08 Қазан, 2016

Он жыл жұлдызы жарқыраған

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
07-10-16-saryarka-1«Сарыарқа» хоккей клубы маусымды жеңіспен бастады Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубына биыл 10 жыл толды. Өзінің алғашқы мерейтойын «Қарағанды-Арена» мұз ай­ды­нын­да атап өткен кенші­лер ко­мандасы­ның қуанышына Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары, Қазақ­стан хоккей федерациясы­ның пре­зи­денті Асқар Мамин арнайы кел­ді. Салтанатты шарада мәрте­белі мейман ұжымды құттықтап, жаңа биіктерді бағындыра беруге тілектес­­тік білдірді. Спорттық мерекелік шара аяқ­­­талған соң қарағандылық шебер­­лер Бүкілресейлік ашық тур­­нир – «Жоғары хоккей лигасы чем­­пионатының» 2016/2017 жыл­дардағы маусымының алғаш­қы ойы­нын Мәскеу түбіндегі Балашиха қала­сының «Динамо» клубымен өткізді. Бұл матчта айдын иелері күшті тегеурін танытып, қонақтарды 3:1 есебі­мен тізе бүктірді. «Сарыарқа» хоккей клубы 2006 жылы Қара­ған­­ды об­лысының сол кездегі әкімі, Қазақстан Пар­ла­менті Мәжілісінің қазіргі таңдағы Төрағасы Нұр­лан Нығматулиннің мұрындық болуы­мен құрыл­ған еді. Өзінің ал­ғаш­қы маусы­мын­да-ақ кенші­лер командасы  Бүкілресейлік доданың «Сібір-Қиыр Шығыс» дивизио­нын­да үшінші орын алып, маман­дарды таңдай қақтырған болатын. Сонымен бірге, жас ұжым Ресей біріншілігінен бөлек, Қазақ­станның ішкі чемпионатында да өнер көрсетті. 2009 жылы Қазақ­стан Президентінің бастамасы бойын­ша ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден тұңғыш рет толыққанды ел чемпионаты ұйымдастырылып, сол турнирде «Сарыарқа» жасағы алтын медальды жеңіп алды. 2011 жылдың 1 желтоқсанын­да Қарағанды командасы Ресей­дің Жоғары хоккей лигасында (ЖХЛ) ойнауға өтінім түсірді. Келе­сі жылы тілек орындалып, «Сарыарқа» аталған турнирде өнер көрсете бастады. ЖХЛ-дағы алғашқы мау­сы­мын­да қарағандылық хок­кей­ші­лердің толайым табысқа қол жет­кізгенін де айта кету керек. Команда 2012 жылдың 31 қазаны­нан 2013 жылдың 14 қаңтарына дейін­гі аралықта тұрақты чемпионат­тағы 23 матчта қатарынан жеңіске жетіп, лиганың рекордын жасад­ы. Ал келесі 2013/2014 жылдарда­ғы мау­­сымда тағы да таңғаларлық нәти­­жеге қол жеткізіп, «Братина» Кубо­гының плей-офф ойындарында қатарынан 12 рет жеңіс тойын тойлады. Сөйтіп, тағы да рекорд жаңартты. Сол жолы  ұжым шешуші кезең ойындарының бар­лы­ғында қарсыластарынан басым түсіп, финалға жолдама алды. Ақтық айқаста Арқа хоккейшілері Түменнің «Рубин» командасын ұтып, өз тарихында тұңғыш рет Жо­ға­ры хоккей лигасының бас жүл­десі – «Братина» Кубогын жеңіп алды. Жалпы, «Сарыарқаның» табысын клубтың директоры Арғын Нығматулиннің есімімен тығыз байланыстырған жөн. Команда құрамын кәсіби шеберлігі жоғары хоккейшілермен жасақтап, ұжым­ға қолынан іс келетін білікті жаттық­тырушыларды тарта білетін бас­шының ұйымдастырушылық қабілетін бұл күнде мамандардың барлығы мойындайды. «Сарыарқа» алға сілтеген сайын жергілікті спортсүйер қауымның  хоккейге деген қызығушылығы артып келеді. Мысалы, былтырғы маусымда қарағандылық ұжымның өз мұз айдынындағы әрбір ойы­нын орта есеппен бес мыңға жуық жанкүйер тамашалаған. Бұл – Жоғары хоккей лиг­асын­дағы ең үздік көрсеткіш. Міне, жерлестерінің осындай жан-жақты қолдауына арқа сүйеген Арқа хоккейшілері биыл да сенімнің үдесінен шығамыз деп уәде беріп отыр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