12 Қазан, 2016

«ҚазМұнайГаз»: биік белестерге барар жолда

385 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
um-logo-na-sinem-foneЖұмыс жүргізуде жаңашылдыққа мән беру және оны күнделікті қызмет барысында қолдану – өнімді еңбек етудің басты қағидаттарының бірі. Жаңашылдықтың өзі жан-жақты, білімді де білікті кадрлар, заманауи талапқа сай жұмыс жүргізу мүмкіндігіне қол жеткізу, тиімді маркетинг сынды қырларымен бірге, мамандардың, жұмысшылардың ынтасын арттыру, шеберлігін шыңдау бағытындағы алуан жұмыстардың құрамдас бөлігі. Қазақстандағы ең алып жұмыс беруші, көмірсутектерді барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаумен айналысатын, сондай-ақ толық өндірістік үрдісті жүзеге асыратын еліміздің мұнай-газ саласындағы бірден-бір жетекші кәсіпорын – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ жұмысшы мамандарға қатысты істі қат-қабат шаруаның тасасында қалдырмай, тиімді үйлестіріп келеді. Биыл компания жұмысшылармен жұмыс жүргізуде жаңа биікке көтері­ліп, жаңа қырынан көрінді деуге болады. Олай деуге себеп – бұған дейін тек еншілес компаниялар арасында өтіп тұратын «Үздік маман» атты жұмысшы-мамандардың кәсіби шеберлік байқауы биыл кең ауқымға құлаш ұрып, жалпы компания деңгейінде өткізілді. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қызметкерлерінің жұмыстағы кәсіби шеберлігі мен білім деңгейін арттыру, топтағы 220 кәсіпорын қызметкерлерінің өзара тату-тәтті, қоян-қолтық жұмыс жасап, бір-бірімен тәжірибе алмасуына жол ашты. Сондай-ақ қызметке адал, өз ісінің озық мамандарын тауып, оларды одан әрі ынталандыру және өзге әріптестеріне үлгі ретінде ұсыну, корпоративтік рухты көтеру мақсатындағы байқау 3-7 қазан аралығында Маңғыстау және Атырау облыстарында компанияның еншілес кәсіпорындарының алты өндіріс аумағында болды. Нақтырақ айтсақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың Қаламқас кен орнында, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың Ақтау қаласындағы оқу-курс комбинатында, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нде, Жетібай кен орнындағы «Oil Servises Company» ЖШС-нде, Қаламқас кен орнындағы «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нде өткізілді. Ел тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған «Үздік маман-2016» бай­қауының ашылу салтанаты Қа­ламқас кен орнында болды. Салтанатты жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай сервистік активтерін басқару департаменті директорының орынбасары Темірғали Сәкиев аталмыш компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың «Құрметті кон­курсқа қатысушылар, қымбатты әріп­тестер! Тәуелсіздіктің мерейлі тойы қарсаңында бірінші рет өткізілетін «Үздік маман» шеберлік конкурсы­ның ашы­луымен құттықтаймын. Республикалық деңгейдегі жарыс жұмысшылардың кәсіби біліктілігін, жұмысқа деген жауапкершілігін арттыратынына сенімдімін. Үздіктердің үздігін анықтайтын байқау ұлттық компанияда қолға алынған трансформация бағдарламасының дамуына септігін тигізеді. Сайыстың бірінші кезеңінде мұнай-газ саласындағы еншілес компаниялардан 36 мамандық түрінен 3 мыңнан астам жұмысшы қатысып, бағын сынады. Тәжірибесі мол мамандардан құралған қазылар алқасының алдында теория мен тәжірибені шебер меңгерген мамандарды анықтау міндеті тұр. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!» делінген құттықтауын жеткізді. Басқарма төрағасының құттық­та­уында айтылғандай, екі кезеңді сайыс­тың 3 мыңнан астам адам қатысқан алғашқы кезеңінен «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» шыққан шеберлер екінші кезеңге жолдама алған болатын. Екінші кезеңде химиялық талдау зертханашысы, жүк операторы, электргазбен дәнекерлеуші, электромонтер, мұнай және газ өндіру операторы, қабат қысымын ұстау операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, техникалық жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету операторы, көлік кранының машинисі, көлік жүргізушісі, цементтеу агрегатының моторист-ма­шинисі, токарь, техникалық қондырғы операторы, техникалық сорап маши­нисі, ПРС, КРС, бұрғылау бригадалары, компрессорлық техника машинисі секілді 20 негізгі және жанама кәсіп бойынша 126 жұмысшы сынға түсті. Байқау өндіріс орындарынан, са­йыс­тың өту барысынан толық ақпа­рат­тандырылды деуге болады және биыл тұңғыш рет байқаудың өту барысы туралы жаңалық-мәліметтер «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ веб-сайтында үздіксіз жарияланып отырды, портал қолданушылары байқауды онлайн режімде көруге мүмкіндік алды. Қажетті шаралармен жан-жақты қамтылып, тиянақты ұйымдастырылған байқауда қатысушылардың білімі мен білігін танып, бағалау үшін компанияның еншілес ұйымдарынан әр мамандық бойынша келген сарапшылар жұмыс істеді. Сайыстың бірінші кезеңінде теориялық білім деңгейін көрсетіп, екінші кезеңде прак­тикалық, яғни тәжірибелік сынға түсетін қатысушыларға толық мүм­кіндік жасау үшін өндірістік нысандарда арнайы жабдықталған жұмыс алаңдары, бөлмелер, құрал-саймандар мен жабдықтар дайындалып қойылды. Бес күн бойы теориялық және тәжірибелік сындарда сыналған әрі шыңдалған жұмысшы мамандар 7 қазанда Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйіне жиналды. Кең залға лық толған мұнайшылардың арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдері де болды. Еліміздің әнұра­ны­мен басталған жиында «Үздік маман-2016» байқауының өту барысынан дайын­далған бейнефильм назарға ұсынылды. «ОйлТранспортКорпо­рейшн» ЖШС-­нде 20 жылдан бері жұмыс істеп ке­ле­мін. Бұған дейін мамандар ара­сын­­дағы сайысқа бір рет қатысқан едім. Мен үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы құрамындағы барлық кәсіпорындардың қызметкерлері қатысқан бұл сайыстың жөні бөлек болды. Сайыста бір қиналсам, марапаттауда екінші рет қиналдым», дейді толқынысын жасыра алмаған цементтеуші агрегат кәсібі бойынша 1-орынды иеленген С.Сарыбаев. Әріптесінің сөзін «Өзенмұнайгаз» АҚ жүргізушісі Е.Мәуленбаев толықтыра түсті. «16 жыл жүргізушілік еңбек өтілім болғанмен, мұнай саласында, яғни, «Өзенмұнайгазда» жүргізуші болып жұмыс істегеніме биыл 5 жыл. Аталған бес жыл ішінде осымен үшінші рет байқауға қатысып тұрмын. Алдыңғы байқауларда 3 және 2-орындарды иеленгенмін, міне, биыл ауқымды сайыста 1-орынға қол жеткіздім. Бұл менің ғана емес, біздің қызметкерлердің жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, білімі мен білігін толықтырып келе жатқандығының белгісі деп білемін», деді ол. «Мұнай және газ өндіру операторы», «Мұнай өңдеу кәсіпорындарының химиялық сараптау зертханашысы», «Ұңғымаларды зерттеу операторы», «Ұңғымаларды зерттеу жөніндегі оператор», «Технологиялық компрессорлар машинисі», «Технологиялық жабдықты жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесарь» мамандықтары бойынша жүлделерді тапсырған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Серік Әбденов жеңімпаздар мен барлық сайысқа қатысушыларды құттықтады. img_3648 img_3589 img_0368«ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ния­сының еліміздің көмірсутегі өнді­рісіндегі алатын орны туралы айтып жату артық. Кен орындарын бар­лай­тын, өндіретін, өңдейтін және тасымалдап жеткізетін компания еліміздің тұрғындарына, мекемелеріне жанармай, басқа да химиялық өнім­дерді жеткізетін мекеме, алыс ауылдарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін ұжым, 90 мыңға тарта адамды жұмыспен қамтып отырған іргелі жұмыс орны. «ҚазМұнайГаз» компа­ния­сы қазіргі биігіне бірден жете қой­ған жоқ, бұл – бұған дейінгі және бүгінгі құрыш білекті майталман мұнай­шылардың маңдай терімен, сала қызмет­керлерінің табанды еңбегімен келген, өзіндік қалың тарихи жылнамасы қалып­тасқан еңбек ұжымы. Қазір­гі таңда алдына алып мақсаттар мен мін­деттер қойып отырған компания биыл еліміздің ең басты мейрамы – Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына орай «Үздік маман-2016» байқауын өткізіп отыр. «Біз еліміздің қай өңіріндегі кәсіп­орындарда қызмет етсек те, мекеме­ле­ріміздің атаулары мен арнайы киім­дердегі белгілеріміз өзгеше болған­мен, бәріміз «ҚазМұнайГаз» компания­сының қызметкерлеріміз. Осы мәрте­бені әрдайым биік ұстап, атына сай болайық», деген Серік Әбденов 90 мыңға тарта адамның ішінен суырылып шығып, «Үздік маман-2016» байқауына қатысуды үлкен жетістік деп білетіндігін, ал байқауда жеңіске жетудің зор табыс екендігін атап өтіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген әрбір мұнайшыны, әрбір қатысушыны, әрбір жүлдегерді құттықтады. – Тамыз айында Жетібайда «OSK» ЖШС-нде өткен іріктеу кезеңінде 6 бригада арасынан топ жарып шығып, осы үлкен сайысқа қатысуға жолдама алған едік. Бүгін мен қасымдағы 5 жігітпен бірге бұл байқауда да үздік атанып тұрмыз. Өте қуаныштымыз және мен өзімнің бригадамдағы жігіттерге алғыс айтамын. «Үздік маман-2016» байқауы жақсы ұйымдастырылды. Мұндай ірі сайыстарды қызметкерлердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына қолайы деп білемін, – дейді ұңғыларды бұрғылау мамандығы бойынша 1-орынды иеленген топтың мүшесі, бұрғышының көмекшісі Мереке Асаев. Марапаттау жиынында бір бай­қағанымыз, мұнай компанияларының қызметкерлері өнерлі екен. Әдемі ән, бұралған би, күмбірлеген күй керек пе, барлығын да «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметкерлері өздері тамылжыта орындап, тыңдаушылардың қошеметіне бөленді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың алдына қойған стратегиялық мақсат­та­рына көз жүгіртсек, компания әркез өнімділікке, тұрақтылыққа, кәсі­билікке қол жеткізу үшін тиімділік, жауапкершілік, қауіпсіздік сынды корпоративтік құндылықтарды ұстанады. Қызметкерлерді құрметтеу, бағалау марапаттау, оны ауқымды шара етіп өткізу – осы стратегиялық мақсаттан туындаған, оны жүзеге асыру жолындағы сәтті қадамдардың бірі екені сөзсіз. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы