Мұнайшылар жұмыссыз қалмайды
Мұнай саласында туындаған қиындықтардан елдегі компанияларда жұмыссыздық туындауы да әбден ықтимал. Осыған байланысты Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, мәселенің алдын-алуды қолға алған. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова есеп берді. Мәселен, арнайы жұмыс тобы өткізген зерттеу нәтижесінде 99 мұнай-сервис компаниясының өз қызметкерлерін жұмыстан босату қаупі барлығы анықталыпты. Бұл мекемелерде 44 мыңға жуық адам жұмыс істейді екен. Министрлік қолдауды қажет ететін жұмысшыларды үш топқа бөліп қарастырады. «Бірінші топта 1239 адам бар. Олар 52 кәсіпорында қызмет етіп, биыл жұмыстан шығарылған. Жұмысшылардың басым бөлігі Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында», – деді Т.Дүйсенова. Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін сан алуан бағдарлама бойынша жұмыссыз қалған 325 адам тұрақты жұмыс тапты. 355-і қайта даярлау курстарынан өтті. Олардың ішінде уақытша жұмысқа тұрғандар да бар. Тағы 100 адам өздігімен жұмыс тапты. Қазіргі кезде қалған 500 адамды жұмысқа орналастыру жалғасып жатыр. Екінші топқа 22 кәсіпорынның жұмысшылары кірді. Себебі, олардың жұмысы тұрақсыз кестеге ауыстырылды. Мұндай 3200 жұмысшы бар. Олардың 1316-сы жұмыс істемейді. Өйткені, кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған. 1290-ы мерзімсіз демалысқа жіберілсе, 594-і толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Ал үшінші топқа алдағы уақытта жұмыссыз қалады-ау деген азаматтар кіреді. Олар – Атырау облысындағы кәсіпорындардың жұмысшылары. Алдағы екі жылда облыста 3804 адам жұмыссыз қалады деген болжам бар. Министр Т.Дүйсенованың айтуынша, алдағы уақытта Теңізшевройлды кеңейту жобасы аясында қосымша 20 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осының есебінен жұмыссыз қалған азаматтарды қызметке тұрғызу жоспарланған. Бұдан бөлек, индустриялық-инновациялық бағдарлама мен жұмыспен қамтудың басқа да шараларын қолдану қарастырылып отыр.Келісімдер керексіз болмайды
Бұл мәселеге Үкімет басшысы да үн қосты. Мұнайшылардың жұмыссыз қалмауына меморандумдардың да ықпал етпей жатқанын сынға алды. «Қазақстанда мұнай секторында, мұнай-сервистік салада жұмыс орындарын қысқартпау бағытында барлығы 19 мыңнан астам меморандумдар жасалған. Біз меморандумдарға қол қойғанда, басшылық алдында біз қандай керемет екенімізді көрсетіп, «меморандумдарға қол қойдық, бізде барлығы жақсы» деп есеп береміз. Қазір біз өз материалдарымыздан көріп отырмыз, кейбір меморандумдардың талаптары орындалмай отыр», деді Үкімет басшысы. Министрге меморандумдарды қайта қарап, орындалмай жатқандарын анықтауды тапсырды. «Мәселені әкімдер мен министрліктер бірлесіп қарасын», деп нақтылады.315 нысан жекешелендірілді
Отырыста қаралған екінші мәселе жекешелендіру барысы және ірі ұлттық компанияларды қор нарығына шығару бойынша жоспарлары туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев есеп берді. Министрдің мәліметінше, өткен жылдың желтоқсан айында 2016-2020 жылдарға арналған жаңа Кешенді жекешелендіру жоспары қабылданғанын және мемлекеттік жеке меншіктің ірі нысандары мен квазимемлекеттік сектордың жеке меншігін қамтитын 783 ұйымнан тұратын тізім анықталғанын айтты. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың 173 нысаны қамтылған тізім белгіленген. «2014-2016 жылдардағы жекешелендірудің екінші толқынының нысандарының негізгі тізімінде 545 ұйым қамтылған. Олардың қатарында республикалық, коммуналдық меншіктегі, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен компаниялардың меншігіндегі нысандар бар. 2016 жылғы 1 қазандағы мәліметтер бойынша 14,3 млрд теңге сомасына Кешенді жоспардағы 96 актив жүзеге асырылған. Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендірудің екінші толқыны аясында жалпы сомасы 86 млрд теңгені құрайтын 315 нысан жекешелендірілгенін мәлімдеді. «Оның ішінде 2016 жылы жалпы сомасы 7 млрд теңгеге 67 нысан сатылды, сондай-ақ, 186 млрд теңгені құрайтын 200 нысан саудада тұр. Осылайша, барлығы 515 нысан саудаға қойылды, 19 нысан қайта құрылды және таратылды. Сатылған нысандардан кірістің артқанын және салықтың артып жатқанын, сондай-ақ жалақы қоры және жұмыспен қамту сақталатынын білу үшін жекешелендірілгенге дейін және жекешелендірілгеннен кейін талдау жұмыстары жүргізілді», – деді министр.Жария ету акциясы аяқталуға жақын
Қаржы министрі сондай-ақ жария ету акциясының жұмыстары туралы есеп берді. Министрдің айтуынша, мүлікті заңдастыру бойынша акцияның аяқталуына үш айға жуық уақыт қалды. «2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде 853,2 млрд теңге – мүлікті заңдастыру, 1 813,8 млрд теңге – ақшаны заңдастыру», – деді Б.Сұлтанов. Оның айтуынша, бұл сома республика аумағында орналасқан заңдастырылған мүлікті қамтиды – 104 903 нысан және 846,3 млрд теңгені құрайтын құнды қағаздар, сондай-ақ шетелдік мүлік түріндегі 159 нысан және 6,9 млрд теңгені құрайтын құнды қағаздар. «Мемлекеттік кіріс органдарының желісі бойынша шетелдегі мүлікті жария ету құны 7 млрд теңгені құраса, шетелдегі мүлкін жария етуге жүгінгендер саны 182 адамға жетті. Біз шетелдегі мүлкін жария етудің бөлігінде әлі де әлеуеттік бар деп ойлаймыз», деді Б.Сұлтанов. Сонымен қатар, министр науқанды кідіртіп жатқан бірнеше факторлар болуы мүмкін екендігін айтты. «Қазір жалпыға ортақ декларациялау мерзімін 2020 жылға дейін шегерілуіне байланысты жылдың соңына дейін жеделдетіп мүлікті жария етудің қажеті жоқ деген жалған пікірлер қалыптасуы мүмкін. Бұл жерде ең маңызды мәселеге көңіл аудару керек. Жария ету жөніндегі науқан аяқталғаннан кейін азаматтарға қылмыстық, әкімшілік және салықтар бойынша рақымшылық жасау қолданылмайды. Жалпыға ортақ декларация тапсыру тек бақылау процесінің тағы бір қадамы болмақ. 2020 жылға қарай уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің кемшіліктері жойылып және деректер базаларының синхрондау процесі толық аяқталады», – деді министр.Биыл астық мол
Үкімет отырысында қаралған соңғы мәселе – егін жинау жұмыстарының қорытындысы туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Оның мәліметінше, астықтың жалпы жиынтығы бункерлік салмақта 23,1 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артық. Орташа өнім 15,2 ц/га құрады. Ал астық қабылдау бекеттеріне 4,6 млн тонна астық жеткізілген. Оның ішінде 3,8 млн тоннасы – бидай. 14,5 пайызға дейінгі дымқыл бидайдың үлесі жалпы көлемде 57,4 пайызды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,2 пайызға артық. Министр баяндамасында егін жинау науқанының оңтайлы уақытта аяқталуы ұйымдастырушылық деңгейінің жоғары болуының, материалдық-техникалық жабдықтау мәселесінің дер кезінде шешілуінің және жоғары түсімді егін жинау техникасын қолданудың арқасында болғанын айтты. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»