01 Наурыз, 2011

Қаражат барлығына бірдей бөлінеді

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
26 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың рес­пуб­ликалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының нормативтерін белгілеу туралы қаулы қабылданды. Сайлау заңнамасына сәйкес, мемлекет кандидаттарға өз бағдар­ла­маларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Әрбір кандидаттың теледидардан 15 минөт сөз сөйлеуіне, радиодан 10 минөт сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарына 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялауына қаражат беріледі. Кандидаттарға сайлауалды үгіт жүргізуге бөлінетін сомаларды есептеуде Байланыс және ақпарат министрлігі ұсынған мәліметтер негізге алынды. Бұл ретте кандидаттың бағдар­ла­масын теледидар арқылы баян­дауы­на 4 625 000 теңге,   радиодан 10 минөт сөйлеуге әрбір канди­дат­қа 169 000  теңге, ал баспа басы­лым­дарында 540 шаршы см. кө­ле­мінде екі мақала жариялау үшін кандидаттардың әрқайсысына 810 000 теңге бөлінетін болады. Бұдан басқа кандидаттарға сайлаушы­лар­мен кездесулер өткізу үшін үй-жай­лар жалдауға 200 000 теңге, сондай-ақ баспа үгіт материал­да­рын басып шығаруға 290 000 теңге және тіркелген әрбір кандидатқа көлік шығындары үшін тағы 200 000 теңге қаражат бөлінеді. «Егемен-ақпарат».