Елші Михаил Бочарников қаладағы Фёдор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайында болып, мекеме директоры Татьяна Автушкоға «Пушкин» медалін табыс етті. Ресей Федерациясының бұл марапаты жерлесімізге мәдениетті дамытудағы үлесі үшін берілді. Бұл кісі мұражайды 2002 жылдан бері басқарып келеді. Даңқты жазушы Фёдор Достоевскийдің 6 мұражайы Ресейде болса, біреуі Семейде орналасқан. Достоевский өмірі біздің өңірімізбен, ұлы ағартушы Шоқан Уәлихановпен тығыз байланысты. Семейдегі мұражай осыдан 45 жыл бұрын жазушының 150 жылдығына орай ашылған. Қазірге дейін мұражай қорына 21 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Мұнда жылына 10 мыңға жуық адам болады. Бүгінде мәдени мекеме қызметкерлері тақырыптық экскурсиялар, әдеби кештер өткізумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады.
– Мұндай байланыстар тарихымызды ұмытпай, құндылықтарымызды бағалай білу үшін қажет, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов, – бүгінгі алған марапаттарыңыз құтты болсын. Мұны тек мұражай мен қалаға ғана емес, елімізге көрсетілген құрмет деп білеміз. Өз кезегінде сөз алған Михаил Бочарников марапаттың маңыздылығына тоқтала келе: «Бұл мәдениет, өнер мен әдебиет қайраткерлеріне берілетін қымбат марапат. Ресей үшін Пушкиннің, Толстой, Достоевскийдің орны ерекше. Мен Татьяна Какимовна ғана емес, бүкіл мұражай ұжымын, Семей қаласын айтулы марапатқа ие болуларымен құттықтаймын» деді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ
Сурет автордыкі