12 Қазан, 2016

Тегімізді қашан түзейміз?

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ov-pen-ev-tenТәуелсіздіктің ширек ғасырында шеші­мін таппаған бір мәселе бар. Әркім әр тарап­қа тартып, білгенінше амал етіп келеді. Сон­да да қазақ қоғамы нақты бір тоқтамға келіп, кесімді сөзін айтқан жоқ. Әйтеуір әрі тарт та, бері тартпен жүргенімізде 25 жыл да зыр етіп өте шығыпты. Ал біз ала-құла қалпымызда әлі жүрміз. Айтып отыр­ғаны­мыз, адамның тегі­не қатысты мәселе еді. Қазақтың тегін қалыпқа келтіру мәсе­лесінде Шерхан Мұртазаның бір күнде рево­люциялық өзгеріс жасағанын білетін шығарсыз. «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп жүргенінде бүкіл қызметкерімен қосы­лып «ов» пен «ев»-тен арылып, қазақы түсінік пен қалыпқа сай фамилия қалып­тастырды. Дегенмен, бәріміз осыған тоқтадық дей алмаймыз. Одан кейін атасының атына «тегі» сөзін жалғаған, «ұлы» деген ұғымды қолдаған, «немересі» деп те жазғандар болды. Солайша, біз тегі­міз­ді әлі бір қалыпқа сала алмай келеміз. Кеше ғана Олимпиада өтті. Өзге елдер­дің спортшыларын таныстырып жат­қанда фамилиясына қарап, қай елден екенін аңғара беруге болады. Ал біздің көптеген спортшыларымыз осы күнге дейін отарлаушы елдің жалғауынан ажыра­ма­ған. Әлемге өзіміздің шын әлпетімізді көр­сете алмайтындай не көрінді бізге? Тұтас қоғам бір тоқтамға келіп, барлығымыз тегімізді бір ізбен жаза алмайтындай бірлігіміз жоқ па еді? Әлде осылай ала-құла қалпымызда жүре береміз бе? Тұтас ұлт­тың бейнесін көрсететін мәселеге бей-жай қарап, немкеттілікпен жүре беруге бол­майды деп ойлаймыз. Сондықтан нақ­ты қадамға бару керек. Өз басымыз Шерағаң ұсынған қалыпты ұстанамыз. Кейбіреулер «аты қайсы, тегі қайсы, түсініксіз, жаңылтпаш сияқты» деуі мүмкін. Айтайық, Джордж Буш дегенде аты мен тегін шатастырмайсыз ғой. Барак Обама десе де солай. Жак Ширак атын естігенде де бас қатырып отырмайсыз. Тіпті, Усама бен Ладен дейтін терроршының аты аталғанда «осының фамилиясы қайсы?» деген сұрақ қоймайсыз. Ал осы ізді қазақы қалыпқа салғанда, аяқасты шатаса қаласыз. Неге? Өйткені, біз аты-жөнімізді жазуда Кеңес Одағы енгізген жүйеден шыға алмай отырмыз. Алдымен тегі, онан соң аты, ең соңында әкесінің аты жазылатын баяғы қалыппен ойлаймыз. Содан келіп шатасу басталады. Фамилиясының соңында жұрнағы жоқ жандарды көрсеңіз «осылар-ақ шатастырып болды-ау» деп отырғаныңыз сосын. Сондықтан адам атын бірінші, әкесінің атын екінші, тегін үшінші жазылатын жүйе жасалуы керек. Балабақшада, мектепте, университетте, қызметте, құжат беретін орындарда, қоғамдағы қай жерде болмасын адам аты алдымен жазылатын нұсқау берілуі қажет. Осыдан соң шатасқан, «жаңылтпаш» деген адам табылмайтынына бәс тігеміз. Әлдекімге елеусіз, ескерусіз, болмашы дүние сияқты көрінетін шығар. Дегенмен, ұлттың ұстынын көрсететін, шын бет-бейнесін беретін бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әрі-беріден соң тегімізді түзей алмай жүргеніміздің өзі құлдық психологиядан арыла алмай, жалтақ кейіппен өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі сияқты қабылдануы бек мүмкін. Өз алдына ел болып, өз қолы өз аузына жеткен дербес, азат, егемен, тәуелсіз елдің ұрпағына  мұндай қылық тән болмаса керек... Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»  ҚЫЗЫЛОРДА