Кеше «Қазпошта» акционерлік қоғамының Астана және Алматы филиалдарында кезекті мерзімді баспасөзге жазылу науқанына арналған акциялық шаралар өтті.
Астана. Жыл сайын «Қазпошта» АҚ Астана филиалы мерзімді басылымдардың өкілдері мен қалалық оқырмандардың арасында баспасөзге жазылу күнін өткізеді. Бұл күні оқырмандар өздерінің сүйікті газет-журналдарына жеңілдікпен жазылып, редакция өкілдеріне сауалдарын қойып, акциялық шара барысында жылы лебіздерін арнап, өлең шумақтарын оқып мәре-сәре болып қалады. Кеше де еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» бастаған «Казахстанская правда», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана», «Қазақстан кәсіподағы», «Сән мен сахна», «Қазақ газеттері» ЖШС-ына қарасты басылымдар, басқа да бірқатар елге белгілі газет-журналдардың редакциялары елордадағы пошта ғимаратында өз тауарларын оқырмандарға ұсынды.
Келушілерге шараның мән-маңызы жайлы баяндаған «Қазпошта» АҚ Астана филиалының директоры Сәуле Әбілбаева оқырмандар мен редакция қызметкерлерін баспасөзге жазылу күнімен және 9 қазан Дүниежүзілік пошта күнімен құттықтады. «Біздің филиалдың бұл жолғы жаңалығы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының көмегімен орталық операциялық учаскенің жаңғыртылуын атап өткім келеді. Көріп отырсыздар, пошталық қызмет, қаржылық қызмет көрсету залдары түгелімен жаңғыртылды. Сәлем-сауқат (посылка) супермаркеті ашылды. Енді тұрғындарымыз сәлемдемелерді жіберуде де, қабылдап алуда да бұрынғыдай кезекке тұрып әуре болмайды және оператордың қызметінсіз өз шаруаларын атқара береді. Сондай-ақ, бұл зал кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Сөйтіп, пошта қызметі түгелдей тұтынушылардың сұранысына негізделуде» – деді филиал директоры. Ол қазіргі күні қалалық оқырмандардың мерзімді баспасөзге жазылу деңгейі қаншалықты деген журналистер сауалына «аз да емес, көп те емес» деп жауап бере отырып, күнделікті шаруасын таңертеңгі сағат сегізде газет сатып алудан бастайтын оқырмандардың бар екенін, пошта филиалы жөндеуге жабылған кезде олар әжептәуір наразылық танытқанын да атап өтті.
Алматы. «Бас поштаның операциялар залында Алматыдан шығатын барлық басылымдар арнайы сөрелерге қойылып, жазылушылар үшін үш кассада бөлшек сауда тәртібіне орай оператор қыздар тоқтаусыз жұмыс істеді. Сөйтіп, 2017 жылдың газет-журналдарына ресми түрде жазылу басталды. Айтулы шараны құттықтау сөз сөйлеп ашқан «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары А. Момынов «Биылғы баспасөзге жазылу науқаны Дүниежүзілік пошта күнімен орайлас келді. «Қазпошта» қай кезде де халық пен басылымдар арасында алтын көпір болғанын мәртебе санайды» деді.
Ел газеті «Егеменге» алғашқы жазылған Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Әбсаттар Науатов болды. Кезінде Шардара су қоймасын салған Қазақстанның құрметті гидротехник-инженері бізбен әңгімесінде басылыммен сонау «Социалистік Қазақстан» аталған кезінен жақсы таныс әрі ұдайы оқырманы болып келетінін тебірене еске алды.
«Егемен Қазақстан» газетіне жазылудың кезегіне тұрған екінші оқырманымыз – ақтаулық кәсіпкер, байырғы мұнайшы-инженер Серік Мырзаханов болып шықты.
Нотариалды кеңсенің директоры Рахымжан Нұрбеков, үшінші жазылушы, «Егеменнің» соңғы айларда аса қызықты әрі газеттің пішімінің өзгергенін байқадым. Аға басылымға алдағы уақытта игілікті табыс тілеймін» деді ағынан жарылып.
«Егемен Қазақстан» газетіне алғашқы леппен жазылған үш оқырманымызға да редакция атынан арнайы сый-сыяпат жасалды.
Алматыда жылына бір рет өтетін баспасөзге жазылушылар күні 73 басылымды таңдаған 378 адам газет-журналға жазылды. Оның 27-сі «Егемен Қазақстан»! ––––––––––––
Суреттерде: 1. Астаналық оқырмандар «Егемен Қазақстан» газетіне қызығушылық танытуда.
- «Егеменге» алғашқы болып жазылған оқырмандарымыз (солдан оңға қарай) – Серік МЫРЗАХАНОВ (Ақтау), Әбсаттар НАУАТОВ және Рахымжан НҰРБЕКОВКЕ газеттің арнайы сыйлығы тапсырылды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ, Нұрманбет ҚИЗАТОВ