11 Қазан, 2016

Кім екенін киімінен таниды

325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
karashash-fotoСахна салтын құрметтеу керек, оған өнер иесінің үстіне не болса соны жалбыратып, жапсырып шыға салғаны дұрыс емес деген сипаттағы, әсіресе, соңғы уақытта Батысқа, Еуро­паға еліктеген кейбір желөкпе топтар мен эстрада әншілерінің сырт­қы түр-тұрпатына қатысты түрлі сыни пікірлер жиі қозғалып жатады. Сондайда басқалардың әнші­сіне қарасаң, кәдімгі әнші сияғы бар да, ал енді осы біздің көп әншілер­дің сахнадағы қимыл-қозғалысы, биі, киім стилі, әйтеуір бір жері неге сондай төмен деңгейде, көңілге оғаш, тұр­пайы көрінеді деген ойға берілесіз. Ал, керісінше, дәстүрлі ән орындау­шылардың, яғни халқымыздың ұлттық киімдерінде өнер көрсететін әншілердің сахнадағы өзін өзі ұстау мәнеріне, сыртқы келбетіне халық­тың сүйсінісі мен ықыласы күннен-күнге артпаса, еш кеміген емес. Шіркін, дейсің содан кейін, осыншама қыруар жауһар мұраға ие ата-баба­ла­рымыздың дәстүрлі киім үлгісінен асқан дүниеде қымбат не бар? Ұлттық костюмдерімізге қызықпайтын, сұқтана көз тікпейтін ел жоқ. Әттең, бірақ оның тек Наурыз тойында киіліп, содан кейін сандықтың түбінде бір жыл күтіп жататыны жаман. Өзіміздің ен байлығымыздың, асыл мұрамыздың қадіріне өзіміз жете алмай жүргеніміз қандай өкінішті. Болмаса қазақтың ұлттық киімінен, әшекейінен әсем керемет байлық бар ма әлемде?! Шетелдің бірінен-бірі аумайтын желбуаз әуенімен, ашық-шашық, етек-жеңсіз киімімен, тізесі шұрық тесік шалбарымен дамыған елдердегі кірпияз көрерменді тамсанта алмайтыныңыз анық. «Тамаша киім үлгілерін сақтап отырған мынадай да халық бар екен-ау», деп басқалар үлгі-өнеге ретінде тамсанатын бір құндылық болса, ол дәстүрлі әншілердің үстіндегі осы ұлттық нақыштағы костюмдер екені даусыз. Көз алдымыздағы сұлулықтың қадір-қасие­тін өзіміз бағалай алмай жүргенімізбен, шетелдік­тердің мұндайды қалт жібермейтіні қайран қалдырады. Бірде Қазақстанның Жапониядағы мәдениеті күндерінде ғажап бір сәтке куә болдық. Әсем ән шырқалып, бишілер масақтай майысып, сахнадан алуан түрлі бояу көрініс тапқанда, әрине, жанымыз жақұттай жарқыраған. Кенет сахнаға Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева басына Қыз Жібектің сәукелесін киіп, ұлттық киімімен жайнап шыға келгенде, залдағылардың көздері оттай жанды. Әдетте байсалды, сабырлы жапондар дәл осы сәт эмоцияларына ие бола алмай қалды. Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», жапон композиторы Коузаку Ямаданың «Акатамбо» әні шырқалып біткенше өздерін өздері әзер ұстап отырды. Ән аяқталған соң орындарынан өре түрегелген олардың ұзақ қол шапалақтап, әншіге ілтипат білдіруін әнші өнеріне көрсетілген құрмет сезімі ғана емес, қазақтың дәстүрлі ұлттық киіміне де білдірілген зор сүйіспеншілігі деп қабылдадық... Соңғы уақытта фейсбукте сырға, жүзік, алқа тағынып, шаштарын бояп, өздерін қазақ эстрадасына заманауи жанр әкелдік деп санайтын «91» тобының стилі жұртты ұлардай шулатып жатыр. «К-POP бағытының ерекшелігі киімдерінің стилінде, сондықтан мұнда тек музыка мен би ғана емес, корей халқының модасының халыққа кең тарауының үлкен әсері бар», деп бағамдаушылар бар. Талас-тартыс ән, орындаушылық шеберлік турасында болса, онда түсінесің. Сонда дейміз-ау, сахнада кім қалай киі­немін десе, өз еркі ме? Бізде бұл жағынан әншілер­дің киіну мәдениетіне мән беріп, ұлттық тәрбиеге бейімдейтін дәстүр, мектеп қалыптаспағаны ма? Мұндайды қалай бетімен жіберуге болады? Мейлі, біреулер бұл айтқанымызды құптасын, құптамасын, қалай топшыласа, солай ойласын. Бірақ, осы сән қазақтың балаларының бойына жарасып тұрса, мұны әңгімеге араластырып неміз бар? Мәселе, сол кейпияттың көзге түрпідей қиғаш көрініп тұрғандығында ғой. Қазақ қай кезде де төл тамырына адалдығымен, ортақ құндылыққа бағынуымен мықты болатын. Мына түрімізбен қайда барып тоқтаймыз? Бір ол ғана емес, музыкалық арналарда әні мен қимылы қабыспайтын қай-қайдағылар қаптап кетті. Сосын жартылай жалаңаш қыздар шығады жарысып. Әндерінің не мағынасы жоқ, не әуені тартпайтын мұндайларды экраннан дәріптеуге жол беріп отырғандардың да талғам-таразысы солардың о жақ, бұ жағында шығар деп топшылайсың. Тіпті, көшеде кетіп бара жатып, жол-жөнекей кіре салғандай кей жұлдызсымақтардың сахнаға джинси шалбармен шығатынына қарадай қынжыласың. Тағы бір түйткіл – сахналық өрені костюмнің бағасымен өлшейтін дерт ауа жайылып бара жатқаны алаңдатады. Сондықтан, өнер иесінің киімі ең алдымен, оның орындайтын әнінің жанрымен, табиғатымен үйлесуін, сыртқы пішіннің әсем ән мен өнерге лайық таңдалуын қалайсың... Жалпы, мамандар киім кию мәдениетінен адамның қандай адам екенін анықтауға болады деп есептейді. «Адам көркі – шүберек» демекші, сәнді киім өнер адамы үшін қай кезде де үлкен рөл атқарған. Заманға сай сән үлгілерінен қалмау, сахна салтанатына лайық киіну – қазіргі таңдағы өте бір өзекті мәселенің бірі. Біз, рас, сахнада еркіндікке шектеу қойылмайтын Ресей де, қыздарына жартылай жалаңаш стильде ән шырқауға тыйым салып отырған Өзбекстан да бола алмаспыз. Алайда, сахна мәдениеті мен әдебі ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Сахна киесін сыйлайтындар алдымен киімін түзесін... Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»