Қоғамдағы ешбір адамның халыққа қызмет көрсету саласын айналып өте алмайтыны хақ. Тіпті қызмет көрсетушінің өзі басқа бір қажеттілігін өтеуде екінші бір қызмет көрсетушінің жұмысына жүгінеді. Бірімен-бірі жіпсіз байланған, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын дөңгеленген дүние. Ал осы дөңгелеген дүниедегі тетіктердің барлығы бірдей мүлтіксіз қызмет атқаруда ма? Өзге жұртта мінсіз болғанымен, дәл біздің елімізде ол мүлдем ақсап жатыр.
Дүкенге бардық. Сатушының қату қабағы, орнынан керенау тұрып, сұраған затыңды әзер әперетініне көзіміз де, бойымыз да үйреніп бара жатқандай. Іші-сырты жарқыраған, кең сарайдай сауда ойын-сауық орталықтарының өзінде қызмет көрсету әр түрлі. Бірі амандасып: – Не іздедіңіз? – деген сұрақпен қарсы алса, көпшілігі кірген адамның бас-аяғына қарап, көзімен шығарып салып жатады. Бірде мынадай жайттың куәсі болғаным бар.
Сауда орталығындағы белгілі бутиктің бірі. Киім өлшеп, айнаға қарап тұр едім, ішке екі адам кірді. Қойған сауалдарына сатушы қыз маған айтылып тұрғандай кейіп танытып жауап бермеді. Мен: – Ана кісілер сұрап жатыр ғой, менің өлшейтін тағы бір көйлегім бар, соған дейін бара беріңіз деп едім, – Ой, қойыңызшы, бәрібір ештеңе алмайтын адам екендері түрлерінен көрініп тұр ғой, – деген әлгі кісілерге естірте. Бұлай жасауға болмайтынын қызға ескертіп кеттім, ой түйді ме, күмәнім бар. Осы әңгімені айтқанымда бір жас қыз: – Апай, қазір екі киімді киіп көріп ұнамай, үшіншісін өлшейін десең кәдімгідей қиналады, ал құдай салмасын, әлгі жерден егер ештеңе алмасаңыз, онда қабағын түйіп, – Алмайтыныңыз бар, неге барлығын кие бересіз деп, қолыңыздағыны жұлқа тартып, ілгішіне іліп жатып сөйлеп тастайды, – деген. Иландым.
Ас ішуге әлдеқалай дәмханаға кіре қалсаңыз мәзірді қолыңызға ұстатқан даяшыңыз келіп болмайды. Сіз асығыссыз ба, уақытыңыз тапшы ма оған бәрібір. Қол бұлғап шақырып, тапсырысыңызды беріп, жағдайыңызды айтып, енді дұрысталар, асығар десеңіз де көпшілігінде ойыңыз жайына қалады. Тағы да сол күту.
Адамдардың бір-біріне қатыгезденіп, жылы сөйлеудің орнына жат қабақ танытуы нормаға айналып бара жатқандай. Қызмет көрсетудің қай түрін алыңыз, алдыңызды қаттылық орайды, тіпті аяқ алып жүргізбей барады. Дәрігерге барасыз ба, шапшып тұр, қоғамдық көлікке отырасыз ба, ішіне адам емес, ағаш тиегендей ойқастап, тарпаң жүріске салғанда шайқалғанды қойып, құлап қала жаздайсыз. Шаштаразға кірсеңіз сіздің шашыңызды сәндеу керектігі ұмытылып, 5 сағат үйдегі баласымен сөйлесіп, мысыққа тамақ беру жайы айтылады. Қайшысы қолында, басын қисайтып қойып телефонмен сөйлесіп тұрған қыз, әлде жігіт, оқыста құлағыңызға қайшысын да тигізіп алуы мүмкін.
Ертең дүйім ел келіп, ЭКСПО өткізіп, жеті жұрттан адам ағылар, еліміздің бас қаласы – Астанада қызмет түрлері осылай көрсетілгенде басқа жерге қандай өкпе айтарсың. Ойымыз аспанда, туризмді дамытып, мемлекетіміздің қазынасын қомақты қаржымен қомпайтқымыз келеді. Мына түрмен шетелдік турист түгіл Қазақстанның өз азаматы қашып кетердей.
Халықтан түскен қаржыдан жалақы алып, елге қызмет көрсетеді дейтін мемлекеттік органдардағы қызметкерлерді айтсаңызшы. Халыққа қызмет көрсетуші емес, өздерін Үндістанның жоғарғы кастасындағы брахманындай сезініп, әзер жауап береді. Амандығының өзі сатулыдай. Жадырап жымиып сәлемдессе, бар шаруаң шешілгендей мәз боласың.
Басқаны айтпағанда, түркітілдес бауырларымыз өзбектер мен түріктер бізден көш ілгері. Жайылып жастық, иіліп төсек болып, анасын бір, мынасын бір жадырай алдыңызға тосып, әйтеуір қалтаңыздағы қаржыны қағып алады. Әлде бізге ақша керек емес пе?!
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»