26 Ақпан, 2011

Өмірі өрнекті, өнері өрісті

1877 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақ поэзиясында өлең өнерімен даңқ тұғырына көтерілген Ж.Жабаев­тың өнегелі өмірі мен өнерпаздық мұ­ра-мирастары кеңес дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдерде жан-жақты зерт­теліп, жеке жинақ, ұжымдық ең­бектер түрінде жарық көрді (“Жамбыл Жабаев твор­чествосы”, “Ж. Жабаев. Шы­ғар­мала­рының толық жинағы”, “Жыр алыбы” (естеліктер), “Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы ”, “Дастан ата” т.б). Жыр жұлдызы Жамбылдың дара да­рынға тән талант қуаты мен дана­лық мәйегі туралы ұстаздары мен тұс­тас­тары, көрнекті қаламгерлер мен әдебиет­танушы ғалымдар әр кез-ақ айтып, жазған-ды. Ақын-қай­раткер С. Сей­фул­лин: “Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қо­лына беру – біздің әрқай­сы­мыз­дың аза­маттық борышымыз” десе, академик-жазу­шы Ғ. Мүсірепов: “Жамбыл дүниеге екі ту­ып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл тол­ғатты. Бірінші туғанда – ана бесігінде өсті, екінші туғанда – Отан бесігінде өсті” дей келіп, жыр-дарияның бастау арнасы мен мың сан иіріміне де енеді, өлең-өнердің көр­кемдік құпиясына да ден қояды. Мағыналы өмірінің ширек ғасыр­дан астам бөлігін Ж.Жабаев шығар­машы­лы­ғына, оның ақындық мұрасын зерттеп, зерделеуге арнаған қоғам қай­рат­кері, әде­биеттанушы ғалым М.Жол­дасбеков: “Жам­былдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің ал­дындағы белгілі ақындардың өлең­де­рін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан баста­ла­ды. Жас ақын Жетісу елінің ертедегі сал­тымен бәдік, жа­ра­пазанды көп айтады, бірақ ол еш­қашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл-қалжың өлең­дерді көбі­рек шығарған. Жарапазанды сыл­тау­ра­тып жас ақын бірде әйгілі Сү­йінбай­дың ауылына келіп, Сүйекемнің үйі­нің сыртынан ат үстінде өлеңді ағы­тып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды. Сүйе­кең жалықпай тыңдайды. Аттан түсі­ріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапанын жабады. Асқар Алатаудай ұстазының сы­ны­нан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе бастайды. ” – деп жазады “Асыл мұра­лар” атты еңбегінде. Иә, ұстаз-ғалым М.Жолдасбеков ұзақ жылдарғы ізденістері арқылы ел ардағына ай­налған, өлең жырдың биік белесіне көтерілген Ж.Жабаевтың ғажайып ғұ­мырын, айрықша дарыны мен да­на­лығын, ой мен сөздегі шебер де шешен, сергек те серпінді сипаттарын терең танып-талдап, тамыр­шыдай тап басып көрсетеді. Ж.Жабаевтың он бес жаста жазған “Шағым” атты алғашқы өлеңінен өмір, уақыт шындықтары терең таны­лады. Діни оқу сипаты, молдалар әре­кеті жас шәкірттің қарсылығын туғызады. Оқу барысындағы молда­ның іс-әрекетін: Шып-шып етіп молданың Қолындағы тобылғы, Қозғалтпайды жонымды, Талай дүре соғылды. Торсылдатып танадай, Жыртар болды тонымды. Тілің ащы бала деп, Қайнатты әбден сорымды, – деп бейнелесе келесі кезекте әлгі мол­даның ойын, теріс мінез-қылығын бы­лай білдірген: Оқымаймын молладан Не оқытпақшы ол маған? Бала келсе сабаққа, Жем дәметкен