01 Наурыз, 2011

Обама Бахрейн королінің шешімін қолдады

361 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АҚШ президенті Барак Обама Бахрейн королінің кадрлық өзгертулер жөнінде қабылдаған шешімін қолдады,  деп ха­барлайды ВВС агенттігі. Осыдан екі күн бұрын король, өзі атап көрсеткендей, елде дағдарыс  тууын ушықтырған үш министрді отставкаға жіберді. Сол сияқты, Барак Обама мұрагер ханзада Салман бин Хамад әл-Халифаның бастамасымен қолға алынған оппозициямен арадағы үнқатысуға да қолдау білдірген. Бахрейннің ежелгі әріптесі ретінде, АҚШ Бахрейндегі тұрақтылықтың ел тұрғындарының ре­формаларға деген әмбебап құқықтарының сақтала отырып нығая түсетініне сенім білдіреді, делінген АҚШ президентінің хатында. АМР МУСА ПРЕЗИДЕНТТІКТЕН ҮМІТТІ Араб мемлекеттері лигасының бас хат­шысы Амр Муса алдағы өтетін сайлауда өзінің кандидатурасын Египет президенттігіне ұсынбақ ниеті бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС. Президент сайлауы Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрак отставкаға кеткеннен кейін жарты жылдың ішінде өтуі тиіс. Ал Мүбәрак үкіметке қарсы ереуілдер салдарынан өкілеттіктерді Қарулы күштердің жоғары кеңесіне беріп, 11 ақпан күні отставкаға кетті. Египеттегі ереуілдер кезінде Амр Муса наразы топқа қолдау көрсетіп, Хосни Мүбәрактің отставкаға кетуін талап еткен болатын. КӘСІПОДАҚТАР СЕУЛДІ АЙЫПТАЙДЫ Вашингтон мен Сеулден Америка мен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери маневрлер өткізуден бас тартуын талап еткен дүйсенбі күні КХДР мен Оңтүстік Кореяның кәсіподақ ұйымдары өздерінің бірлескен декларациясында. «Алдын-ала жоспарланған ушықтыру болып табылатын» осы­нау жаттығулар салдары Корея түбегіндегі ахуалды соғыс жағ­дайына жеткізуі мүмкін, деп атап көрсетілген құжатта. Мұн­дай жағдайда Сеул режімі КХДР-дың барлық даулы мә­селелерді келіссөздер арқылы шешу, сол сияқты, түбектегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту туралы ұсынысына шұғыл түрде үнқатуы тиіс, деп есептейді Солтүстік пен Оңтүстік кәсіподақтары. Құ­жатта екі ел кәсіподақтарының қарым-қатынасына тыйым салған Сеул әрекеті де айыпталады. ТҮРКИЯНЫҢ ЭКС-ПРЕМЬЕРІ ҚАЙТЫС БОЛДЫ Ұзаққа созылған науқастан кейін 85 жасқа қараған шағында Түркияда қазіргі за­манғы саяси исламның негізін қалаушы Наджмуддин Эрбакан қайтыс болды, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі. Ол елдің қазіргі премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоғанның тәлімгері болып саналды. 1996 жылы Н. Эрбакан Түркияның премьер-министрі болды. Бірақ елдің зиялы сипаттағы конституциясының негізіне нұқсан келтірмек деп есептеген әскерилер оны қызметтен кетірген болатын. ИЗРАИЛЬ АВИАСОҚҚЫ ЖАСАДЫ Израиль Газа секторына авиациядан кезекті соққы жасап, соның салдарынан бір палестиналық әскери қаза тапса, тағы бір адам жарақат алды, деп хабарлайды «Маяк» радиосы. Израильдің әскери ұшақтары сенбі күні де Газа секторының төрт жеріне әуеден соққы жасап, соның салдарынан төрт адам жарақат алған болатын. Айта кету керек, 2007 жылдың жазынан бері Газа секторы ХАМАС ислам қозғалысының бақылауында. ОМАНДА 50 МЫҢ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ Оманның сұлтаны Кабус бен Саид жексенбі күні 50 мың жаңа жұмыс орнын тағайындау туралы декрет шығарды, деп хабарлайды осы елдің ақпарат агенттігі. Соған сәйкес адам ресурстары министрлігінде жұмыссыз ретінде тіркелген әр адам жұмысқа орналасқанға дейін айына 150 риал (490 доллар) алып тұратын болады. Сұлтанның тапсырмасы бойынша аула істері жө­ніндегі министр халық толқулары орын алған Сухар қаласына барып, онда ереуілшілермен кездесіп, олардың талаптарын тың­даған. Қазіргі уақытта қалада жағдай тұрақтала бастаған көрінеді. ШЫҒЫН – 15 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР Жаңа Зеландияның Крайстчерче қаласындағы 147 адам­ның өмірін жалмаған жер сілкінісінің зардаптарын жою ел экономикасы үшін шамамен 15 миллиард долларға түспек, деп хабарлайды Ассошейтед Пресс агенттігі осы елдің премьер-ми­нистрі Джон Кейдің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып. Кейдің айтуынша, 90 миллион доллардай ақша апат сал­да­рынан жұмыссыз қалған халыққа еңбекақы төлеуге кетпек. 22 ақпанда болған алапат зілзала қаланың орталық бөлігін толықтай жермен жексен еткен болатын. Сейсмологтардың айтуларынша, 6,3 балл болған жер сілкінісінің кіндігі қалаға жақын жерде бол­ған көрінеді. ПРЕЗИДЕНТ РЕЗИДЕНЦИЯСЫНА ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ Жексенбі күні Конго Демократиялық Республикасының ас­танасы Киншасада ел президенті Жозеф Кабиланың рези­денциясына қарулы шабуыл жасалған. Конго үкіметінің ресми өкілі Ламбер Манденің хабар­ла­уын­ша, шабуылды қаруланған белгісіз топ жасаған. Республикалық гвардия жауынгерлерімен болған атыста шабуыл жасағандардың 6-уы қаза тапқан. Сөз ретінде айта кетсек, 39 жасар Жозе Кабила осы елдің үшінші президенті болған өз әкесі Лоран-Дезире Кабила өлтірілгеннен кейін келген төртінші президент. Сол сияқты ол 2006 жылы елдегі демократиялық сайлау барысында сайланған тұңғыш мемлекет басшысы болып табылады. ФРАНЦИЯДА МИНИСТРЛЕР АУЫСТЫ Тунистегі саяси өзгерістер француз үкіметіндегі шулы отстав­каларға ұласты, деп хабарлайды Ресейдің НТВ телеарнасы. Сыртқы істер министрі Мишель Альо-Мари өз қызметінен кетті. Оппозиция, сол сияқты, құқық қорғаушылар мен баспасөз оны Тунистің тақтан тайдырылған президентімен жақын қарым-қатынаста болды деп айыптап отыр. Тунистегі тәртіпсіздіктер кезінде ол Бен Али режімін қолдауға уәде беріпті-міс. Сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынтағына Францияның ең тәжірибелі саясаткерлерінің бірі Аллен Жюппе отырды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.