01 Наурыз, 2011

Еліміз көмегін аямайды

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астанаға ресми сапармен келген ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Қазақстанның жетекші ұйымға төрағалығының нәтижесі және Қазақстан – Литва екіжақты ынтымақтастығы елордадағы келіссөздердің өзегіне айналды. «Мен Ажубалис мырзаның Қазақ­станға келгеніне өте қуаныштымын. Ол тек біздің әріптесіміз, яғни Сырт­қы істер министрі ғана емес, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның қазіргі Іс ба­сындағы төрағасы. Қазақстан аталған Ұйымға төраға болған кезден бұрын да қос мемлекет арасында жақсы әріптестік байланыс орнаған болатын. Қазақ­стан мен Литва ЕҚЫҰ «үштігіне» кіреді. Сондықтан, біз екі елдің Ұйым аясын­дағы байланысын одан әрі дамыту, Астана Декларациясында негізі қаланып үлгерген шараларды одан әрі жүргізу бағытында бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Осы ретте, Литва мемлекетіне өзіне жүктелген осынау жоғары әрі қиын миссияны табысты аяқтауын тілейміз. Біз сіздерге әрдайым өз тара­пы­мыздан қол­дау-көмек көрсетеміз. Бұл, ең алды­мен, барлығымызға ортақ мақсат-мүд­деге жетуге сеп болары сөзсіз. Ол мақсат мынау: Ұйымды одан әрі нығайту және оның қазіргі заман­дағы күрделі мәселелердің жауабын іздеуіне жол ашу», – деді Қанат Саудабаев. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі келіссөз кезінде ұйым қыз­метін жандандыруда еуроатланти­калық және еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтастығы айрықша мәнге ие болуы керектігін алға тартты. «Бұл Ұйымның маңызды бағытына ай­налуы тиіс», – деді Қ.Саудабаев. Аудронюс Ажубалис өз сөзінде Қазақ­стан елордасы – Астанаға осы­мен 4-ші мәрте атбасын тіреп отыр­ғанын тілге тиек етті. «Мен өз әріп­тестеріммен, ЕҚЫҰ «үштігі» өкіл­дері­мен кездескенімнен айрықша әсер алып отырмын. Осы орайда, мы­на­ны баса айтқым келеді: Қазақ­станның  ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жар­қын із қалдырды. Мен Ұйымға мүше елдерге міндеттеме белгілеп берген Астана Саммиті туралы ғана айтып отыр­ған жоқпын. Ұйым құрамын­дағы елдер арасындағы демокра­тия­лық байланыстардың жоғары стан­дартын қалыптастыруда да Қазақ­стан­ның қосқан үлесі үлкен. Бұл Лит­ва мемлекетіне осы жұмысты одан әрі жүйелі жүргізуге де мүм­кіндік береді. Оған Қазақстанның көмегі айрықша қажет», – деді А. Ажубалис. Литва Сыртқы істер министрі өз кезегінде Қазақстан туралы тағы бір оң пікір білдірді. Ол: «Еліміздің Ұйым­ға жаңаша, оң серпін бергендігі» екен. «Бұл Ұйымның қай­тадан «түлеуіне» ықпал еткенін айтуымыз қажет», – деді бұл турасында Литва өкілі. Әңгіме барысында тараптар Қа­зақ­стан Президентінің бастамасымен 11 жылдық үзілістен кейін Ұйымның жаңа еуразиялық ынтымақтастық векторын айқындап берген Астана Саммитінің нәтижелерін жүзеге асы­ру, жаңа сынақтар мен қауіптерге қарсы тұруда Батыс пен Шығыс ара­сындағы үнқатысуды ретке келтіру мәсе­лелерін талқылады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.