дорбадан. Ақ сәлдесін төңкеріп, Көзін жұмып теңселіп, Күн ұзынға боздаған. Бұдан кейінгі жерде Жамбылдың әкесіне қаратып: Оқығанша мен одан, Домбыраны қолға алам, Өлең кірген түсіне, Жөргегінде мен болам, – деп үн қатуынан сөз өнеріне біржола бет бұ­руы танылады. Ал, көркемдік-рухани әсері нәр­лі де нанымды. Сол себепті де қалың көпке кедергісіз жетеді. “Сараң бай мен жомарт кедей” атты өлеңінде өмір, кезең көріністері, адамның асыл да жағымсыз қасиет, белгілері бедерлі берілген: Малы көп бай жылайды қар жауғанда, Бәрін тастар ниеті малға ауғанда. Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр, Әйелі толы шелек сүт сауғанға. Өлең мұраты айқын. Ол – бай мен кедей ара қатынасын ашу. Мал, дү­ниенің бай үшін “қымбат” екендігін көр­сету. Керісінше, кедейдің жомарт жүрегін, барға қанағат көңілін көрсету нақты, көркем берілген. Осы тақырып “Әділдік керек ха­лыққа” деген шығарма арқылы табиғи жалғасын табады. Ұзынағаш ба­за­рын­да халыққа сес көрсете келген Қи­сыбай бо­лыс төңірегіндегі би-төре­лер­ге Жам­был халық атынан сөз арнайды. ...Болыс елді аралап, Жарлыны шауып жаралап. Сөзін сөйлер молданың, Көзін жойып жарлының, Ас берсе бай саралап. Немесе: ... Айтқандары өтірік – Ұлыққа кім бар сенетін. Сыздауық жара секілді, Денені сыздап саралап... Өлеңде өмір шындығы, адам орны, іс-әрекеттері бар. Ақын сонымен қатар тиісті тұста қоғамдағы “жоғарғы басқыш өкіл­дері” – хан-төрелердің алдайтынын, би-болыстар арбайтынын, тамақ-параға сатылатынын да сенімді, серпінді суреттейді. Жамбыл өлеңдеріндегі ой-түйіндердің жыраулар поэзиясы үлгісімен кең өріс алуы – әдеби-тарихи тұрғыдан негізді, ұлт­тық-тәлімдік тұрғыдан мәнді. Мысалы: ... Асқар тау ғаріп емес пе? Айдынды көлі болмаса. Ер жігіт ғаріп емес пе? Белгілі елі болмаса. Ел де ғаріп емес пе? Белгілі белге қонбаса. Ағаш ғаріп емес пе? Мәуесі өсіп тұрмаса. Су да ғаріп емес пе? Арнасы тасып толмаса, – деп ақын одан әрі көктемгі судай тасқындатып әкетеді. Мұнда ақын адам мұраты мен еңбек сипаттарын, өмір-дүние сырларын, ел-жер қадірін, өзара салыстырып, нәтижесінде әлеуметтік танымды, қоғамдық көз­қа­расты, өзіндік ой-пікірлерді, өмір өнеге­сін алға шығарады. Өмір шындығын алға тартады. Абайға арналған жұбату өлеңі “Жал­ғызбын деп жүрмесін” деп аталады. Әб­дірахман өлімінің Абайға аса ауыр екенін сезінген Жамбыл осы өлеңін арнаған. Көлемі 12 жолдан тұратын туындыдан – қазаға қайраттылық керектігі танылады. Өлең өрнектерінде өмір тәлімі, жан-жү­ректен шынайы жол­дан­ған мейірім шуа­ғы, сезім сәулесі, қысқасы көңіл толқыны жан-жақты кө­рі­ніс береді. Өлең-өнердің қос жүй­рі­гінің қатар соққан жүрек лүпілі, көңіл толқыны да айқын аңғарылады: Сәлем айт барсаң Абайға, Кеңесі кеткен талайға. Ауруды жеңген қара жер, Сабырлы болсын қалай да! Бір жұтқан судай дүниесін, Ащысын тастап күймесін. Жапанға біткен бәйтерек, Жалғызбын деп жүрмесін. Кемелге келген асыл-ай! Нар көтерген ауырға, Арқасын тоссын жасымай. Бұдан басқа “Тоқтағұлға”, “Жаныс ақын­ға”, “Сырттанға” сынды арнау өлең­дерде ақиқат жолы, өмір өрімі өрнекті өріс алса, керісінше “Абышқа”, “Есенәлі мешкейге”, “Мәңке туралы”, “Тілеміске”, “Шалтабайға”, “Сәт сайланарда”, т.т. ел үстінен күн көріп, айла-амалмен ар-намысты таптағандарға халық қарсы­лығын, уақыттың талап-міндеттерін нақ­ты, жүйелі жеткізеді. Жамбыл шығармашылығының сал­мақ­ты бөлігін айтыс-дастандары құрайды. Адам мұраты, ел-жер тағдыры, ұлт пен ұрпақ қамы, өнердің арқауына айналады. Ұлттық-тәлімдік мәселелер де айтыс-дастандарынан көрініс береді. Мәселен, “Жамбыл мен Айкүмістің айтысы” – қыз бен жігіт айтысының үздік үлгісі. Айтысты Жамбыл бастап, Айкүміске былай деп үн қатады: Әдейі ат терлетіп келдім тойға, Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда. Әуірі басылмаған албырт едім, Асығыс айтқаныма кінә қойма?! Кезекті тұста Айкүміс ақыл мен па­расатты тең ұстап, сыр мен сезімді, төмендегіше жеткізеді: Аптығып, ә дегеннен амандаспай, Әдепті үйренбепсің, Жамбыл жастай. Асылға аспандағы қол жетпей ме, Ақылмен қимылдасаң асып - саспай. Қыз жауабы ойлы. Астарлы мән де бар. Алғашқыда Жамбылды сынап, мінеп алады. Кейіннен ақылды өлшем етіп, сабырға шақырады. Сонда Жамбыл: Айкүміс, асықпауға шама бар ма, Жасшылық ұрындырды талай жарға. Сен үшін, жатсам-тұрсам арманым көп, Жем болып кете ме деп жамандарға, – деп түпкі көзқарасын бүкпесіз баян­дайды. Жамбыл бұл тұста, әрине, жастықты, сыр-сезімді алдыңғы кезекке шығар­ған­мен, “қыз – жолы жіңішке” қағидасын да, әлімжеттілердің “төте жолын” да негізгі назарда ұстайды. “Жамбыл мен Айкүмістің” той үстін­де кездесуі жарасты жастықтың симво­лын аңғартып, сөз сайысының келісті, үй­ле­сімді үлгісін көрсетеді. Әдемі әдеп-дағды, зілсіз әзіл-қалжыңға көңіл сүй­сінеді. Айтыс мазмұнынан қазақ хал­қының досқа – адал, дәстүрге – берік мі­нез-құлқына жан-тәнімен бейіл та­нытасың. “Жамбылдың Бақтыбай ақынмен та­нысуы” қос жүйріктің де ата тегінен, өлең-өнердегі дарын-қабілеттерінен мол сыр аңғартады. Алғаш сөз алған Бақ­тыбай ақын “күй мен сөзді ағытқан” өт­кен кезеңдерінен сыр толғаса, өз кезегінде Жам­был “Сәлем – сөздің анасына” тоқ­тап, кішілік әдеп көрсетеді. Кейінгі жерде өлең-сөзбен өмір өткелдерін ойға ала­ды. Қырғыз-қазақ еліне таныстығы, Май­көт, Құлманбеттің қатар тұрғаны, Май­лы­қожа, Құлыншақты үлгі ететіндігі өлең құдіретімен табиғи жеткізіледі. Жамбылдың ақындық қуатын, талант табиғатын танытқан айтыстары – Құл­манбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубаймен кездесіп, өлең-сөзбен жарысқа түсуі. Бұл айтыстар бейнелік-көркемдік тұрғы­сынан да ден қойғызады. “Жамбыл мен Құл­манбет айтысы” тура­лы алғашқы дерек көз­дері – “Тер­ме”атты әде­би жинақта кездеседі (Ташкент, 1925 ж.). Бұдан кейінгі жерде С.Сей­фуллиннің “Қа­зақтың ескі әде­биет нұс­қалары” деген ең­бегіне енді (1931 ж.). Ақынның әр жыл­дары жарық көрген (1940, 1946, 1957, 1971 т.