Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты өнер фестивалі өтті. Шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің басын қосқан бұл шара Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімімен басталған шара М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында сурет көрмесі, термешілер сайысы мен ақындар мүшәйрасына ұласты. Суретшілер көрмесіне суретші, ғалым, ұстаз, өнер қайраткері Байтұрсын Өмірбеков, термешілер сайысына дәстүрлі ән өнерінің шебері, ұстаз, ғалым Еркін Шүкіманов, ақындар мүшәйрасына ақын, қаламгер Әділбек Алпысбаев бастаған қазылар төрелік жасады.
Жалпы, өнер додасы тартысты өтті. Дүние жүзінің әр түкпірінен келген өнерлі қазақтар, оның ішінде жастар жоғарыдағы үш аталым бойынша бақтарын сынады. Термешілер сайысында жүзден жүйрік шыққан Сәулежан Тақзия (ҚХР) бас жүлдеге, Бауыржан Ермекбаев (Өзбекстан) бірінші орынға, ал Алтыншуақ Төлегенқызы мен Сәния Өнерхан (ҚХР) екінші және үшінші орындарға ие болды. Базаргүл Көбен, Ардақ Асылбек, Қалелбек Арманбек (ҚХР) пен Құмарбек Сәнтайұлы (Моңғолия) ынталандыру жүлдесін алды.
Ақындар мүшәйрасында бас жүлдені Әділет Ахметұлы (ҚХР), бірінші орынды Айжан Табаракқызы (Моңғолия), ал екінші орынды Қызырбек Дүргінбайұлы (Моңғолия) иеленді. Өзбекстаннан келген Еркебұлан Қолғанатов үшінші орын алды. Айдана Базарбаева (Өзбекстан), Бақберген Дариғаұлы (ҚХР) және Аманжол Бәделұлы мен Оразай Жеңісұлы (Моңғолия) ынталандыру жүлдесімен марапатталды.
Суретшілер көрмесінде Үйсін Тұрсынбек (ҚХР) Бас жүлде, Аршын Қабылбек (ҚХР) бірінші, Ержан Юсупов (Өзбекстан) екінші, Жалын Бауырхан (ҚХР) үшінші орынға, ал Ерік Құлманов (Өзбекстан), Жәнібек Нұрбек, Мұсабек Әскербек, Жанат Сейітқамза (ҚХР) ынталандыру жүлдесімен марапатталды. Өнер фестивалі отандық және шет елдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің көрнекті қайраткерлерінің қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.
«Егемен-ақпарат»