01 Наурыз, 2011

Сала сардары

492 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қай заманда, қай қоғамда, қай мемлекетте болсын сауда – маңызды, шешуші, өміршең сала. Сауда – халықты асыраушы, мұқтажын, қажетін өтеуші, көпке қызмет етуші сала. Сауда адам мен адамды, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті байланыстырушы, достастырушы дәнекер. Сауда – достықтың елшісі. Саудасыз тіршілік, өмір жоқ. Әлемде жалпы пайданың оннан тоғыз бөлігі саудадан түседі екен. Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі де саудамен айналысқан. Сауда – пайғамбарымыздың кәсібі. Ал біздің елдің сауда саласы сардарларының бірі әрі бірегейі Жорабек Сарбалақов. Саудада тура жарты ғасыр бойы нәтижелі еңбек етіп келеді. Бұл айтуға оңай, ал шын мәнінде бір адамның саналы өмірі емес пе? Сауданың есігінен тарыдай боп кіріп, таудай боп төріне шығып, төрелік айтуда. Кіші есепшіден бастап, сауданың барлық баспалдақтарынан аттамай өтіп, облыстық тұтынушылар одағының төр­ағалығына дейін көте­рілген­ қажырлы да қайратты азамат. Осындай қиын, жауапкершілігі сан алуан салада, алма­ғайып заманда, от пен судың ор­тасында жүріп, бірде-бір рет сү­рінбеген, жығылмаған, жа­ңыл­маған, та­баны таймаған, тізесі бүгіл­ме­ген, басы иілмеген, еш­қа­шанда ешкімге кеудесін бас­тыр­маған басшы. Өзі де аман, өзге де аман, абы­ройлы болып келеді. Қай жұ­мыста болмасын төңірегін тү­­гел­дей білді, кадрларын да сақтай білді, қолдай, қорғай білді, бірде-бір адамды жауапқа тарт­тырмады, ешкімнің де оба­лына қалмады, опық жегізбеді. «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас бол­саң қаларсың ұятқа» деген осы да. Жөкең ескінің де, жаңаның да жақсы, жа­ғым­ды, жарасымды жағын бойына сіңірген иманды адам. Әдетте, өмірде атқа мінген азаматты сынау­дың екі түрлі жолы бар. Біреуі қолына жоғары ла­уа­зымды қызмет, ал екіншісі мол дүние беру. Жө­кең болса бұл екі сыннан да сүрінбей өтіп келеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген де сөз бар. Ал оның қолында тек алтын ғана емес, халықтың, мемлекеттің байлығы, дүниесі болды, жеті қазынаның бірінің кілті болды. Осының бәрі Жөкеңді астырмады, тастырмады, састырмады, қанағатшыл, қарапайым, қара жолынан, сара жолынан шығара алмады. Сірә, Жөкең туа бітті демократ жан. Оның де­мо­краттығы, кеңдігі, кешірімділігі, қарапайым­ды­лығы, төзімділігі сол – Жөкең ешкімді ешуақытта ерегеске, егеске, ұрыс-керіске, дау-дамайға, айтыс-тартысқа, жанжалға, жаға жыртысқа шақырмайды. Біреу шақыра қойған күнде де өзі оңайлықпен орнынан көтеріле қоймайды. Әрдайым ашуды ақылға, сабырға жеңдіріп отырады. Жарасымды мәміле мен келелі кеңестің, пәтуалы келісімнің кісісі. Қай уақытта шабуылға шығуды, қай уақытта тоқтауды, қай уақытта шегініс жасауды шебер меңгерген. Ешкімді де бөлмейтін, жармайтын, алаламайтын, құлаламайтын, жұрттың бәріне бол­сын дейтін, бәрі де оңсын дейтін, жалпы елге, ха­лыққа, баршаға ортақ азамат. Дүниеде селқос­тықтан, мінездіктен, табаны тайғанақтықтан, жал­тақтықтан жаманы жоқ. Ал біз әңгімелеп отырған адам ешқашанда, еш нәрсеге немкетті, бейтарап емес. Оның Елбасымыздың алдында да шырылдап ел мен жердің тағдырын сөз етіп, араша сұраған кездеріне куә болғанбыз. Адамның ең жаманы досына жамандық жа­сай­тын адам. Адамның ең жақсысы дұшпанына жақ­сылық жасай алатын адам. Осы ретте заңғар жа­зушымыз М.