с.) жинақ­та­рын­­да айтыс мұра­сына да кең орын беріледі. Жамбыл ай­тыс­та­рының айшықты да даңқтысы – Құлман­бет­пен арада өтеді. Жамбылға дейін бірнеше ақынмен кездесіп, шабыты шал­қып, еңсесі биіктей түскен Құлманбет ал­ғашқы­да Жам­был­ды көптің бірі санап, көзге ілмей, тұқырта түседі. Мылтыққа түтеп тұрған қарсы, Асықсаң ажалыңа келші бермен, – деп Жамбылға жау көр­ген­дей шүйіледі. Өзі­нің бай-шон­жар­ларын алға тартып, жөн-жо­сықсыз марапат, дақ­пыртқа жол береді. Орайлы тұста Жамбыл: Адамдықты айт, ерлікті айт, батыр­лық­ты айт, Ел бірлігін сақ­таған татулықты айт. Қарынбайдай са­раңдар толып жатыр, Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, – деп айбыны асқақ, екпіні өктем, Құлманбеттің бетін қайтарады. Жамбыл осы айтыста ел жайына, ер қамына байланысты маңызды, кәделі ойлар қозғайды. Айталық, Саурық батыр туралы: ... Қозғайын оның затынан, Саурық барып жауды алса. Қиюлы шешіп дауды алса, Ілесуші ең артынан. Мойны озған ерлер ғой Қатардағы халқынан, – деген жолдардан батырдың биік тұлғасы танылады. Жамбыл Досмағанбетпен айтысқанда оған қарата: Сөз білмейтін абасың, Ақындыққа шаласың... Сен – күйкентай, мен – тұйғын, – десе, Шашубаймен болған сөз сайысында: ... Ұлы жүздің ішінде, Ұраным менің Қарасай. Қарасайдың ұлымын, Айтулының бірімін, Нар кілемнің түрімін, Қызыл тілін безеген, Найзасын тасқа егеген, Алды-артыңды буамын, Сені асырмай кезеңнен, – деп ба­сым­дылық байқатып, сес көрсетеді. Ақын сөз­дері мен ой жүйесінен өлең-өнер си­қы­рымен қатар ұлт мүддесіне, ата тегіне, адам­ның асыл қасиеттеріне, ісін ар­дақ­тауға, тәлім-тәрбие сабақтастығына бе­рік­тігі байқалады. Жамбылдың ақын­дық өне­рі табиғи өріс алумен бірге қарсыласын сөз сынымен, ой өзегімен, тіл мүмкін­дік­терімен баурап алады. Мұндай белгі-бедерлер дастан-хи­кая­ларынан, (“Өтеген”, “Сұраншы”, “Көрұ­ғ­лы”, “Замана ағымы”, “Туған елім”, “Ме­нің өмірім” т.б., ерлік тақы­ры­бын­дағы туын­ды­ла­рынан “Балама хат”, “Қа­мал бұзған каһар­ман”, “Ле­нин­град­тық өренім”, “Төлеген ер”, және т.б.) да ай­қын аңғарылады. Жыр алыбының “Абайдың суретіне”, “Амангелді”, “Балаларға”, “Күләшқа”, “Ке­ненге”, “Тоқтағұлға” сияқты арнау өлең­дерінде өмір-өнер жарастығы көрінсе, “Алатау”, “Бақыт туралы жыр”, “Бесік жыры”, “Жаз”, “Жеңіс жыры”, “Еңбек көктемі”, “Қы­мыз” сияқты жыр­ларынан ел өмірі, тұрмыс-кәсібі, салт- дәстүрлері кеңінен танылады. Ақын шығармашылығында өмір, уа­қыт шындықтарына суарылған ди­дак­тикалық сипат та, ұлттық-тәлімдік мә­селелер де, қанатты сөз бен ұтымды ой­лар да кең орын алған. Оқып көрелік: Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға, Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға, Жақсының әрқашан да жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға. *** Атаңнан бата ал, балам, Ел қадірін біл, балам. *** Адамдықты айт, ерлікті айт, батыр­лықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. *** Ақыл іске аспаса, Жамандыққа бастайды. Байлықтың түбі – пайдадан, Өтірік-қулық – айладан. *** Темір өзек пенде жоқ, Өлмес адам елде жоқ. Оқып, танысқан даналық ой, қанатты сөз, ұлттық-тәлімдік мән-маңызы жоға­ры тақырып, мәселелер өмірден өрбіген, уа­қыт шындығына суарылған әрі кө­ңілді тербеп, жүректі қозғаған шымыр, өткір өлең­нің өрнекті үлгі-нұсқалары. Ақын­ның өмір тәжірибелерінен, талант қуа­тынан