтық су құбырынан су тасымалдаушы тармағы мен бас су қоймасының құ­рылысы бітпеген. Бидайкөл елді мекенінде ішкі су желісінің құрылысы аяқталмаған, пайдалануға беруге жарамсыз. Досбол би елді мекенінде бас су қабылдау қоймасы мен ішкі су құбырының құрылысы 2014 жылы басталып, жартылай жүргізілген күйде жатыр, 2015-2016 жылға ешқандай құрылыс жұ­мыстары жүргізілген жоқ. Талаптан, Бәйге­құм, Жөлек елді мекендерінде су жүйе­леріне осы уақытқа дейін құрылыс жұмысы басталған жоқ. Жүргізілген су жүйе­сінің пайдалануға берілмеуінен құры­лыс материалдардың талан-таражға түсіп кетуі мүмкін. Бастапқы құны 4,167 млн теңге құрайтын жобаның бүгін­гі күнге 1,4 млрд теңге қаржысы ғана иге­ріліп, ат­қа­рылған жұмыстар сапасыз болып отыр. Бұл 8 елді мекендегі 18,6 мың халықтың заңды ренішін, ашу-ызасын тудырса, екінші жағы­нан мемлекеттік бағ­дарламаның орын­дал­­мауына, бюджет қар­жысының қайта­рым бермеуіне әкеліп соқ­тыруда. Қызыл­ор­да облыстық, Шиелі ау­дандық әкім­ші­ліктер тарапынан Су ресурстары коми­те­­тіне бірнеше рет құрылысты қар­жы­лан­дыру мен жүйеге келтіру жайлы мәсе­­ле көтеріп, хат жолданғанымен еш нәти­же жоқ. Осы мәселелерді айтып, мен Үкімет бас­шысы Б.Сағынтаевтың атына депу­тат­тық сауал жолдадым. Ендігі бар үміт Премьер-Министрде. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты