Ақсу қалалық соты орналасқан ғимаратқа биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ескі үй жаңарып сала берді. Ғимарат 70-ші жылдары тұрғызылған. Алғашында онда құрылыс бөлімі, кейіннен барып сот орналасыпты. Енді түгелдей Фемида қызметшілеріне беріліп отыр. Мұнда мұрағат, кеңселер, сот мәжілісі залдары бар, бұрынғыдай таршылық етпейді. Бұрын бөлмелердің жетіспеуінен судьялар сот отырыстарын кабинеттерде өткізіп келіпті. Ал, мұнда келуші тұрғындар үшін бірінші қабатта кеңсе және мәжіліс залдары орналасқан. Жаңаша кейіпке енген ғимарат сот мәжілістерінің залдарда өтуіне қолайлы жағдай жасады. Бұл өз кезегінде сот істерінің қаралуында тәртіп пен жеделдікке әсер етері сөзсіз. Ғимараттың сыртқы келбеті де әсем. Тұсаукесер рәсімге жиналғандар Фемида қызметшілерінің сот төрелігін іске асырудағы қажырлы жұмыстарына сәттілік тілеп, ізгі ниеттері мен жылы лебіздерін білдірді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.