10 Қазан, 2016

Ғалымдар рак ауруын жеңудің әзірге ең тиімді әдісін тапты

1118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
rako   Иммунологиялық терапияда қолданылатын жаңа препарат рак ауруымен күресте революция жасауы мүмкін. Еуропа онкологиялық конгресінде жария етілген зерттеулердің нәтижесі осыны көрсетіп отыр. Бұл туралы BBC News «Иммунотерапияға арналған препараттар ракпен күресте жаңа дәуір басталғанын білдіреді» атты мақалада жазады. Онда айтылғандай, зерттеулердің бірінде дәрігерлер бас және мойын рагімен ауыратын адамдарды жаңа препаратпен емдеп, бақылаған. Әдетте рактің бұл түрлеріне шалдыққан науқастың жазылуы өте сирек. Алайда иммуннотерапияға арналған ниволумаб атты препаратты қолданғаннан кейін жағдай өзгере бастады. Оны қабылдаған пациенттерде тірі қалу көрсеткіші химиялық терапия жолымен емделушілермен салыстырғанда жоғары болған. Нәтижесі New England Journal of Medicine журналы жариялаған зерттеуге онкологиялық ауруларға шалдыққан 350 адам қатысты. Бір жылдан кейін ниволумаб қабылдаған науқастардың 36%-ы, химиялық терапия курсынан өткендердің тек 17%-ы тірі қалған. Тағы бір мәселе, иммуннотерапия препараттарының кері әсері де аз болған. Келесі бір зерттеу көрсеткендей, ниволумабты басқа препаратпен қатар қабылдаған кезде бүйрек рагінің соңғы стадиясындағы адамдарда ісіктің көлемі кішірейген. ВВС мұны «қатар соққы» деп атайды. Мысалы, ниволумаб пен ипилимумаб дәрілерін бірге бергенде бүйрек рагінің соңғы стадиясымен ауыратын пациенттердің 40 пайызында ісік әжептәуір кішірейді дейді зерттеу нәтижесі. Ең кереметі, әрбір онынша науқастың ағзасында рактің ешбір белгісі қалмаған. Кәдуілгі терапияда болса, мұндай аурулардың небәрі бес пайызында ісік көлемі кішірейеді. Хартфордшир тұрғыны 64 жастағы Питер Уэйт бірнеше жыл бұрын өкпе және бүйрек рагінен жазылған екен. Алайда 2015 жылы оның бүйрегінен тағы да ісік табылды. Дәрігерлер оған ары кетсе бес жыл өмір сүруіңіз мүмкін депті. piter

Питер Уэйт ісік соңғы стадияға жеткеніне қарамастан ауруы жанына батпағанын және ешбір кері әсері сезілмегенін айтады

Уэйт химия қабылдаудан бас тартады. Оның орнына иммуннотерапияның аталған екі препаратын 4 ай қабылдайды. Осы уақыт ішінде Питер автомеханик болып жұмысын істеп жүрген. Және дәрінің ешқандай кері әсерін сезбейді. 4 айдан кейінгі тексерулер оның бүйрегіндегі бір ісіктің кішірейгенін, екі ісіктің өспей бұрынғы қалпында қалғанын көрсетеді. Қазір ол препарат қабылдауды тоқтатты, бірақ үш айда бір рет дәрігерге қаралып тұрады. «Рактің соңғы стадиясымен ауырып жүрсем де сырқатым түк те жаныма батып ауыртпады. Басқа науқастарды ойласам бұл жағдай тіпті әділетсіздік сияқты боп та көрінеді. Бұл ауру мен үшін қасірет болмады. Өзім жалпы оптимист адаммын, оның үстіне тағдыр сәтін де салды» дейді ол. Иммуннологиялық терапия деп ағзадағы рак клеткаларын иммунитет жүйесіне әсер ету арқылы жоюды айтады. Ал ниволумаб пен ипилимумабтың қалай жұмыс істейтіні туралы айтар болсақ, әңгіме былай екен. Рак ісігі иммунитет жүйесін «алдап», өзін сау клетка қып көрсету үшін оған химиялық белгілер жібереді. Аталған препараттар осы белгілерді тоқтатып отырады. Кевин Харрингтон – Ұлыбританиядағы Рак зерттеулері институтының профессоры. Ол жаңа дәріні бас және мойын рагімен ауыратындарға қолдана отырып сынау жұмыстарын басқарады. Харрингтон ниволумабты рактің осы түрлерін емдеу ісіндегі үлкен жаңалық санайды. «Бұл препарат науқастардың өмірін кәдімгідей ұзарта алады. Зерттеу осыны көрсетіп отыр. Негізі бас пен мойын рагін емдеу өте қиын. Ал ауру қайталанған немесе ісік таралып кеткен болса, жағдай одан әрі қиындайды. Сондықтан зерттеу нәтижелері – өте жақсы жаңалық. Енді науқастардың өмірін айтарлықтай ұзарта алатын дәрі бар. Оның тезірек қолданысқа түскені дұрыс» дейді ол. ВВС деректері бойынша, Ұлыбританияда жылына 12 мың адамға бүйрек рагі деген диагноз қойылады. Күніне 12 адам осы аурудан қайтыс болады.