«Терроризм», «Діни экстремизм» – бұл суық сөздер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ол барша ғаламның індетіне айналғалы әр елде, әр жерде өзінің сұмдық әрекеттерін жасауда, халыққа қасірет әкелуде. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл зұлымдықпен бүкіл әлем болып күресуге шақырады.
Бұл проблеманың алдын алу – кезек күттірмейтін міндет. Бұл бағытта заңдар қайта қаралып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үдерістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу, отбасында дұрыс тәлім-тәрбие алу діни сауаттылықтың бір қыры.
Осының бәрін баласының бойына сіңіріп өсіруі үшін ата-анаға баласының теріс жолға түспей, ғаламторға тәуелді болмай, қоғамдық желілерден өзіне қажетті ғана ақпарат таңдайтын, саналы азамат болып өсуі үшін, осы құндылықтарды дәріптейтін дұрыс тәрбие беруі қажет. «Жас бала жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді», дейді дана халқымыз. Жерге отырғызған жас көшет те қашан тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш болып үлкейгенше, мәпелеп күтіп, үзбей қарауды керек етеді. Тәрбие жеке тұлғаның санасына, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына әсер ететін құрал. Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым-қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру құралы.
Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде «Дінтану» курсы өзекті бола түседі. Ортаңғы буында 2009 жылдан бастап оқытылып келе жатқан аталмыш пән қазіргі таңда толықтыруды қажет етеді. Өйткені, қазіргі діни ахуал күрделене түсті. Оқулықта әлемдік діндер, дәстүрлі емес діни ағымдар туралы мәліметтер, экстремизм, терроризм туралы түсінік, оның белгілері, ғаламтордағы көріністері секілді күрделі бөліммен толықтырылуы тиіс. Дін туралы білім мектептен соң арнаулы және жоғары оқу орындарында жалғасын тапса деймін. Мұның бәрі дін туралы танымды кеңейте түседі, жастардың өмір соқпақтарында сүрінбеуінің кепілі.
Ұрпақ тәрбиесі – қоғамның болашағы.Оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деп М.Әуезов көрегендікпен айтты емес пе?! Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі отбасына және ұстаздар қауымының парасаттылығына тығыз байланысты. Ендеше, «Бала тәрбиесі – баршаның ісі» деп білейік.
Ақнұр НҰРМАҒАНБЕТОВА,
Кеңес орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы