Біраз жылдардан бері талқыланып келе жатқан «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі жөніндегі мәселе шешуші сатыға ауысқан сияқты. Өйткені, осы аптада Бакуде Әзербайжанның Экономика министрі Шахин Мұстафаев Иранның Ішкі істер министрі Абдулрза Рахмани Фазлимен кездесіп, тараптар Решт-Астара теміржол магистралі бөлігінің құрылысын жүргізуге мүдделілік танытты.
Ал осы жылдың 4 қазанында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі хаттаманы бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының жарлығында Министрлер кабинетіне аталған ниеттестік туралы хаттаманың ережелерін орындау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Атап өтейік, теміржол жобасы бойынша негізгі уағдаластыққа Бакуде Әзербайжан, Ресей және Иран президенттерінің үшжақты саммиті кезінде қол жеткізілген.
Осы жобаға қатысты қорытынды құжатта Владимир Путин, Ильхам Әлиев және Хасан Рухани «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі Солтүстік Еуропаны Оңтүстік Азиямен жалғастыратынын атап өтті. Сондай-ақ, президенттер жобаны жүзеге асыру барысында оған Әзербайжан, Иран және Ресейдің темір жолдары да қосылатынына тоқталды. «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің бірінші кезеңінде жыл сайын 5 миллион тонна, ал болашақта жылына 10 миллион тонна жүк тасымалдау жоспарланып отыр.
Әзербайжан басшысы үшжақты саммитте сөйлеген сөзінде бұл жобаның басымдығын және ондағы Әзербайжанның рөлін атап өтті. «Әзербайжан – Иранмен және Ресеймен шекаралас мемлекет, – деп мәлімдеді И.Әлиев. – Ресей мен Әзербайжан арасында теміржол қатынасы бар. Биылғы жылы біз Әзербайжан тарапы өзінің темір жолын Иранның шекарасына дейін жеткізу жөнінде шешім қабылдады. Жақын айларда сол шешім орындалады деген үміттеміз».
Мамандар «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің басты артықшылығы, ол жоғарыда аталған үш мемлекеттің аумағы арқылы өтетіндігінде және Әзербайжан аумағы арқылы Мәскеу мен Иранның Бендер-Аббас портын жалғастыратын ең қысқа жол болып табылатындығын айтады. Сонымен бірге, бұл жоба бірнеше кезеңде жүзеге асырылады және бірнеше дәлізді бірден дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде тараптар Решт-Астара бөлігіне теміржол төсеу жобасын іске асыруға уағдаласты. Жалпы, бұл жоба бойынша ұзындығы 8,3 шақырымды құрайтын Әзербайжанның «Астара» стансасынан Астарачай өзеніне дейінгі учаскеде құрылыс жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Географиялық орналасу жағдайында өзіндік орын алатын Әзербайжан үшін бұл көлік дәлізінің ерекшелігі жоғары. Бүгінде Әзербайжан өз аумағында да, Иран мен Грузия елдерінің аумағында да теміржол құрылысын жаңғырту бойынша бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Мысалы, олар 2005-2009 жылдары жалпы көлемі 9 миллиард доллар болатын инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялады. Сондай-ақ, 2010-2015 жылдары аралығында автокөлік және теміржол магистралдары, оның ішінде «Баку» порты құрылысын жаңғыртуға 13 миллиард доллар жұмсады.
Соңғы жылдары Әзербайжан мен Иран арасындағы байланыс айтарлықтай кеңейіп келеді, екіжақты сауда айналымы да арта түсуде. Мәліметтерге қарағанда, 2016 жылдың қаңтар-тамыз айлары кезеңінде екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 65 пайызға артып, 122,08 миллион манатты құрады. «Солтүстік-Оңтүстік» теміржол дәлізі Әзербайжанның сыртқы экономикалық байланыстарын нығайтуға да айтарлықтай ықпал етеді.
Солтүстік Еуропаны Үндістанмен және Парсы шығанағындағы елдермен жалғастыратын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі жобасының ұзындығы – 7200 шақырым. Ал бұл жоба Әзербайжан, Ресей және Иран басшыларының негізгі бастамаларының бірі болып табылады. Жобаның артықшылығы – жүк тасымалдау қашықтығын бұрынғыға қарағанда екі есеге қысқартатынында жатыр.
Руслан Ізімов,
Саясаттанушы