Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2016 жылғы 29 қыркүйектен бастап облыста «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Онда аймаққа ведомствоаралық топ келгені, оның құрамындағы 200 маманның жартысынан астамы мемлекеттік қызметкерлер емес, негізінен азаматтық сектор сарапшылары, бизнес құрылымдарының, даму институттарының, діни және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері екені де айтылған еді.
Облыс әкімдігінің мәліметтері бойынша, жоба жүзеге асырылғаннан бері топтар өңірдің 45 мың тұрғынын қамтыпты. Негізгі мақсат – облыстың қалалары мен ауылдарының тұрғындарына мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін түсіндіруге бағытталған. Сондай-ақ, аймақта бизнес ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Азаматтардың көкейкесті мәселелерін түсіну және жедел шешу үшін топ жергілікті әкімдіктердің қызметкерлерімен бірге осы күндерде Ақтөбе қаласының, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Хромтау және Алға аудандарының тұрғындарымен кездесті, шағын және орта бизнес нысандарында болды. Адамдарға, оның ішінде 909 кәсіпкерге жеке істерін ашу механизмдері, шағын бизнес түрлері, инфрақұрылымдарға жол, қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдаулар туралы ақпарат берілді.
Бұл аудандарда ауыл жастары үшін өз бизнестерін ұйымдастыру және жүргізу бойынша тренингтер, семинарлар және шеберлік сабақтары жүргізілді. Оларға бизнес-жоспар жасауға көмек көрсетіліп, өтімді бизнес-идеялар ұсынылды.
Бұл тренингтер тұрғындар арасында айрықша қызығушылық тудырды. Тұрғындардың сұрауы бойынша осы тренинг негізінде арнаулы сюжет түсіріліп, таяу уақытта жалпы жұртшылыққа көрсетілмек. Жұмыстарын жаңадан бастаушы 85 жас кәсіпкер әйелге визаж және жарнама бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Оларға бұл қызметпен шұғылдануға сертификаттар тапсырылды. 7 азаматқа жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге құқықтық ықпал жасалды. 2 бизнес-жоба мақұлданды. 9 кәсіпкерден шағын несие алуға өтініш қабылданды.
Аталған аудандардың 28 ауыл әкімі бизнес-идеялар туралы білім алып, ақпараттармен қамтамасыз етілді. Енді олар ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің бизнес-бастауларында оларға көмекші бола алады. Жергілікті атқарушы органдармен бірге бір мезгілде өңірдің әлеуметтік мәселелері де шешілуде.
Жұмыстың 10 күні ішінде Алға және Мұғалжар аудандарында топ 16 адамға жұмыс табуға көмектесті. Мысалы, Алға қаласындағы №5 орта мектепке ұзақ уақыт бойы жұмысқа тұра алмай келген үш әйел психолог, лаборант және тәлімгер болып орналасты.
Жұмыс берушілермен келіспеушілік туындауына жол бермеу мақсатында 21 ұжымның 1400-дей қызметкеріне еңбек құқықтары түсіндірілді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан 962 адаммен кездесу өтіп, оларға «Өрлеу» жобасына қатысу шарттары түсіндірілді, 47 адам көмек алды. Мысалы, Алға ауданындағы Бесқоспа ауылдық округінің тұрғыны Гүлбану Есеналинаға көп балалы ана ретінде жасы келуіне байланысты зейнетақы төлемін тағайындау жөнінен көмек көрсетілді.
Топ мүшелері Қандыағаш қаласы тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша 2012 жылы туған Жансерік Н. деген баланы балалар бақшасына орналастыру туралы мәселені шешті. Оның әжесінің айтуынша, бала 2014 жылдан кезекте тұрған және бұл мәселе ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген.
Тұрғындардың денсаулығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Денсаулық» медициналық пойызының дәрігерлері аталған аудандарда 1830 адамды тексеруден өткізді, олардың арасынан 467 адамға тиісті ем жасалу үшін медициналық мекемелерге жолдама берілді. Алдын ала тексерумен 1942 мектеп оқушысы қамтылды, олардың арасынан 271-і сауықтыруға жіберілді. Астана және Алматы қалаларынан келген жетекші дәрігерлер 2,5 мың азаматты қабылдады, олардың 155-іне көмек көрсетілді. Атап айтқанда, бір күн бұрын «Денсаулық» медициналық пойызының мамандарына ішінің қатты ауыруына байланысты шағымданған Наталья Төлемісоваға операция жасалды. Сырқаттың жағдайы қанағаттанарлық. Осы дәрігерлер орталық аудандық аурухана базасында 2 жергілікті тұрғынға операция жасады.
Ведомствоаралық топ жұмыстарының басқа бағыттары бойынша да патриотизмді көтеру, отбасылық құндылықтарды, ұлтаралық келісімді нығайтуға бейімдейтін ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы да бұл мәселелер туралы бірнеше рет айтқан болатын.
Күн сайын әртүрлі аудитория алдында министрліктердің тәжірибелі басшылары, теологтар мен психологтар сөз сөйлейді. Негізінен, теологтар және дінтанушылар 11,6 мыңнан астам адамға экстремизм идеологиясының мәнін түсіндірді.
Мектеп оқушыларына, студенттерге, кәмелетке жасы толмағандар инспекциясында есепте тұратын балаларға радикалдардың жас адамдарды өз қатарына қалай тартатыны, олардың идеологиясы жастарға қалай әсер ететіні, тыйым салынған қызметтерге қатысқаны үшін қандай жауапкершілік туындайтыны түсіндірілді.
Үстіміздегі жылдың 7 қазанында Алға қаласында ауданның 80 жасөспірімі үшін футболдан аудандық турнир ұйымдастырылды. Экстремизм мен лаңкестікті насихаттауға қарсы әрекет мақсатында интернетте лаңкестік бағытындағы 110 бейнематериал анықталды, олар оқшауландырылды немесе меншік иелерімен контентті өз бетімен жою туралы келіссөздер жүргізілді.
Екі аудандық мешітке Алматыдан тәжірибелі имамдар тағайындалды.
Барлығы 14 үлгілі имамды дайындап, мешітке 4 жаңа имамды тағайындау, 3 мешітті дінге сенушілер үшін үлгілі және ашық етіп жасау жоспарлануда, оның ішінде қайыр-садақаларды ашық санау да жүзеге асырылады.
Мұғалжар ауданындағы «Нұртай» мешітіне бас имам болып Е.Жүсіпов, Темір ауданындағы «Досжан ишан» мешітіне М.Пірімқұлов тағайындалды. Олардың екеуінің де теологиялық жоғары білімі және имам болып істеген жұмыс тәжірибесі бар. Ақтөбе қаласында «Үлгілі мешіт» ретінде «Қабақ баба» мешіті 150 діни сенімдегі адамдарға таныстырылды.
Аймақтың діни қызметкерлері санасында мешіт қызметкерінің үлгі боларлық тұлғасын қалыптастыру мақсатында «Имамның бір күні» атты бейнеролигі беріледі. Ақпараттық насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Күн сайын аптасына 5 рет, жергілікті телеарналарда, әлеуметтік желілерде «ДАИШ» (Қазақстанда тыйым салынған), «Орындалмаған армандар қайда апарады?» және «Лаңкестік қаупі» атауларымен әлеуметтік бейнероликтер беріледі.
Облыс басшылығының бастамасымен өңір бойынша «Есігімді қаққан кім?» спектаклін қоюмен театр гастролі жалғасуда. Қойылым Сирияға жихадқа кеткен және бәрінен айырылған отбасының тағдыры туралы әңгімелейді. Мектептерде, колледждерде, еңбек ұжымдарында, демалыс орындарында үстіміздегі жылдың 3 қазанынан «Шырмауық» спектаклінің жазбасын және тақырыптық бейнероликтерді көрсету басталды.
Жергілікті БАҚ-тарға да әдістемелік көмек көрсетілуде. Оларға әкімшілендірудің сайттары мен әдістерін жасау тегін үйретілді, бұл 8 өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарына интернет-ресурстар пішіміне көшуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, топ лаңкестік қаупі болғанда немесе актісі жасалғанда адамдарға өзін өзі салмақты ұстау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта Темір және Хромтау аудандарының 3 мыңдай тұрғынымен үйретушілік кездесулері өтті. Оларға 4,5 мыңнан астам көрнекі кітапшалар таратылды.
Бұдан басқа, күштік құрылымдардың жеке құрамы үшін аймақта 5 командалық-штабтық жаттығулар, 12 нұсқаулық және практикалық сабақтар өткізілді, туындаған қауіптерге байланысты қимыл жасау және әзірлікті көтеруге байланысты жергілікті құрылымдарға әдістемелік және тәжірибелік көмектер көрсетілді.
Тұтастай алғанда, топтар барлық бағыттар бойынша мыңдаған әртүрлі шара өткізді, оларда 57 мың адам қамтылды және 1700 адамға көмек көрсетілді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы