Тұрғын үй құрылысына қатысты үлескерлердің қаражатын қорғайтын жаңа заң қабылданды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек айтып берді.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» деп аталатын заңның нормаларын түсіндірген департамент директоры заң тұрғын үй құрылысына халықтың қаражатын тартудың жаңа тетіктерін енгізуге және үлескерлердің тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталғанын атап өтті.
Енді тұрғын үй салатын құрылыс компанияларына талап күшеймек. Құрылыс салушының тұрғын ғимараттар құрылысы бойынша кемінде үш жыл тәжірибесі болуы және республикалық маңызы бар қалалардағы, Астанадағы құрылыста кемінде 18 мың шаршы метр және өңірлерде кемінде 9 мың шаршы метр құрылыс салған болуы керек, соңғы екі жылда қаржылық жағынан шығынсыз қызметінің болуы тиіс.
Уәкілетті компания тұрғын ғимарат құрылысы жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда кепілдік беру жағдайы басталады, бұл жағдайда Кепілдік беру қоры құрылысты аяқтауға және үлескерлерге пәтерлерін беруге кепілдік береді.
Заң бойынша, барлық рәсімдерді өтіп болғаннан кейін құрылыс салушы және уәкілетті компания үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін жергілікті атқарушы органға өтініш жасайды, сол рұқсаттың арқасында олар үлескерлердің ақшасын тартуға мүмкіндік бар, бірақ ол ақшаны екінші деңгейдегі банктің шешімі бойынша тұрғын ғимараттың қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана пайдалануға құқылы. Банк инжинирингтік компания орындаған жұмыстар көлемін растағаннан кейін орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес ақшаның мақсатты пайдаланылуына бақылау жүргізеді және ақшаны бөледі.
«Күшіне енген заң үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдалану ықтималдығын азайту жолымен үлескерлердің тәуекелдерін және жұмсалған қаражатты бақылау арқылы құрылыс мерзімдерінің бұзылуын азайтуға, тұрғын үйді қаржыландыру құнын және сату бағасын төмендетуге, ЕДБ құрылыс секторын кредиттеуді ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Ұ.Жазылбек.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»