01 Наурыз, 2011

“Шардараға құс қорыққанынан қонбайды”

513 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ОҚО табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқар­масы­ның алқа мәжілісінде облыс әкі­мі Асқар Мырзахметов осылай деді. Баяғыда бір тақыр кедейдің қызы ауылда өтіп жатқан үлкен тойға барғысы келіп, шешесін тақымдайды. “Байғұс-ау, депті ше­шесі. Барма деп тұрған жоқ­пын, барғызбасың барғызбайды ғой”. Сөйтсе, қыздың көйлегі өрім-өрім жыртық екен. Әкімнің назаланғаны орман күзеті қызметкерлері тарапынан 722 рейдтік бақылаулар жасал­ған­да ұсталған браконьерлер са­ны 262 ғана болғаны. Бұл жыл­дық есеп, осы тәртіп бұзушы­лық­ты әр айға шақсаңыз түкте емес. Осыған қарап, оңтүстіктің жігіттері аңқұмар емес деп ой­лар­сыз. Ал, алқақотан отырыста сол жігіттер “кеше қырғауылды, кекілікті қырып келдік” деп желпініп отырғанын көресің. “Аң-құсты қынадай қырып жатқан жәй аңшы емес, мемлекеттік шенеуніктер. Хаттама тол­тырып, маған әкеліңдер, сол заматта жұмыстан шығарып жіберейін” деп кіжінеді әкім. Шенеуніктердің дені мыл­тық­ты екені рас. Әкім сөзінде тұрса тұтас басқармалар босап қалады ғой. Көбіне сол аң-құсты қорғауға тиіс орман күзеті қыз­мет­керлері жол көрсетіп, атқы­зып жүрсе олар қалай серіктерін ұстап берсін. Облыстық орман және аң­шы­лық шаруашылығы инс­пек­ция­сының жаңа бас­тығы Мухиддин Аязов жаңа жыл­­дан бері жиыр­машақты күн­де 70 шақты заң бұзушылық бол­ды дегенді ай­тып қалды. Енді әрі қарай шамалай бері­ңіз. Бұрындары жыңғылға жа­қын шеткірек қонған үйдің тауы­ғы­мен бірге жайылып жүретін қыр­ғауылдар көрінбей кетсе Арқаға жер ауып кеткен жоқ. Сыр та­сығанда Мақта­аралға кіреберіс мүйісте ханбазар болады. Ауыл­дың әйелдері жамбастап отырып алып, тау-тау ба­лық сатады. Дембіл-дембіл жүк сал­ғышына балық толтырған же­­ңіл мәшинелер келеді. Шардарада да солай. Браконьерлер көлге қытайдың бір мезеттік ауын тастайды. Балығын сыпырып алған соң шатысып шуда болып жатқан ауды суға тастай салады. Оған балық түс­пейді деп кім кепілдік бере ала­ды. Ауды күзетшілерден сескеніп жинай алмай кететіндері қаншама. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ба­тыр­бек Көшербайды сұрақтары­мен жан ал­қ­ымға алған әкім осы­ның бәрін білмейді емес. Жөн­сіз­дікке, ысырапқа, жыртқыштық пе­йілге, менен кейін күл болмаса бүл болсын дейтін пиғылға оның да жүрегі ауырады-ау. Бұған қарап басқарма жұмыс жасамады деуге болмайды. Бұр­на­ғы жылы сын тезіне қаттырақ алынған Батырбек Көшербай бұ жолы жеңілдеу құтылады. Облыс әкімдігінің тапсырмалары түгел дерлік орындалған. 2005-2008 жылдар ара­лы­ғын­да барлығы 22 мың 352 гектарға сексеуіл тұқымы себілген. Оның ішін­де өнгені 10 мың 2 гектар, өн­бей есептен шыққаны 12 мың 350 гектар (55,2%). 2009-2010 жыл­дары себілген сексеуіл бо­йын­ша есептен шығару фактілері орын алмаған. Сексеуіл егу жұмыс­та­рын сапалы жүргізу мақсатында үстіміз­дегі жылы 10 трактор, 13 соқа, 11 тұқым­сеп­кіш, 14 көшет отырғызу мәшинесі алынады. Орман алқаптарында сексеуіл­дің өсімін молайту мақсатында жү­р­­­гізіліп жатқан орманшы­лар­дың ең­бектеріне қарамастан, жеке азаматтар тарапынан заңсыз ағаш, сексеуіл кесу фактілері орын алуда. 2010 жылдың басында облыс­тық орман және аңшылық шаруа­шы­лығы аумақтық инспек­ция­сы­мен, Ішкі істер департаментімен келісілген «Табиғат қорғау заңна­ма­сын бұзушылықпен күрес жө­нін­дегі бірлескен іс-шаралардың 2010 жылға арналған жоспары» бе­кітіліп, сұғанақтыққа қарсы жұ­мыстар атқарылды. 