нәр алған мұндай ұтымды ой, шымыр шумақ тіркестерін арнайы бағ­дарлама, оқу ісінде, тәлім-тәрбиелік жұ­мыстарда кеңінен пайдалануға әбден болады. Бастысы: Жамбыл шығар­ма­шы­лығындағы адам мұраты, ұлт пен ұрпақ қамы, ел-жер тағдыры, тарих пен таным тоғысы, ұлттық-тәлімдік мәселелер тә­уелсіздік талап­та­рымен табиғи үндестік табады. Бұларды білу, оқып-үйрену, танып-таразылау, үлгі-өнегелік қырларын мұ­рат тұту – кәделі іс, баршамыз үшін мәнді. Жыр жүйрігінің шығармашылығын айқындай түсетін қыры – “Жамбыл ай­тыпты” деген даналық нақыл сөз­дер, әзіл-әжуа тақырыбындағы ұтым­ды ой, қанатты тіркестер деп білеміз. Айталық, Жам­былдың әдеби хатшы­ларының бірі Ғ.Орманов саятшылық сапардан олжа­сыз оралыпты. Сонда Жамбылдың айтқаны: Кекілік ұшып дүр етті, Ғали шошып дір етті. Атқаны бір сауысқан, Оқтың бәрін тауысқан. Және бір мысал. 1938 жылы Жамбыл – Ленин орденімен марапатталғанда, араға көп күн салып Д.Нұрпейісова келіп құттықтапты. Сонда Жәкең: Көп болды Дина сені көрмегелі, Орден ап өрге шауып өрлегелі. Сен дегенде көңілдің ілгіші бар, Келдің бе сол ілгішті жөндегелі, – депті. Біздіңше, Ж.Жабаевтың өлең-жыр­лары кезең көріністері мен құбы­лыс­та­рын, адам мен оның өмірін, еңбек мұ­рат­тарын жан-жақты көрсетуімен де көркем, келісті сипат құрайды. Өмірден өр­біген шындықтар, көңіл күнделігі мен жү­ректегі жазулар жүйелі жеткізіледі. Шабытты шақтан туған ондай өлең-жырлар: арнау-толғау түрінде де, жекелеген шумақ үлгісінде де кездеседі. Бәрінде де ақын көзқарасы айқын, ойлы һәм көркем болып келеді. Дастан-толғаулары тарих пен та­ным, тұлға мен тағдыр, кеше-бүгін бай­ла­нысын табиғи дамытып, сол арқылы өмір-уақыт шындықтарын шеберлік пен шешендік тұрғысынан те­рең толғайды. Айтыс мұрасы – ұлт мұратын, адам әлемін, мәдени-рухани құндылықтарды сенімді жеткізеді. Қарсыласын көңіл көк­жиегімен көкке көтереді. Артық-кем тұс­та­рын бүкпесіз баяндайды. Ақиқатты ту етіп, өмір өнегесіне, шындық сипат­тарына табан тірейді. Қайсыбір айтыс­тан да адам әлемі, еңбек мұраты, өмір-уақыт шындықтары, тұрмыс суреттері кең орын алады. Ж.Жабаевтың есімі мен еңбегі – алыс-жақын елдердің бәрі-баршасына бел­гілі болды, табиғи дарыны топ жар­ды. Өлең – өнері биік белеске кө­терді. Сүйінбай бата берді. Тұстастары – да­рыны мен даралығын жоғары ба­ға­лады (Құлманбет, Бөлтірік, Майкөт, Сар­бас, Досмағанбет, Шашубай, Кенен т.б.). Алыс-жақын елдердің ақын-жа­зушылары ұлт руханиятын, қазақ өне­рін, импровизациялық дәстүрді өзгеше құ­былыс ретінде айрықша атады (Н.Тихонов, М.Шолохов, К.Симонов, С.Маршак, П.Кузнецов, Л.Пенковский, Я.Купала, А.Геворк, И.Тренчени, В.Вынту, Қ.Ақиев, Г.Лахути, Б.Пашкова т.б.).Мұны, сөз жоқ, Ж.Жабаевтың аса бай шығармашылық мұра-мирастарына қатысты да айтуға әбден болады. Асылы, Ж. Жабаевтың өмірде өне­гесі, өнерде өрісі кең. Ұлт руханиятын ақындық өнердің көркем көкжиегімен байытты. Өмір өнегесін өлең-жыр­ла­рымен биік белестерге көтерді. Нәти­жесінде, дара дарынның өмірі өрнекті өлкеге, өнері өрісті арнағаайналды. Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор.