Ресейдің Омбы қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер жастары көшбасшыларының халықаралық форумы болып өтті. Қытайдан, Ресейден, Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Үндістаннан, Пәкістаннан, Ауғанстан мен Ираннан келген жас кәсіпкерлер, қоғам жұмысымен айналысатындар, саясаткерлер, ғалымдар мен журналистер тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын талқылады.
Халықаралық форумға қатысушыларды облыс губернаторы Виктор Назаров қабылдады. Жастарды Омбы өңірінің аумағында жастардың қандай жобалары табысты жүзеге асырылып жатқаны, губернатордың Ресей-Қытай студенттік бизнес-инкубатор ашу идеясына қалай қарайтыны қызықтырды.
Өңір басшысы Омбы педагогикалық университетінің базасында студенттік бизнес-инкубатор құру идеясын қолдап, болашақ резиденттерге мұндай бағытты әлеуметтік кәсіпкерлік ретінде белсенді дамытуға шақырды. Аталған бизнес-инкубаторды ашу алдағы жылдың шілде айына жоспарланды. Енді бизнес-инкубатордың резиденттері тек тіл үйреніп қана қоймай, ықтимал әріптестерінің менталитет ерекшеліктерімен және өздерінің елдерінде бизнес жүргізу ережелерімен танысады деп күтілуде.
– Біз мойнымызға жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша алаңның модераторы және ұйымдастырушысы рөлін алуға дайынбыз, – деп мәлімдеді Виктор Назаров. – Сіздерге өзімізде бар бағдарламалар шеңберінде қолдау көрсететін боламыз. Сіздердің назарларыңызды әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесіне де ерекше аударғым келеді. Бұл жобалар біздер күтетін пайда әкелмеуі әбден мүмкін, есесіне мұнда орасан зор әлеуметтік тиімділік жатыр.
Жастардың мәдениет саласындағы бастамалары туралы айта келіп, губернатор өңір басшылығының негізгі қағидасы жастармен жұмыста оларға кері әсер етпеу басты міндет болып табылатынын мойындады.
– Бізде жүзеге асырылып жатқан жастар жобалары баршылық. Солардың ішіндегі табыстысы – «Онегиннің саяжайы». Бұл алаң жастар көргісі келген деңгейде жұмыс істеп тұр. Оған қатысушылар қызықты жобалар жасайды, ал біз, тіпті, олардың идеяларын іліп әкетуге де үлгерер емеспіз. Бастысы, бастама сіздерден шығуы тиіс, біздің міндетіміз – іліп әкетіп, барлық ойлаған нәрселердің жүзеге асуына көмек қолын созу.
Өңір басшылығының жастар бастамаларына осындай оң көзқарасын білген «Ресейдің жастар одағы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Татьяна Селиверстова Омбыда тағы бір кең ауқымды шара өткізуді ұсынды.
– «Ресейдің жастар одағы» екі жылда бір рет «БРИКС және ШЫҰ елдерінің студенттік көктемі» деп аталатын халықаралық фестиваль өткізіп келеді. Ол әлемнің 25 елі жастарының басын біріктіреді. Біз сіздерден 2018 жылы Омбы өңірінде мәдениет және шығармашылық салаларында осындай маңызы зор фестиваль өткізу мүмкіндігін қарастыруларыңызды өтінгіміз келеді. Бұған қажетті құжаттардың барлығын дайындап береміз, – деді Т.Селиверстова.
Форум шеңберінде Қытай, Қазақстан, Үндістан және Ресей масс-медиасының өкілдері Журналистер үйінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Онда журналистер жас мамандарға тәжірибелерімен бөлісті.
Циндао телевизиялық стансасы журналист балалар мектебінің директоры Цзя Юньнің пікірінше, өскелең ұрпаққа өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне мүмкіндік берудің маңызы зор. Міне, жас журналистердің мәтінді көбірек жазып, теория мәселелеріне назарды азырақ аударуы осы үшін керек.
Қазақстан Республикасы біртұтас балалар-жастар ұйымдарының төрайымы Динара Сәдуақасова дөңгелек үстел отырысына қатысушыларға ықпалдаса жұмыс істеуді ұсынды. Бұл арада мамандар алмасуды қоса алғанда, жас тілшілердің Қазақстанда тәжірибеден өту мүмкіндігі мәселесі де бар. Бұл идеяны Омбы облысы жас журналистері қауымдастығының жетекшісі ретінде мен де қолдайтынымды білдірдім. Соңғы екі жыл бедерінде «Омская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің редакциялары материалдармен және иллюстрациялармен алмасып келе жатқанын хабарладым. Мұндай бірлескен жұмыстардың оқырмандарға отандастарының өмірі туралы көбірек білуге мүмкіндік беретіні күмәнсіз.
Анықтама ретінде айта кететін болсақ, «БРИКС және ШЫҰ елдерінің студенттік көктемі» халықаралық фестивалі 2014 жылы Ресейдің Чита қаласында өтіп, оған 4 мың адам қатысқан еді. Үстіміздегі жылы аталған ауқымды шара Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында ұйымдастырылды. Фестивальдың бір ерекшелігі, оған қатысушылар тек шығармашылық мәселелерімен ғана шектеліп қалмай, ағарту саласындағы бағдарламаларды да қамтиды.
Андрей МОТОВИЛОВ,
«Омская правда» газетінің бас редакторы
Ресей Федерациясы,
Омбы қаласы
Суретті түсірген
Максим КАРМАЕВ