2009 жылмен салыстырғанда, рейд­­тер саны 309 өскенімен, анық­­талған заң бұзушылық фактілерінің үлес салмағы төменгі деңгейде қалып отыр. Төменгі көрсеткіштер екі жылда да Боралдай, Бадам, Арыс, Созақ орман шаруашылық­тары­ның еншісінде. Сұғанақтықтан өзге, орман қо­ры жерлерін өрттен қорғау қазіргі өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2007-2010 жылдардағы орын а­л­ған орман өрттері жөніндегі са­лыс­тырмалы көрсеткіштерден бай­қа­ла­тыны, 2008-2009 жыл­дары орман өрттерінің саны азайғанымен, 2010 жылы өртке шалынған жер көлемі артып кетті. Негізгі жұмыс бағытындағы жануарлар дүниесін қорғау, өсі­мін молайту, сақтау және тең­герім­ді пай­далануда облыс әкім­дігінің 2010 жыл­ғы 9 шілдедегі №251 қау­лы­сы­мен 2 мың 169 гектар жер ау­мағына Сырдария қау­малы құры­лып, Ал­ма­ты зоология институты ғалым­дары­ның ұсы­ны­сымен қау­мал аумағына 18 бас бұғы табиғи түрде көбеюі үшін еркіндікке жіберілді. Бұқар бұ­ғы­лары өсіріліп отырған 2 гектар жер 20 гектарға дейін ұлғай­тылды. Шымкент қаласы аумағынан «Жасыл аймақ» құрылып, 2009 жылы 1 мың гектар жерге 399,7 мың түп, 2010 жылы 1 мың 564 гектар жерге 515,4 мың түп ағаш кө­шеттері отырғызылды. Үстіміз­дегі жылы жоспарланған жұмыс­тар толығымен атқарылады. Ал­дағы 3 жылдық мерзімде Шым­кент қаласы аумағынан 7,5 мың гектар жерге ағаш егу жұмыстары жоспарланып отыр. Шымкент қа­ла­сының көркіне, облыс мақтаны­шына айналған дендросаябақта 2009-2010 жылдары жоспар­лан­ған жұмыстар толығымен аяқ­тал­ды. Саябақтағы 650-ге жуық ағаш түр­лерінің 500 түрі сақталған. Сон­дықтан алдағы уақыттағы мін­дет ғылыми-зерттеу инсти­туттары­мен бірлесе отырып, зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп, қала клима­ты­на төзімді ағаш-бұта түрлерін анық­тап, көбейту мәселесін қолға алу. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау саласы бо­йын­ша ауыл шаруашылығы, жер қаты­настары басқармаларымен бір­лесе отырып, облыс аумағын­да­ғы су ны­сандары мен суармалы жерлерге тү­гендеу жұмыстары жүр­гізілді. 15-20 жыл бұрын салынған суғару жүйе­лері­нің пай­далану мерзімінде жөн­деу жұмыстары мүлдем жүргізіл­ме­ген­діктен, облыс бо­йын­ша 429 мың 580 гектар суар­ма­лы жердің 115 мың 772 гектары айналым­нан шығып қалғаны анықталды. «Жол картасы» бағдарла­ма­сы аясында 2009 жылы 44 мың 360 гектар, 2010 жылы 32 мың 670 гектар суармалы жер қай­та ай­налымға қосылды. Оған 6 млрд. 816 млн. теңге қаржы жұмсалды. Су нысандарының жұмыс істеу қабілеті қалыпқа келтірілгенімен, бүгінгі таңда суармалы жерлер әлі де толық игерілмеуде немесе ат­қарылған жұмыс өзінің түп­кі нәти­жесін бермей отыр. Атап айт­қанда, жер қатынастары мен ауыл шаруа­шылығы басқар­ма­­ларының мәлі­меті­не сәйкес 2009 жылы қайта ай­налымға қо­сылған суармалы 44 мың 360 гектар жердің, тек 37 мың 169 гек­та­ры ғана игеріліп отыр. Игерілме­ген жер 7 мың 191 гек­тар­ды құрайды. Қазіргі таңда суару жүйе­сін­дегі қашыртқылардың техника­лық жағ­­дайының төмендігіне бай­ланысты су ысырабы орын алып отыр. Су көлемінің 20-30 па­йызы таста­лы­нып, эрозия мен қайта тұз­дануға, берілген тыңайт­қыш­тар­дың жуы­лып кетуіне әкеліп соғуда. Басқарма бастығы Б.Кө­шер­байдың баяндамасында осындай деректер айтылды. Бірақ, көңіл­де жауап күткен біраз сұрақтар қал­ған. Оңтүстіктің халқы бағ­банды­ғы­мен ерекшеленеді. Ал, Шардара ауданы әкімінің орын­ба­сары диқандар қайта пайда­ла­нуға берген суармалы жерлерін қайтарып беріп жатыр дейді. Ал, әр гектар жеріне ат басындай алтын сұрай­тын сарыағаш­тық­тар 2 мыңға тар­та суармалы жер­ді неге әлі күнге дейін пы­шақ үстінен бөліп алмай жатыр. Екінің бірі диқан Сайрам ауданы туралы да осыны айтуға болар. Сонда миллиард­таған мемлекеттік қаржының мақ­сатсыз жұм­салғаны ма? Басқарма бастығы сексеуіл­дің едәуір бөлігі санитарлық та­за­лыққа бөлінетіндігін айтты. Яғ­ни, шіріген, ескі томарларды жи­нап, елге отын ретінде тара­тып бергенде тұрған ештеңе жоқ. Алайда, Алматы барсаңыз қыс­қа кесілген сексеуілдерді қо­рап­тағы күйінде супермаркеттерден де, көшеде отын сатып тұр­ғандардан да көресіз. Шірігенге еш ұқсамайды. Жап-жас сексеуіл жігерлері біреулердің көлеңкелі бизнесіне айнал­ған­дай. Заң та­лап­тарын жасаушы­лар бір қолы­мен мемлекеттің ақшасына кө­шет еккізіп, екінші қолымен көл-көсір пайдаға оңай жол ашып бер­гендей көрінеді. Сайын дала­ға ешкім екпесе де өзі өсіп-өніп келген сексеуілдің түбіне осы солқылдақ талаптар жетпегей. Туған табиғат – тал бесігің. Кетеуін кетірсең орны тол­май­ды. Оған Қарынбайдың малын­дай болып, ен даланы толтырып жүретін миллиондаған киіктер­дің көзден бұл-бұл ұшуы дәлел. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.