Кеше Парламент Сенаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өзінің кезекті жалпы отырысын өткізіп, еліміздің басты қаржылық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарды қабылдады.
Мәжіліс мақұлдаған бұл заңдар Ұлттық қордан 2016-2018 жылдарға бөлінетін кепілдендірілген трансферт және 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдарға өзгеріс енгізетін заң жобалары еді.
Жалпы отырысты ашқан Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылып отырған заң жобалары Елбасының тапсырмаларын қаржылық жағынан қамтамасыз етуді көздейтінін айта келіп, олар бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, бірге қарауды ұсынды.
Сөйтіп, заң жобалары бойынша Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Олег Смоляков
баяндамаларын екі заң жобасы бойынша бір-ақ жасады.
Қ.Бишімбаев, Б.Сұлтанов және О.Смоляков бюджет кірістерінің күтіліп отырған асыра орындалуын ескеріп, Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу мақсатында 2016 жылға одан республикалық бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансферт мөлшері 2 880,0 миллиард теңгеден 2 479,7 миллиард теңгеге дейін азайтылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндады. Олар макроэкономикалық көрсеткіштерді нақтылау және 2016 жылғы алты айдағы іс жүзіндегі түсімдерді есептеу республикалық бюджет кірістерін қайта қарауға негіз болғанын айтты. Кірістердің нақты болжамы (трансферттер түсімін қоспағанда) 2016 жылы 4 200,2 миллиард теңге сомасында белгіленіп, бұл жоспардан 834,9 миллиард теңгеге артық болған. Ал шығыстар 2016 жылы 379,9 миллиард теңге өсімімен 8 646,7 миллиард теңге сомасында көзделіп отыр. Экономикалық өсуді ынталандыру шараларын іске асыруға – 283,4 миллиард теңге, еліміздің қауіпсіздік деңгейін көтеруге – 70,2 миллиард теңге және түрлі жобалар бойынша міндеттемелерді орындауға 136,4 миллиард теңге бюджеттен қосымша бөлінетін болады.
Бюджет тапшылығы 2016 жылы бұрынғы деңгейде қалады және ол 902,7 миллиард теңгені немесе Ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын құрайды.
Баяндамалардан соң сұрақ беру рәсімі басталды. Сенатор Сергей Ершов жылдың аяқталуына 3 айға ғана жақын уақыт қалғанда бюджет шығыстарын 380 млрд теңгеге көтеріп отырғанымыз дұрыс па, мемлекеттік органдар аз уақытта осынша қаражатты игере ала ма деген сұрақты Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа қойды. Оған министр министрліктердің бөлінген қаражаттарды игере алатындығына мониториг жасау арқылы көз жеткіздік, деп жауап берді. Сенатор Дулат Құсдәулетов сұрақтарын Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа арнады. Соңғы бес жылда бюджет кірістерінің көлемін Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің есебінен ұлғайтып көрсету орын алып келеді. Мәселен, 2016 жылы барлық кірістің 42 пайызы трансферттің есебінен болып отыр. Бұл Үкіметтің тиімді жұмысын көрсетпейді, Ұлттық қордың қаражатын осылай жұмсай беретін болсақ, оны азайтып алмаймыз ба деді ол. Екінші сұрағында ол Ұлттық қор қаражатының 2015 жылдың қорытындысы бойынша өсімі теріс сальдо беріп, 2,44 пайыз болғанын айтты. Осыны түзетіп, түсімді өсірудің нақты шаралары жасалды ма, деп сұрады Д.Құсдәулетов.
Ұлттық экономика министрі мұнайдың әлемдік бағасы құлдырап кеткендігінен бюджет кірісіне Ұлттық қордан қаражат алынып отырғанын айтты. Министр осы жылдың аяғына дейін Президентке Ұлттық қордың қаражатын тиімді қолдану бойынша жаңа тұжырым ұсынылатынын жеткізді. Онда Қор қаражатын қалай өсірудің өзіміз анықтаған тиімді жолдары көрсетілетін болады, деді ол. Сенатор Манап Көбенов ауыл шаруашылығы өнімдерінің кірісі ІЖӨ-нің қанша пайызын құрайтынын және мемлекеттік астық резервінің көлемінің қанша екенін сұрады. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жауап беріп, мемлекеттік астық резервінің көлемі 500 мың тонна екендігін, оны жаңалау, жаңғырту жұмыстары бюджеттің есебінен емес, Азық-түлік корпорациясы коммерциялық қызметінің есебінен жүргізілетінін жеткізді.
Бұдан әрі сенаторлар С.Біләлов, Б.Әйтімова, С.Еңсегенов және т.б. өздерін толғандырған сұрақтарды қойды.
Заң жобасын талқылауға да сенаторлар белсенді қатысып, Үкімет мүшелерінің толыққа жуық құрамда қатысып отырғанын пайдаланып, елдің көптеген проблемалары туралы ойларын ортаға салды. Сенатор Елеусін Сағындықов Қаржы министрлігі үміттендіргенімен, бөлінген қосымша қаражаттардың тиімді жұмсалатынына күмән бар екенін айтты. Жылдың аяғына бір тоқсанға толмайтын ғана уақыт қалды, оның үстіне қаражатты игеруге жарияланатын конкурстар бұл уақытты екі есе азайтады. Қорыта айтқанда, бюджетті жылдың аяғында өзгерту оның қаражаттарының тиімді жұмсалуына деген тәуекелді арттыра түседі. Сонымен бірге, ол үкіметтің 150-ден артық функциясы бірнеше жыл бұрын жергілікті атқарушы органдарға берілгенін еске алды. Бірақ міндеттерді бергенімен бюджеттік қаржыландыру құқықтарын беруді «ұмытып кеттік». Сондықтан Елбасының өзі бұл мәселеге араласуына тура келіп отыр. Тіпті, Тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарында ҚҚС-тың 30 пайызын жұмсау құқы жергілікті билікке берілген еді. Соның арқасында қаншама жергілікті проблемалар шешілген болатын. Қазір неге сол тәжірибені қолданбасқа, деді ол.
Сенатор Әли Бектаев шағын және орта бизнестің дамымай отырғанына назар аударды. Оның біздің экономикадағы үлесі 25,6 пайыз ғана, ал Жапонияда ол – 56, Германия мен Францияда – 58, Қытайда – 64 пайыз. Соңғы үш жылда ғана ШОБ-ты қолдау үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Олардың қаржылық әрекеттерін тексеруге мораторийлер жарияланды. Бірақ бәрібір ШОБ-тың тынысы ашылды деп айта алмаймыз. Оны дамытпай отырған кедергілердің бірі – екінші деңгейдегі банктердің әрекеттері болып отыр. Олардың кәсіпкерлерге қоятын талаптары өте ауыр, қағазбастылық көп, жалпы, олар бюрократтық машинаға айналған, дей келіп бірнеше мысалдар келтірді. Біздің ойымызша банктердің несие портфелі нақты экономикаға жұмыс істеп жатқан жоқ. Олар Ұлттық қордың қаржысын пайдаланып қана өздерінің көрсеткіштерін жақсартып отыр. Ал ШОБ-ты несиелендіру үлесі 32,4 пайызды ғана құрайды, деді ол.
Осындай өткір талқылаулардан кейін бюджетті нақтылайтын заң жобалары қабылданды. Осы мәселелерді қарастыруды Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев былай деп қорытты: «Бүгінгі қабылданған заңдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Үкімет алдағы уақытта заңдарға енгізілген өзгерістерге сәйкес тиісті шараларды орындайды және депутаттар айтқан ұсыныстарды ескереді деп сенеміз».
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң сенатор С.Ақылбай еліміздің Премьер-Министрінің атына өзінің депутаттық сауалын жолдады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»