немесе Альберт Гернидің «Махаббат хаттарын» «оқуға» төзім жете ме?
Бүгінгі заманның тым сыншыл, тым кінәратшыл көрерменінің көңілінен шығу үшін қазақ сахнасында жүріп жатқан жаңа эксперименттер де бар. Сахна мен залдың арасында көзге көрінбейтін тайталастан жеңімпаз атанып шығу үшін режиссерге үлкен шығармашылық қадамдар керектігі қашанда өзекті болып қала бермек.
Биыл Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры алғаш рет америкалық жазушы Альберт Гернидің «Махаббат хаттары» атты екі бөлімнен тұратын эпистолярлық романын сахналаған болатын. Бұл күндері өткен маусымның ең соңғы спектакльдерінің бірі көрермендерімен қайта сырласуға дайын.
«Болашақ» бағдарламасымен оқып келген, бұған дейін режиссер Талғат Теменов сахналаған «Қызыл орамалды Шынарымда» актер ретінде жұлдызы жанған Жұлдызбек Жұманбайдың Мәскеуден бірдеңе біліп келгеніне сенген едік.
Түйсігіміз алдамапты. Сахнада сирек болатын соны эксперимент өзін өзі толығымен ақтады. Актер Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлікке жайған құлашы сәтті болды.
Ал спектакль... Өмір бойы бірін бірі жақсы көріп тұрып та саналы түрде бірінен бірі бас тартқан, бірін бірі іздеп жүріп те таппаған талайсыз тағдырларға құрылған диалогтардағы сөздерді бір кезде сіз де айтқансыз.
Өле өлгенше, тіпті, өліп қалғаннан кейін жазылған хаттар. Сүйіп тұрып та осы сезіміне сенбей өткен адамдар. Осылайша америкалық өршіл сенатор Энди мен Мелиссаның махаббат хаттары адами қарым-қатынастардың да, тіпті, көрерменнің өтіп кеткен өмірінің де қалтарыстарына сапар шеккізеді.
Қос кейіпкер, екі артист: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Тынышкүл Сұлтанбердиева мен Қадырғазы Қуандықов сахна төрінде «Махаббат хаттарына» жан бітіреді. Жан тебірентерлік драмада, бір жағынан, психологиялық толқыныстардан өзге ештеңе де жоқ сияқты. Екінші жағынан, онда бәрі де бар. Адамгершілік тұрғыдағы өрлеулер, моральдық құлдыраулар, жан күйзелісі.
Бір кездегі бала Энди өршіл мінезімен армандарын бағындырса, ол оқитын мектепке бойжетіп те үлгермеген кезінде, «Өз елінің ханшайымы» сияқты адасып келгендей болған Мелиссаның өмірінің соңына дейін адасып өтуіне не себеп? Жауаптардың барлығы – көрерменнің көңілін бір сәтке болса да өзгеге алаңдатпаған шыншыл, жүрек шымырлатқан хаттарда.
«Мен «л» әрпінің аяғын «д» әрпінікіне қарағанда ұзынырақ етіп салатын боламын». Энди. «Мен өзімнің барлық «а» мен «о»-ларымды дөңгелететін боламын». Мен «р»-ның аяғын ұзындау қылуға тырысатын боламын. Оқы да әрі қарай жібер. Энди. Мұның аты – бала махаббат болса, уақыт өте азапқа айналған ұлы сезім.
Ал спектакльдегі хаттардың мәнісін нақыштап тұрып, өз қолымен хат жазып көрген буынның өкілдері ғана түсінер. Міне, өзінің мәнсіз тіршілігінен шаршаған Мелисса мына пәниден өткенше жалғасатын хаттарда мынадай жолдар бар: «Менің әкем, барлық адамдар хат жазуы тиіс және мүмкіндігінше жиірек жазулары тиіс деп есептейді. Бұл – құрып бара жатқан өнер. Ол, хат деген – өзін көрсетудің әлемдегі ең тиімді тәсілі дейді. Мен де осылай ойлаймын».
Кейде сол хаттардағы түкке тұрғысыз сөздердің өзі де терең ойға қалдырады.
Әлемнің әр шалғайынан екі адамның хаттарындағы шыншыл кеңестер мен шынайы сезімдер бірін бірі өсіріп отырады. Алайда, қарапайым Энди сүйіп тұрып та ауқатты арудан бас тартты. Әке-шеше мейірімінен мақұрым қалған Мелисса да кейде екеуінің қағаздағы махаббатының өзі үлкен қабырғаға айналғандай болған хаттарға да қарғыс айтқан кезі аз емес.
Әрине, екі бірдей бөлімнен тұратын эпистолярлық роман сахналық нұсқасында қысқарған. Бұл жерде режиссердің қабілет таныта білгенін айту керек. Қысқарған жолдардың жігін білдірмей, көрерменді спектакльдің соңына дейін бір деммен алып шығу да – шеберлік.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