08 Қазан, 2016

Өзара ынтымақтастық өрісі

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
1middСыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Лондонға екі күндік жұмыс сапары аясында ұлыбританиялық әріптесі Борис Джонсонмен бірге Қазақ-британ стратегиялық диалог бойынша кездесу өткізіп, алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің Ұлыбритания ұлттық павильоны жобасының таныстырылымына қатысты. Форин-офистегі кездесуде Е.Ыды­рысов пен Б.Джонсон Қа­зақстан мен Ұлыбритания ара­сын­дағы ынтымақтастықтың екі­жақты және көп­жақты негізгі қыр­ларын талқылады. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша да пікір алыс­ты. Солардың ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануы да сөз болды. Кездесуде қозғалған мәселелердің ішінде Си­рия мен Ауғанстандағы жағдай, Украинадағы ахуалды реттеу бойынша Минск уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелері, лаңкестікке қарсы қимыл, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық және басқа да тақырыптар қамтылды. Сыртқы саяси ведомстволар бас­шы­­­ларының келіссөзі барысында екі елдің экономикалық және саяси ын­тымақтастықтың даму серпіні, Ас­тана мен Лондон арасындағы стра­тегиялық әріптестіктің өсу деңгейі атап өтілді. Соның бір дәлелі ретінде Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания Пре­мьер-министрі Тереза Мэймен жақында Ханчжоу қаласындағы (ҚХР) «үлкен жиырмалық» саммиті шеңберіндегі кездесуін айтуға болады. Сондай-ақ, дипломаттар Қазақстан Президентінің өткен жылғы қараша айындағы Лон­донға ресми сапары кезінде қол жет­кізілген уағдаластықтардың жүзеге асу барысын талқылады. Келіссөздер қорытындысы бо­­­­йын­­­ша, екі елдің министрлері бір­лескен мәлімдеме қабылдап, онда жоғары деңгейде байланыс орнатуды қуаттап, екіжақты ынтымақтастыққа сәйкес барлық бағыттар бойынша қа­тынастарды дамытуға қызығу­шылық танытылды. Бейсенбі күні Е.Ыдырысов Ас­танадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне британдық ұлттық павильон жоба­сының тұсаукесеріне қатысты. Ұлы­британияның Халықаралық сауда министрлігінде өткен шараға Форин-офистің өкілдері, көрмеге қатысуға қызығушылық танытқан 20-ға жуық британ компаниясының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдері қатысты. Павильонның жобасын ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Ұлы­британия Комиссары Ч.Хендри және танымал британдық сәулетші А.Хан таныстырды. Сондай-ақ, кеше Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов  Қазақ­стан­мен ынтымақтастық жөніндегі Ұлыбритания Парламенті­нің лорд Мухаммед Шейх және Ұлыбритания Премьер-министрінің ұлттық қауіп­сіздік жөніндегі  кеңесшісі Марк Грант бастаған Бүкілпартиялық топ мүше­­лерімен  кездесті. Бұдан бөлек, сыртқы саяси ведомствоның басшысы  Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі экс-комиссары және Австрияның экс-сыртқы істер министрі Бенита Фер­реро-Вальднердің төрағалығымен  өт­кен Халықаралық қатынастар жө­ніндегі  Еуразиялық кеңестің отырысына қатысты. Парламенттегі кездесуде   екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша  сындарлы  пікір алмасулар болды.  Е.Ыдырысов  бри­­тандық парламентшілерді  елдегі  жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы  бес институттық реформа туралы, Қа­зақстан Президентінің  соңғы бейбіт бастамалары, соның ішінде «Әлем.ХХІ ғасыр»  Манифесінің мазмұны ту­ралы  хабардар етті. «Егемен-ақпарат»