Бұл күнде Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы облыстағы жоғары оқу орындарының кеуде қатарында аталады. Осыдан 45 жыл бұрын облысаралық милиция мектебі болып құрылған оқу орны Тәуелсіздік жылдары дамыды, жас еліміз үшін ішкі істер органдарына, қылмыстық атқару жүйесіне білікті мамандар даярлайды. Бүгінде «Құқық қорғау қызметі», «Педагогика және психология», «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары бойынша ішкі істер органдары үшін жыл сайын 300 түлек түлетіп отыратын білім ордасына 2014 жылы республика Үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың есімі берілді. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп құлагер ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, Шырақбек Қабылбайұлының бүкіл ғұмыры жас полицейлерге үлгі десе болады. Ол Қазақстан милициясы тарихында генерал-лейтенант атағын тұңғыш иеленген, екі рет министр болған, ішкі істер органдары саласындағы мемлекеттік және кадрлық саясатты жетілдіруге көп үлес қосқан адам. Осы оқиғаға орай академияда өткен салтанатты сәтте оның немересі Ғалым Исабаев академия музейіне арнап, атасының домбырасын білім ордасының бастығы, полиция полковнигі Мирлан Қызыловқа табыс етті.
Домбыра бүгінде академия музейінің төрінен орын алды. Музейге кірген курсанттар да, сырттан келгендер де Шырақбек атамыздың тұтынған жеке заттарымен, бай кітапханасымен қоса домбыраны қызықтайды. Ұлтжанды азамат Мирлан Ахмедияұлы Шырақбек Қабылбаевтың еліне сіңірген еңбегі мен өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттай түсуі үшін үлкен тұлғаның ұрпақтарымен жиі хабарласып тұрады, музейді толықтыра түсуді де ойлайды. Бірде ол музейдегі домбыраны генералға күміс көмей әнші Жәнібек Кәрменовтің бергенін естіп қалады. Домбыраның тарихын қаза келгенде оның ізі кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтен бір-ақ шығады. Бір домбыраның қозы көш қана тарихынан өткен ғасырдағы қазақ зиялылары арасындағы көңілдерге нұр себелеген шынайы достыққа, ұлылардың кішіпейілдігіне, жақсылардың мәрттігіне тағы бір куә болғандаймыз.
Мирлан Қызылов осы тарихтың шеті шыққан соң-ақ Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тұратын сексеннің сеңгіріне шығып отырған Манатай Толғанбаев ақсақалға домбыраның суретін жібереді. Смартфон камерасына жазып, салып жіберген жазбадан қария домбыраның өз көзіне оттай басылғанын айтады. Манатай ақсақалдың әкесі Балтақай Мұхтар Әуезовтің бала кезден бірге өскен ең жақын достарының бірі болған. Олардың достығын өмірінің соңына дейін кір шалмайды. Абайдың атасы Өскенбай мен Балтақайдың арғы атасы Мырзатай бірге туады екен. Әйтікеш Толғанбаевтай қазақтың дара скрипкашысын берген әулет. Манатай атайдың айтуынша, 20-жылдары қызмет істегенде, одан кейінгі уақытта «Абай жолы» эпопеясын жазып жүргенде Мұхтар Әуезов Абай еліне қанша рет барса, соның барлығында досы Балтақайдың үйіне тоқтаған.
«1945 жылы Алматыда мұғалімдікке оқып жүрген апайым жазғы каникулға келгенде Мұхаң қызы Ләйланы ертіп жіберіпті. Әкеме «Ләйла каникулда екі айдай сенің үйіңде болсын, Абай жүрген жерлерді, Жидебайды көрсет, тілді, қазақтың дәстүр-салтын үйренсін. Тамыз айында Абайдың 100 жылдығына барғанда өзім алып қайтамын» деп хат жазып беріпті. Ләйла келген соң әкем жуас жорға торы ат, жақсы ер-тоқым тапты. Атқа мінгізіп үйретті. Ләйланы менің апаларыммен даланы қыдырып, ойнап жүреді. Екі айдың ішінде әжептәуір тіл сындырып қалды. Абайдың тойында Мұхтар қасында Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайылов бар, барлығы 5-6 адам болып біздің үйге келді. Ол атқа мініп, қазақша сөйлеп жүрген Ләйласын көріп балаша қуанғаны есімде. Кетерде ол әкейге: «Балтақай, мына балаңды маған бер, алып кетейін, оқысын, орысша үйренсін», деді. Әкем екі сөзге келместен екінші сыныпқа көшкен мені Мұхаңа ертіп жіберді. Алматыға келген соң ол Жамбыл атындағы №18 мектепке мені өзі ертіп барып, өзі өтініш жазып, қабылдатты. Қашан жолды үйренгенімше мектепке өзі жетектеп барып жүрді. Ата-ананың бауырынан шықпаған сегіз жасар баламын ғой, алғашқыда Валентина Николаевнаны орыс деп, сөзін түсінбей, жатырқап жүрдім. Кейін үйреніп кеттім, орысша да былдырлайтын болдым. Бірақ, екі жылдай уақыттан кейін ауырып, каникулға келген соң қайтып бармай қойдым», деп әңгіме шертеді Манатай ақсақал. Ол каникулға кетерде Мұхтар Әуезов: «Балтақайға арнап бір шеберге домбыра жасатып жатырмын, осы жолы беріп жіберуге үлгермедім», дейді. Оны артынша Балтақайдың Алматыда оқып жүрген інісі Бақыштан беріп жіберіпті.
