12 Қазан, 2016

«Түркістан» атты кітап Мәскеуде жарық көрді

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
img_8636Ресейдегі Қазақстан елші­лігінде ресейлік белгілі исламтанушы, Ресей ғылым академиясы Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі (Кунскамера) директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, халықаралық «Manuscripta Orientalia» журна­лының бас редакторы Ефим Резванмен кездесу болып өтті. Бұл кездесу Қазақстан елшілігі бастамашы болған «Елші кештері» жаңа жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында Е.Рез­ван­ның «Менің исламдық әлемім» серия­сымен шыққан «Түркістан» атты жа­ңа кітабының тұсаукесері болды. Кітап Қазақстанның тарихына, мәде­ниеті мен дәстүрлеріне арналған көп­жылдық мұра­ғаттық, мұражайлық жә­не экспе­дициялық зерттеулер материал­дарына негізделіп жазылыпты. Осынау ерекше туындының авторы Ефим Резван Ресей мен Қазақстан тари­хының бір-бірін толықтыра, қат-қа­бат қай­шыласып жататынына тоқталды: – Ресей тарихы Ұлы Дала тари­хы­мен, Қазақстан тарихымен таңға­ларлықтай тығыз байланысып жатыр. Сондықтан біз Қазақстан аумағында зерттеулер жүргізген кезде Ресей тарихы бойынша қисапсыз ақпарат алдық. Осы үдерістің Қазақстанға да қатысы зор. Кітап біздің музейдің қазақ әріптестермен, республиканың ғылыми және мәдени мекемелерімен бірлескен жұмысының жемісі болып табылады. Мұның өзі, бір жағынан роман, екінші жағынан монография деуге келеді. Кітаппен әр түрлі пішімде: деректі фильм, сондай-ақ, аудиоиллюстрация ретінде танысуға болады. Басы­лым менің ислам әлемінің алуан қырлылығына арналған үлкен жобамның бір бөлігі іспеттес. Автордың айтуынша, кітап­та 2010-2015 жылдар кезе­ңін­дегі 4 экспедициялық сапар нәти­желері жинақталған. Оның біріншісі 1899 жылы Дүние­жүзілік экономикалық көрме үшін Қазақстан аумағынан фотосуреттер жасауға аттанған аса көрнекті этнограф һәм суретші Самуил Дудиннің маршруты бо­йынша жүріп өткен. Ал екінші экспедиция кезінде Ұлы Жібек жолының терістік тармағын қалпына келтіру әрі Үндістанға апарар су жолын ашу үшін ұйымдастырылған 1714 жылғы кінәз Черкасский экспедициясының маршрутына негізделіпті. Үшінші экспе­диция Семей полигоны аумағын­дағы әулие үңгірлер мен тұмса архео­логиялық қорықтарға жасалған екен. Соңғы маршрут Оңтүстік Қазақстан жерінен өтіпті. Экспедицияның басты мақ­саты «Ресей ғылым академия­сы Антропология және этнография музейінің заттай және фотобейнелік коллекция­ла­рындағы дәстүрлі қазақ мәде­ниеті» деген шартты атаудағы ауқымды ғылыми жобасы аясында Петербург Кунсткамерасының қазақ коллекциясын ғылыми қамтамасыз ету тұрғысында материалдар жиыс­тыру болған. Кітапта Қазақстан және Ресей тарихымен тығыз байланысқан  бірқатар нышанды заттардың тағдырлары, қазақ мәдениетінің құнды жәдігерлері жаңа ғылыми материал тұрғысынан егжей-тегжейлі талданады. Ефим Рез­ван басылымның жарық көруі ай­рықша «Мир» телеарнасының қол­дауы арқасында мүмкін бол­ғанын атап көрсетті. Осыған орай телеарна төрағасы Радик Батыр­шин шашыраңқы дербес тарих­тарды жинау арқылы Ұлы Дала­ның ортақ тарихын жасау жө­ніндегі жұмыс жалғасатынын айтты. Аталмыш «Елші кешіне» көрнекті ресейлік саясаттанушылар, тарихшылар, журналистер, Азия және Аф­ри­ка ел­дері институтының, М.В.Ломо­носов атын­дағы Мәскеу универ­сите­ті­нің, Ресей халықтар дос­тығы уни­вер­сите­тінің, Қа­зақстан мен Орталық Азия тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ, қазақ тілін оқып үйренетін Мәскеу мем­ле­кеттік тіл университетінің оқыту­шылары мен студенттері қатысты. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»