мамандық иесі боламын дегенге кең жол ашады
Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұрпақ тәрбиесінде жатыр. Ұрпақ тәрбиесінен ұтылған ұлттың келешегі кемел болуы екіталай. Иә, кез келген аға буын өзінен кейін өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа қашан да сын көзімен қарап, өзгерістің бәрін өз кезеңіндегі дүниелермен салыстырып, уақыт өзгешелігін таңданыспен қабылдайды. Ондайда әке мен бала арасында пікір таластырушылық та болмай қоймайды. Қазіргі ақпараттық технологияның түрлі жаңалықтары біздің күнделікті өмірімізге ғана емес, сонымен қатар, ақыл-ой, сана-сезімімізге де тікелей әсер етуде.
Әр дәуірдің өз ұланы, өз ұрпағы болады. Өткен ғасыр адамдары мен бүгінгі XXI ғасыр жастары арасында айырмашылық көп. Өскелең ұрпаққа алдыңғы толқын үнемі дұрыс ақыл айтып, жол сілтеп, қолынан келгенше ең жақсы тәрбиені, үлгі-өнегені танытса, келешек иесі адаспайтыны ақиқат. Кейде баланың қалауы ескерілмей қалып жататын тұстар да жоқ емес. Тіпті, ата-аналар тарапынан қысым көретін жағдайлар да кездеспей қоймайды. Қалай десек те, әр адам өмірдегі өз жолын жақсы қалыптастырып жатса, тұрмысы түзеледі. Таңдауды әр жас ақылмен өзі жасаса жаңылыспас еді.
Әр ата-ана бала болашағының даңғыл болуына, дұрыс жүріп-тұруына, жақсы білім алуына мән берсе, үміті ақталады, жол сорабы сақталады. Әсіресе, білім алу ісі отбасының темірқазығы. Қазық мықты болса, әр жастың ертеңі алаңсыз.
Ұрпақ тәрбиесіне, білім үйренуіне қатысты осындай мәселелерді жүйелі жүргізу үшін қыруар қаржы керек екені белгілі. Азаматтарымыздың барлығының бірдей балаларын оқытуға қаржыдан мүмкіндігі бола бермейтіні де анық. Осындай сәтте елдің ертеңі, ұлттың болашағы үшін деген ізгі ниетпен, Тәуелсіздік алғаннан бергі кезең ішінде мемлекетіміз тарапынан қолжетімді және сапалы білім алуға көп жағдай жасалып келеді. Соның бір дәлелі, 2013 жылдан қолданысқа енгізіліп, бүкіл Қазақстан бойынша сәтті жұмыс істеп келе жатқан – Мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесі (МБЖЖ) дер едік.
Аталмыш жүйенің көмегімен еліміздің әрбір азаматы өзінің немесе балаларының Қазақстанда және шетелде оқуына жоспарлы түрде қаражат жинақтай алады. МБЖЖ-ның басты ерекшелігі – бұл білім беру депозитіне банктен жылдық 14 пайыз мөлшеріндегі ай сайынғы сыйақыдан бөлек, мемлекеттен 5 пайыздан 7 пайызға дейін сыйлықақы төленетінін баса айтсақ дейміз. 7 пайыз мөлшеріндегі көтеріңкі мемлекет сыйлықақысы әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататынын азаматтар, оның ішінде жетім балалар, мүгедек балалар, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан және көпбалалы отбасындағы балалар үмітін ақтауға арналған. Басқа салымшыларға мемлекет сыйлықақыны жыл бойына жинақталған сомаға 5 пайыз мөлшерінде төлейді. Салым бойынша орташа табыс жылына 19 пайызды құрайды.
Тәжірибе көрсеткендей, білім беру депозиттерінің сақталуы мен кепілдендірілу мәселесі МБЖЖ-ның әлеуетті салымшыларын мазалайтын басты сұрақ болып отыр.
Қаржы жинақтау жүйесі туралы заңда білім беру депозиттерін сақтап қалудың барлық ықтимал амалдары қарастырылған. Атап айтсақ, депозит 10 млн теңгеге дейінгі сомада мемлекеттік жеке тұлғалар депозиттерін кепілдендіру қорымен сақтандырылған. Сондай-ақ, заңмен инфляция деңгейі жоғары болғанда, немесе экономикада басқа өзгерістер орын алған жағдайда МБЖЖ-ға қатысушы банктердің сыйақы мөлшерлемелерін және мемлекет сыйлықақыны көбейту жағына қарай қайта қарау мүмкіндігі де қарастырылған.
Мысалы, 2013 жылы бұл депозит бойынша банктің сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз болса, қазір ол жылдық 14 пайызға дейін көбейтілді. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілгендей, банктің сыйақысынан бөлек, мемлекеттен сыйлықақы да төленеді.
Тағы бір маңызды жайт, салымшы жинақтау сомасы мен мерзімдерін өзі белгілейді. Бұл өте ыңғайлы және отбасылық бюджетке де ауыртпалық түсірмейді. Жүйе бойынша әр азамат қаражат жинақтауды жалғастыра отырып, оқудың ақысын ішінара төлеуге болады. Жинақтау мерзімінің соңына қарай білім беру депозитіндегі ақша сомасының шамамен 60 пайыз салымшының жеке жарналарынан, ал 40 пайыз білім беру депозитіне есептелген аударымдардан құралады. Осылайша, МБЖЖ-ның көмегімен азаматтар білім алуға арналған шығыстарын жартысына дейін дерлік қысқарта алады.
Айта кетер жайт, бала грантқа оқуға түскен жағдайда жинақталған қаражат мемлекет сыйлықақысымен және банктің сыйақысымен бірге бәрі де салымшының иелігіне өтеді. Салымшы оны қолма-қол ақша түрінде алуға, жинақтауды жалғастыруға немесе үшінші тұлғаның атына ресімдеуге құқылы. Осылайша, мемлекет жоғары сынып оқушыларын жақсы оқып, білім грантын алуға ынтасын арттырудың осындай әдемі жолын ұсынып отыр. Егер жинақталған қаражат оқудың ақысын толық төлеуге жеткіліксіз, бірақ білім беру депозитінде қажетті соманың 50 пайызы бар болса, салымшы мемлекеттің 100 пайыз кепіл болуымен, жеңіл шартпен кепілзатсыз кредит ала алады. Алайда, бұл шарттар республика ішінде ғана қолданылады. Білім беру депозитін ашу кезінде әрбір ата-ананың үкілеген үміті мен күдігі қатар жүретінін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, ата-ана мен бала жиналған қаржыға орай мамандық таңдау кезінде «тіл» табысады. Мұндай кезде алда айтқанымыздай, әке мен бала арасындағы пікірталас жалғаспайды. Балаға өз таңдауын жасауға әкесі мүмкіндік береді. Білім беру жинақтау депозитін ашудың астарында отбасының берекесіне қатысты идея жатқаны белгілі.
Енді білім беру жинақтау депозитін ашу қалай жүзеге асады дегенге келер болсақ, жеке басты куәландыратын ата-ананың құжаты болса жеткілікті. Депозит ашу кезінде баланың туу туралы куәлігі мен ЖСН ұсынса болғаны.
Бастапқы жарнаның төменгі сомасы 3 АЕК-ті құрайды, яғни банктерде жоғары депозитті ашу үшін 6 000 теңгеден сәл көбірек ақшаң болса тосқауыл жоқ.
Аз уақытта салымшылардың саны 15 мыңнан асып отырғаны бұл жүйенің тиімділігін көрсетсе керек.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қоғамда қолдау тауып жатыр. Бағдарламаға меценаттардың, қайырымдылық қорларының, сондай-ақ отандық кәсіпорындар мен ұйымдардың қосылуы да қуантады. Қазақстанның білім беру ұйымдарында тәрбие алып жатқан жетім балалардың барлығына да дерлік білім беру жинақтау депозитін ашып, бірінші болып қайырымдылық көмек көрсеткен «Бөбек» қоры. Қор қазір осы бір игілікті іске 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтағы тұрғындарға мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы қолдау білдіргенін де айта кетсек дейміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»