«Онымен бәріміз домбыра үйрендік. Анам жақсы домбырашы еді, әкейдің де шертетіні болды. Мен мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіндегі оркестрге осы домбырамен қатысып жүрдім. 1957 жылы Мұхаң келгенде менің осы домбырамен күй шерткеніме мәз болған еді», дейді Манатай ақсақал. Балтақайдың балалары азамат болып, үйлі-баранды болып кетеді. Ең кенжесі Манатайдың өзі 60-шы жылдарда мамандық алып, жұмыс істеп жүреді. Үйде домбыраны баяғыдай қолына ұстайтын кісі сирексиді.
«Заты ағаш домбыра қаңсыған да болуы керек, оның үстіне бөлмені ақтап, сылағанда үйдегілер ылғи төрде ілулі тұратын оны бірнеше рет түсіріп алса керек. Домбыраның шанағы және бет тақтайы азырақ жарылады, бірақ сыны, мүсіні кеткен жоқ, дауысында да оншалықты өзгеріс болмады», дейді Манатай атай.
Қостанай академиясының бастығы Мирлан Қызылов домбыраны Қостанайдағы белгілі ақын, қолөнер шебері Серікбай Оспановқа көрсетеді. Заңғар жазушының қолының табы қалған домбыраны Серікбай ағамыз жіптіктей етіп жөндеп береді.
– Әдетте, домбыраның мойыны, яғни шайтан ішектен құлағына дейін 48 сантиметр болады. Ал бұл домбыраның мойыны 44 сантиметр екен, әнге арналған Абай домбыра, осылай қысқа болады. Оны қатты ағаштан жасаған, Жамбыл домбыра секілді шанағы дөңес емес, жұқалтаң. Домбыра қоңыр қызыл түспен боялған. Бетін қыз қарағайдан жасаған, домбыраның бетіне одан басқа ағаш келмейді. Ал бетінің сағаға жақын тұсына да қыз қарағай салса, ол шерткенде қолдың тырнағы тырнап, жұқарып кетеді. Шебер сол үшін оған жұп-жұқа пластмасса секілді материал салған. Оған, әдетте, баянның, гармонның сыртын қаптаған материалды алып салады. Домбыраның сыртқы шанағы және беті шамалы жарылған екен, соны желімдедім. Пернелеріндегі нүктелері өшіп қалыпты, оларды қалпына келтірдім. Өзім қайта-қайта тартып көрдім, дауысы сыңғырлап тұр, өте жақсы сақталған. Домбыраның қорабы да қызық, скрипка салатын қорап секілді. Ол да домбырамен түстес қоңыр қызыл, фанер секілді жұқа материалдан жасалыпты. Аспаптың сыртқы бояуына, шпонды пластмассадан салғанына, қорабына қарап мұны Эмануил Романенко жасаған болар деп ойлаймын, – дейді Серікбай аға. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында қазақ ұлт-аспаптар оркестріне арнап музыкалық аспаптар жасаған, тіпті, Ахмет Жұбанов бастаған мамандармен кеңесе отырып, оларды жетілдіре түскен атақты шебер Эмануил Романенко Мұхтар Әуезовтің сөзін жерге тастамаған, қолын қайтармаған болар, бәлкім.
Сонымен, домбыра Жәнібек Кәрменовтің қолына қалай түсті деңіз? 1967 жылы атақты әнші Жүсіпбек Елебеков қасына жас талап Жәнібек Кәрменовті ертіп, Абай ауданындағы Балтақай Толғанбаевтың үйіне келеді.
«Жүсекең біздің әкеймен бұрыннан таныс, Сапарғали Бегалинмен үйде талай болған кісі. Ол келген сайын көпшілік қолқалап ән айқызатын. Осы жолы Жүсекең әкейге Жәнібекті таныстырады. «Мына бала асқан дарыны бар әнші, өзім баулып, қасыма ертіп, тәрбиелеп жүрмін. Мен келген сайын жастығыңды еске түсіргің келіп, «Жамбас сипарды», «Ғалияны», «Жиырма бесті» айт деп маза бермеуші едің, енді Жәнібекті тыңдайық. Әлгі Мұхаң берген шешен домбыра қайда? Әкел», дейді. Әкей домбыраны Жәнібекке ұстатып жатып, Жүсекеңе қарап: «Ескілікті әндерді қазір ән айтып жүргендер нақышына келтірмей бұзып айтады, сендей әнші қайда, сабазым!» деп пікірін ішке бүкпеді. Жәнібек домбыраны алып, құлақ күйін келтіріп, қобалжығаннан ба, төмен қарап біраз үнсіз отырды да, ұстазы айтқан «Жамбас сипарды» шырқай жөнелді», деп еске алады Манатай ақсақал.
Балтақай қария Жәнібектің әніне сусыны қанғандай риза болады. «Пәлі, Жүсіпбек, менің мына балам сенің орныңды басайын деп тұр екен. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дегендей, баулып жүргенің көрегендік екен», деп Жүсіпбекке де алғысын айтады. Қария кетерде Жәнібекке батасын беріп тұрып: «Балам, мына домбыра Мұхтардың ескерткіші еді. Асыл дүние жерде қалып қор болмасын. Не нәрсе де иесін тауып, халқына жетіп жатса – өлгенің тіріліп, өшкенің жанғаны емес пе?! Көзіңдей көріп, ұстап жүр», деп домбыраны Жәнібекке сыйлап жібереді. Бірақ, күміс көмей әнші домбыраны концерттерге алып шықпаса керек, үйінде сақтаған.
Ал енді Мұхтардың осы домбырасы генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың тұтынған заттарының арасында қайдан жүр? Бұл да бір хикая. Алматыдағы өнер студиясының екінші курсында оқып жүрген Жәнібек Кәрменовті 1968 жылы 18 май күні оқудан шығарып жібереді. Сыйласып жүрген досы ақын Қажытай Ілиясов ауылға кетерінде оны қолқалап, әндерін бірінші рет радиоға жазып алып қалады да, шамалы уақыттан кейін «Жезтаңдай жігіт» деген радиоочерк жасайды. Бұл туралы автордың «Дегдар» деген эссесінде толық айтылған. Ақын әрі өзі де өнерлі Қажытай радиоочеркі эфирден өткенде оны қазақтың дәстүрлі әндер атасының бірі, Жәнібектің ұстазы Жүсіпбек Елебековпен бірге отырып тыңдайды. «Очеркте алдына ешқандай сөз қоспай, әуелі ән айтылады делінген болатын. Шу дегенде аспан әлеміне қаңғып кететін дауыс неше түрлі бұрмалы өрнекке түсіп, «Құлагер» көз алдымызда талықсып тынды...
– Ойпырым-ай! Не деген әнші! – деген Жүсекеңнің таңырқауын бет-әлпетінен оқып отырмын. Осы кезде дереу үлкен басшыларға төте сөйлесетін телефонына қол созды. Аржағынан әлдекім тұтқаны алды-ау деймін.
– Әй, жандарал, – деді біреуге дауысын ажарлы шығарып. – Бұл Жүсіп қой. Сен кісі қамап, кісі сабағаннан басқа бірдеңені білуші ме едің? Радиоңды ашсаңшы, сасып кетесің ғой, сенің ауылыңдағы бір әнші баланы менің балам очерк қып жазған екен, соны тыңдап отырмыз, – деп тұтқаны тастай салды. Одан соң асау «Адасқақ» кетті дейсіз! Жүсекең анда-санда басын шайқап қойып, дән риза күйде. Одан соң жібектей созылған «Майдақоңыр» тамылжыды» деп жазады Қажытай. Ал Жүсіпбек Елебеков сөйлескен телефонның ар жағындағы «жандарал» сол кездегі республика Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев болатын. Жәнібек бұл кезде ауылына кетіп қалған, сонда автоклуб меңгерушісі болып істейді екен. Осы радиоочеркті тыңдап болған соң, министр қарамағындағыларға Семей облысының Абай ауданынан Жәнібек Кәрменов деген азаматты бір тәуліктің ішінде алдына әкелуге тапсырма береді. Оны министр неге суыт іздегенін ешкімге ашып айтпайды. Бөрлі ауылында шопандардың алдында ән айтып тұрған жерінен екі милиция қолтығынан ала жүгіргенде Жәнібектің өзі де сасып қалса керек. Бір қолында паспорты, бір қолында қалақтай домбырасы бар оны дедекдетіп АН-12 ұшағына салады да, Алматыдан бір-ақ түсіріп, бар-жоғы 12 сағаттың ішінде министр Қабылбаевтың алдына алып барады. Жәнібек бұл суыт шақыруды соңғы кезде Иманжүсіптің әнін айтыңқырап жүргенінің пәлесі деп түсінеді. Сөйтсе министр Шырақбек Қабылбаев Жәнібекті Ішкі істер министрлігінің жанынан құрылып жатқан ансамбльге солист болуға шақырады. Жас жігіт «Ауылда анам, қарындастарым бар, Алматыда тұратын жерім жоқ», деген соң, «Ештеңеден қиналма, жағдай жасалады», деп қолына бір бөлмелі үйдің кілтін тапсырады. Пәтерінің кейін кеңейетінін де ескертеді. Министрліктегілер сол сәтте-ақ оған милиция формасын кигізеді.
Жәнібектің жары Тұрар Тұрсынханованың журналистерге берген естелік-сұхбатындағы қысқа үзіндіден сол кездегі ел басшылығында жүрген азамат тұлғалардың халқымыздың дәстүрінің, өнерінің уызына жарығандығын, ән құдіретіне бас игендігін, зиялы десе – зиялы, дегдар десе дегдар екенін көргендей боламыз. «Жәнібек ансамбльге солист болып орналасқан соң, анасы жалғыз ұлы қайда болса сонда жүремін деп, ауылдан Алматыға көшіп келеді. Бұл туралы Жәнібектің өзінен естіген министр: «Ол кісіге барып сәлем беру керек қой», дейді. Сәлем беруге келсе, бір бөлмелі пәтерде он шақты адам есіктен төрге дейін қаз-қатар тізіліп жатады. Жәнібекке берген төсекте анасы жатыр екен. Содан біраз уақыттан соң Шырақбек Қабылбаевтың саяжайында зиялы басқосу болады. Ол кісі Жәнібекті де шақырады. Төрде Дінмұхамед Қонаев пен Бәйкен Әшімов отырады. Жәнібек әуелетіп ән салады. Үлкен кісілер тамсанып тыңдайды. Әншіге мейірлене қараған Дінмұхамед Қонаев: «Келесі кездескенде маған бір жоғары оқу орнын бітірдім деп айтатын бол», дейді. Содан кейін Шырақбек Қабылбаевтан: «Мұның не жағдайы бар екен?» деп сұрайды. Ол кісі: «Менде жұмыс істейді. Солист-әнші. Бір бөлмелі пәтер бердім. Анасы, қарындастары бар, оншақты кісі тұрып жатыр», дейді. Димекең: «Сендер министр болып тұрғанда жөні түзу үй болмай ма?» дейді. «Менде артық үй жоқ. Генерал Калюта дегеннің баласына арнап қойған бір үй бар еді, одан басқа үй жоқ», дейді министр. «Қойшының баласына күнде ешкім үй бере бермейді. Генерал баласына үй тауып береді. Мен рұқсат бердім», дейді сонда Димекең. Содан Жәнібек 1969 жылы 31 желтоқсан күні үш бөлмелі үйдің кілтін алады. Сөйтіп, 20 жасында айды аспанға шығарып, бір жылда екі үйге ие болады», деп әңгімелейді Жәнібектің жары Тұрар.
Демек, өзіне осындай әкелік қамқорлық көрсеткен министр Шырақбек Қабылбаевқа Мұхтар Әуезовтің домбырасын Жәнібектің бергені аян. Бірақ, оны әншінің қай кезде, қандай жағдайда, қалай тапсырғаны әзірге бізге белгісіз. Халқымыздың кемеңгер жазушысын сыйлаған, тіпті, аласапыран кезде тағдыры қыл көпірде тұрған оның аман қалуына себепкердің бірі болған Шырақбек атамыз та домбыраны қастерлеп ұстаса керек. Ешқандай тозбай, бүлінбей бүгінгі ұрпақтың қолына жетті. Қасиетті домбыра шанағына тек күй емес, қазақ зиялыларының арасындағы тектілік пен сұлу тарихты да сақтап жеткен екен. Шүкірлік. Бүгінде республика ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының музейінде тұрған ұлылар мен жақсылар қолының табы қалған домбыра қостанайлықтардың да қастерлейтін жәдігеріне айналған.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
Қостанай.