11 Қазан, 2016

Ауырмаудың жолын ізде

581 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
zhylkybay-fotoДүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, адам денсаулығының 10 пайызы денсаулық сақтау саласына тәуелді болса, 50 пайызы өзінің өмір сүру дағдысына байланысты екен. Олай болса, біз неге құндылықтың бәрін ақшаға шаққан мына заманда басты байлығымыз – денсаулығымызды Гиппократ антына адалдықты бизнеске айырбастаған дәрігерлерге тәуелді етуіміз керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» әлдеқайда тиімді емес пе?! «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік ден­сау­лық сақтау бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2011-2015 жылдар аралығында еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама жаңғыртылды, кешенді озық технологиялар енгізілді, бірқатар құрылымдық өзгерістер жасалды. 2010 жылмен салыстырғанда аналар өлімі 2 есе, сәбилердің шетінеуі 40 пайызға азайды. Алайда, қазақстандық денсаулық сақтау саласы әлемнің дамыған елдерімен салыстыр­ған­да әлі де кенжелеп қалған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттерде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру ІЖӨ-нің 8 пайызын құраса, бұл көрсеткіш Қазақстанда 3,8 пайыздан аспайды. Экономиканың ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде дәрі-дәрмектің сапасы және қамтамасыз етілуі 80 пайыз болса, елімізде бұл көрсеткіш 55 па­йыз шамасында. Медициналық ғылым мен зерттеулерге ЭЫДҰ елдерінде ІЖӨ-нің 3 пайы­зы бөлінсе, Қазақстанда ол ІЖӨ-нің 0,26 пайызын құрайды. Дәрігерлердің біліктілігі де көп жетілдіруді қажет етеді. Осы цифрлардан көріп отырғанымыздай, әзірге қазақстандық денсаулық сақтау саласы басты байлығымыздың кінәратсыз болуына кепілдік бере алмайды екен. Ендеше, денсаулығымыздың шымыр болуы үшін өз қолымыздан келетін мүмкіндіктерді неге барынша пайдаланбасқа?! Атақты кардиохирург, академик Н.Амосов «Адамның аурушаң болуына көп ретте табиғат та, қоғам да кінәлі емес, тек өзі ғана кінәлі. Ол жалқаулықтан, қомағайлықтан, тіпті көп жағдайда өзінің қисынсыз қылықтарынан ауру табады» деген екен. Жұрттың бәрі жаппай интернеттен ақ­па­рат­танған қазіргі кезеңде саламатты өмір сүру­дің, тазалықты сақтаудың қарапайым ережелерін біл­мейтін жан жоқ шығар. Бірақ күнделікті күйбең тіршілікте сол бір қарапайым ережелерді орындауға жете мән бермейтіндігіміз анық. Күнде таңертең белгіленген уақыттан 30-40 минут ерте тұрып, әртүрлі жаттығулардың көмегімен денені бусандырып, қан тамырларыңыз қатты соғатындай етіп, дене шынықтырулар жасап, соңынан салқын сумен жуынатын тұрақты әдетіңіз болуы керек. Сонымен бірге күнде не таңертең, не кешкілік 5-10 шақырым жаяу жүру ауадай қажет. Жұмыс істейтін орныңызға күнделікті (әрине, тым алыс болмаса) жаяу қатынап тұрсаңыз, нұр үстіне нұр болмақ. «Ас – адамның арқауы». Алайда, шектен тыс тамақтану айықпас кеселге душар ететін бір­ден-бір себеп екендігін есте ұстау керек. Сал­мағыңызды бір қалыпты ұстаудың да маңызы зор. Мәселен, бойыңыз 165 сантиметр болса, салмағыңыз 65 килограмм, бойыңыз 170 сантиметр болса, салмағыңыз 70 килограмнан аспауы керек. Денсаулығыңыз өзіңізге қымбат болса, зиян­­ды, жат қылықтардан (арақ ашу, темекі тарту, насыбай ату) аулақ болып, саламатты өмір сүру­ге ден қойғаныңыз дұрыс. Гигиеналық режімдерді бұзбай, тазалық­ты барынша сақтау – мықты денсаулық кепілі. Ал біздің күнделікті өміріміздегі келеңсіз жағ­дайлар адамдардың тазалық әліппесін білмеуінен емес, мәдениеттілік менталитетінің төмендігінен туындап жатқандығы ақиқат. Әйтпесе, аялдамаларда тұрып немесе отырған жерлеріне былш-былш түкіретіндерді, темекі тұқылдарын таяқ тастам жердегі жәшікке тастауға ерініп, тротуарға атып ұрып, аяғы­мен езгілейтіндерді қоршаған орта тазалығы­ның қаншалықты маңызды екенін түсінбейтін тоғышарлар деп айта алмаймыз. «Басы ауыр­мағанның қасында, балтырың сыздамасын» демекші, денсаулықтың қадірін адам өзінің жанына батқанда ғана білетіндігі өкінішті-ақ. Сондықтан қоршаған ортаның, жұтқан ауаның барлығымыз үшін маңыздылығына барынша мән бергеніміз жөн. Түйіндей айтсақ, дені сау болуы үшін адам айтарлықтай күш жұмсап, саламаттылық салтын қалыптастыруы керек. Төмендегі төрт қағида бұлжымай орындалуы қажет, олар: таңертеңгілік шынығу, дене еңбегімен айналысу, тамақ ішуді дұрыс жолға қою, тазалықты қалт жібермей, дұрыс демала білу. Ертеңін ойлаған әрбір адам, әсіресе жастар, уақытты өткізіп алмай жанын сергек, денін сау ұстап, салауатты дәстүрлерге ден қойғаны жөн. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»