Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» деген тақырыппен өтіп, бірқатар әлеуметтік, мәдени шараларды қамтыды.
Бұл облыс – еліміздің ірі өндірістік аймағы. Онда түсті металлургия, машина құрау, жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы қарқынды дамыған. Елордадағы «Көрме» орталығында ұйымдастырылған тауарлар көрмесінде облыстың жауапты өкілдері мұны астаналықтарға көрсете алды.
Көрмеге сатып алу мүмкіндігімен облыста шығарылған көптеген тауарлар қойылды. Атап айтқанда, панты өнімдері, бал, минерал сулар, киіз аяқ киімдер, жейделер, түрлі жұмыс киімдері, қолөнер және әшекей бұйымдары, ағаштан жасалған кәдесыйлар мен ойыншықтар, құрылыс заттары келушілерге ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеге келушілер биылғы жылы облыстың 5 көне ескерткішіне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен де танысты.
«Азия авто» акционерлік қоғамының 8 автокөлігі мен тұңғыш қазақстандық электромобиль көрмеде тестік сынақтан өтіп, жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, облыста ресейлік үлгімен қатар корей және француз үлгісі бойынша да көліктер құрастырылуда. Көрмеге қатысқан облыс басшысы бұл көліктердің сапасы жоғары дәрежеде екенін айтты. «Рас, бізде көліктердің сапасы уақыт озған сайын жақсарып келеді. Бірақ, бұл өзгелермен бәсекелестік туралы ұғым туғызбауы тиіс. Біз өз шамамызды білеміз. Екі жылдың көлемінде жүзеге асуы тиіс бес жобаны қолға алдық. Сол бойынша әлемдік компанияларға сапасы жоғары бөлшектер ұсына алсақ, ол біздің жетістігіміз болмақ» – деді облыс әкімі.
Бұл күні және ертеңіне елордадағы басқа да нысандарда Шығыс Қазақстан облысының мәдени шаралары өтіп жатты. Ұлттық музейде облыстың екі танымал музейінің қорынан алынған бейнелеу өнері шығармалары қойылып, «Шығыс Қазақстанның суретшілері. Уақыт портретіне штрихтар» деген тақырыппен сурет көрмесі ұйымдастырылды. Онда Ержан Тұрғанбаев, Николай Яковлев, Николай Аштема, Анна Несина, Марат Жүнісов, Әлібек Шоқанов, Талғат Тәтиев және басқа бірқатар суретшілердің картиналары қойылды.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында Өскемен қаласындағы облыстық драма театры К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» спектаклін сахналаса, Жастар театрында Семейдегі Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» қойылымын көрсетті. Шығыс Қазақстан облысының күндері Ә.Қашаубаев атындағы облыстық мемлекеттік филармонияның «Шұғылалы Шығыс» концертімен қорытындыланды.
* * *
Астанадағы Қарағанды облысы күндері аясында да сән-салтанаты келіскен мәдени шаралар өтіп жатты.
Соның бірі – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында өткен шара. Елбасы кітапханасына Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан 100 том кітапты сыйға тартты. Сондай-ақ, шара барысында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Кітап – кітапхананың жаны. Оның қоры толыққан сайын ұлттың рухани қазынасы нығайып, барша оқырманның игілігіне жарайтын білім көзіне айналады. Бұл орайда үш ғасырды сөйлеткен 100 том кітаптың да орны бөлек. Бұқар жыраудан басталып қазіргі ақын-жазушыларға дейінгі аралықта 352 автордың еңбегін қамтитын бұл көптомдық елордадағы «Фолиант» баспасынан шығарылған. Әрбір томның таралымы 800 кітаптың айналасында.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты. Шара соңында қонақтар Елбасы кітапханасының жәдігерлерімен танысып, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің өнерін тамашалады.
Ал ертеңіне Оқушылар сарайында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры көрермендерге Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынды. Сондай-ақ, Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде Қарағанды облысының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерінің көрмесі ашылды және «Нұр Әсем» сән үйінің ұлттық киімдер топтамасы көрсетілді. Қарағанды облысының Астанадағы күндері Бейбітшілік және келісім сарайында облыстың өнер майталмандарының гала-концертімен аяқталды.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»