08 Қазан, 2016

Рашад МАММАДОВ: Бауырластығымыздың діңгегі берік

321 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
07-10-16mammadov-foto-3Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген табыстарымыз жөнінде сөз қозғағанда еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды қадамдарға соқпай өте алмаймыз. Әсіресе, әлемге құшағын ашып, достық пейілін ұсынудан өзге ниеті жоқ Қазақстанның әлем елдерімен ынтымақтаса алға ұмтылуы көңілге жылылық ұялатады. Елімізбен тығыз байланыста келе жатқан сол мемлекеттердің арасында бауырлас Әзербайжан Республикасының орны бөлек. Осы орайда бүгін біз Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовпен әңгімелескен едік. – Рашад Эйнаддиноглы, Қа­зақ­стан-Әзербайжан қарым-қа­тынасы төңірегінде не айтасыз? – Екі елдің діні, шыққан тегі бір. Бұл біздің елдеріміздің құн­ды­лықтары, салт-дәстүрі, ғұрпы, таным-түсінігі, тарихы ортақ туыс­қан мемлекеттер екенін айғақ­тайды. Осындай туыстық жақын­дығы бар екі елді кезінде Ұлы Жібек жолы тығыз байланыстырып отырды. Ол мәдениеттің, экономиканың дамуына жол ашқан. Осы жолдың бойында не­бір қалалар бой түзеген, инфра­құ­рылым дамыған. ХХІ ғасыр­да да осы жол Қазақстан мен Әзер­бай­жанның дамуына ықпал етуі тиіс. Бұл бөлек әңгіме. Одан беріде Қазақстан мен Әзер­бай­жанның Кеңес Одағы құра­мында болуы да елдеріміз­дің өткен шақтағы қатынас­тары­ның бер белесі болып тарихта қалды. Ал бауырлас екі мем­лекет тәуелсіздігін алып, азат­тық­қа қол жеткізгеннен кейін өзара ын­ты­мақтастық ерекше қарқын­мен дамып, барыс-келіс артып, көңі­ліміз жайланды. Соны­мен қатар, елдеріміздің түрлі халық­аралық ұйымдар аясында да белсене әре­кеттесуі қос республиканы одан әрі жақындастыра түсті. Осы арада Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен 1993-2003 жылдар аралығында Әзе­рбайжан Президенті бол­ған Гайдар Әлиевтің өзара ынтымақ­тас­тықты нығайтудағы рөлін ай­рықша атап өтуге болады. Бұл жасампаздыққа негізделген әріп­тестік бүгінде заңды жалғасын тауып отыр. Бүгінде Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиев қос тарапты етене жа­қындастыра түсудің озық үлгісін көрсетуде. Бұл өз кезегінде бауыр­лас екі халықтың мәртебесін өсі­руде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда Қазақстан мен Әзербайжан түрлі салалар бойынша, әсіресе, сауда-экономикалық бағытта жо­ға­­ры деңгейге жетіп отыр. Екі арада ешқандай түсінбеушілік, түйт­к­ілді мәселе жоқ. Екі ел арасында экономикалық мәселелерді қарастыратын үкімет­аралық комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссия экономикалық тұр­ғыдағы ортақ мүдделерді талқы­лап, саралап, оңтайлы шешім қабылдануына ықпал етеді. – Қазақстан және Әзербайжан елдерінің сауда-саттық, экономика саласындағы әріптестігінің келешегі туралы айтсаңыз? – Қазіргі таңда екі ел де бар­лық жағынан жақсы дамып келеді. Қазақстан мен Әзербайжан арасында, әсіресе, көліктік тасымал, сауда-экономикалық қаты­нас­тар белсенді даму үстінде. Бұл бағыттардағы әріптестіктің келе­шегі өте зор. Бұған көптеген негіз­дерді алға тартуға болады. Мәселен, біздің елдеріміз жүк тасымалдау саласында өте жоғары деңгейде байланысуда. Тараптар тарихи Ұлы Жібек жолын заманауи талаптарға сай жаңғыртуды көздейді. Бұл екі елдің ортақ мүд­де­лерінің бірі. Оның үстіне, мұнай, инвес­тиция саласындағы ынты­мақтастық қарқынды дамуда. Темір жол, су жолы, автомо­биль жолы салаларындағы инфра­құрылымды өрістетуде жақсы жетістіктерге жеттік. Бұл екі ел­дің де экономикасына серпін бе­руде. Жалпы, Қазақстан мен Әзер­байжан Азия мен Еуропаны бай­ланыстыруда үлкен маңызға ие. Бұл біздің елдерімізге экономи­касын өрістетуге қосымша мүмкіндіктер береді. Қазіргі таңда Ақтау порты арқылы Еуропадан Азияға, Азия­дан Еуропаға жүк тасымалдануда. «Жезқазған – Бейнеу» темір жолы, «Құрық» порты бұл саланы одан әрі дамыта түсуге жол ашып отыр. Әзербайжан да өзінің жүк тасымалдау саласындағы инфра­құ­ры­лымдық жұмыстарын өз дең­гейінде орындауда. Қазақстан үшін Әзербайжан порттары арқылы Еуропаға шығу мүмкіндіктері мол. Бұл Қазақстанның дамуына қосымша серпін береді. Яғни, Қазақ­стан­нан Еуропаға, ол жақтан кері қарай жүк та­сымалдауға болады. Бұл өз кезегінде Әзербай­жанның да экономикасына пайда әкеледі. – Қазақстанда әзербайжан ұлтының өкілдері баршылық. Олардың бүгінгі тыныс-тір­ші­лігі туралы қандай пікірдесіз? – Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, Қа­зақстанда 120 мыңдай әзер­байжан ұлты­ның өкілі мамы­ра­жай тіршілік етуде. Олар елдің да­муына, өркендеп-өсуіне барша қа­зақ­стандықтармен бірге зор үлес қосуда. Соған сәйкес, олар Қазақ­стандағы игі істердің қызығын көріп отыр. Сондай-ақ, Қазақ­станда әзербайжан халқының салт-дәстүріне, тіліне, құндылық­тарына құрметпен қарап, оларды дамытуға жақсы жағдай жасал­ған. Бұл үрдіс өркенді елдің сипатын білдірсе керек. Жалпы, Қазақстандағы әзербайжандар екі елдің достығын нығайтуда маңызды рөл ойнайды. Осы орайда қос мемлекеттің арасындағы жолаушылар тасымалдау ісінің дұрыс жолға қойылғаны екі ел халқының барыс-келіс жасап, аралас-құраласта болуына кеңінен жол ашуда. – Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзер­байжан Республикасына ресми сапары болады деп күтілуде. Осыған тоқтала кетсеңіз. – Алла қаласа, таяу күндері Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжанға ресми сапармен бармақ. Сапар аясында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылады деп жос­парлануда. Бұл құжаттар екі елдің өзара ынтымағын жаңа сатыға көтереді әрі тың жобаларға жол ашады деп есептеймін. Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі күллі Түркі әлемінің қадірменді ақсақалы. Сондықтан Әзербайжан халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметпен қарайды, еңбегін жоғары бағалайды. Біздің президенттеріміз екі елдің дамуы­на қажетті саяси, эконо­микалық барлық шараларды қолдап, қуаттап келеді. Әсіре­се, соңғы жылдардағы байланыс­тар екі ел қатынастарының бола­ша­ғына үлкен сеніммен қаратады. – Сұхбатыңызға рахмет. Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»