Әуезовтің «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деген ұлағаты ойға оралады. Ал Жөкең осы 70 жыл өмірінде бірде-бір жолдасынан, досынан қол үзбеген, алшақ кетпеген, ажырамаған, бірде-бір до­сын ұятқа қалдырмаған, бірде-бір досын сатпа­ған, сатпайтын, достықты саудаламайтын, сертіне, антына берік,  дұшпанына да жақсылық жасай алатын азамат. Ол үлкен отбасының көшбасшысы, әулетінің ағасы, ұжымының панасы. Жөкеңнің бақытының баспалдағы да, бастауы да – жан-жары Күлекең, алты баласы бардың арманы бар ма, арманының орындалмай қалғаны бар ма дегендей,  алты баласы, 16 немересі, екі шө­бересі тірлігінің тірегі.  Жөкеңнің байлығы да, бақыты да, қуаты да, берекесі де, базары да, арбасын айдаушы да, атын сайлаушы да, ақыл қосары да, ашу басары да, еркіне жіберетін де, еркелететін де, есін жинайтын да, кеңшілік жасайтын да, кешірім жасайтын да, мазалайтын да, жазалайтын – осы Күлекең. Жорабек пен Күлшира ата-анаға мейірімді, ағайынға қайырымды жандар. Екеуі үш кемпір мен екі шалды бақты, сөйтіп осы әке-шешелерінің көңілін тапты, жанына жақты. «Жөке, қандай удачно үйленгенсің» деп қыз­ғанып емес, қызығып достары айтса – айтқандай. Жөкеңнің ерекше қасиеті өмір бойы осындай ауыр, жауапты жұмыста жүріп, досқа, жолдасқа да уақыт, көңіл табады, туыс-жекжатқа да уақыт, ілтипат табады, жұмысқа да, өнерге де, ғылымға да, өмірге де уақыт табады. Бә­рі­не-бәріне кешігіп жүрсе де келеді, бәрін ұштастырып, үйлес­ті­ріп, үндестіріп жүргізеді, бәріне де үлгереді. «Асықпай жүріп, арбамен қо­ян алу» деген сөздің мәні осы шығар деймін. Асықпай жүріп мектеп бітірді, арнайы орта білім алды. Мәскеуде сырттан оқып жоғары білім  алды, аспиран­ту­ра­ны бітірді, ғылым кандидаты бол­ды, баспадан 5 кітап шығарды. Ол өзін өзі тәрбиелеп, өзін өзі жетелеген, жеткізген, өсірген, тұр­мыс пен өмірдің қиындығын да, қызығын да молынан көрген таудай талап иесі. Ұзақ жылдар соңынан қалмай жүріп, еңбек пен ғылымды ұштастырып, жасы 70-ке жақындағанда экономика ғы­лымдарының докторы болды. Қазір Жөкең облыстық, селолық тұтыну кооперативтері одағының төрағасы, Қазақстан тұтыну­шы­лар одағы Қарағанды экономикалық универси­те­тінің докторлық,  кандидаттық диссертация қор­ғау жөніндегі ғылыми кеңесінің мүшесі, Қа­рағанды экономикалық университетінің Қызыл­орда­дағы өкілдігінің директоры, Қызылордадан «Ай – аруы» емдік суын шығаруда, төрт-түлік мал өсіру, мал өнімдерін өңдеу жеке кәсіпорнының жетекшісі. Ұлттық сусынымыз қымыз, шұбат өндіру ісін жүйелі жолға қойып келеді. Бір өзі жетпісінде, тепсе темір үзетін жеті жігіттің жұмысын атқарып жүр. Нар жолында  жүк қалмас деген осы да. «Бұдан артық бұл емшек тас болсын ба» деген екен бір қыз. Сондай-ақ, бұдан артық бұл адам енді не істеуі керек?.. Періште болмағасын, екі аяқты жұмыр басты, ет пен сүйектен жаралған пендеге тән кемшіліктер бәріміз сияқты Жөкеңде де бар. Бірақ, оның кемшіліктері жақсылықтары мен жетістіктерінің жүз­ден біріндей-ақ. «Ондай-ондай ханның қызында да болады» демей ме?! Мен оны айтып аузымды, жазып қолымды былғамай-ақ қояйын деп шештім. Жөкең сырт қараған көзге кең балақтау, кең қол­тықтау, тым қарапайым, қарабайыр көрінген­мен, шын мәнінде қыры мен сырына сырық бол­майтын, өзіне ғана тән ерекшелігі, адами құпиясы құмдағы шыңырау құдықтың терең түбінде жатқан, күрделі, жұмбақ тұлға. Жақында жарық көрген «Жақсылардың жа­нын­да жолдас болдым» атты естелік кітабын ғұ­мы­рының бүгінгі берекелі белесінің биігінен өт­кенді ой көзімен шолып, еліне есеп бергендей, жүріп өткен соқтықпалы соқпақтарына байыппен тоқталып, қорытынды жасап, жақын-жуық тө­ңі­регі мен тағдырлас дос-жарандары жайлы жылы лебіз арнап, ағынан жарылған. Жалпы, Жөкеңнің жазу стилі нақты, ұстамды, менмендігі мен кеу­дем­соқтығы жоқ. Сауда адамына тән сараң сөй­лейді. Кешегі тарихымыздың бір парағы іспетті бұл кітап жас ұрпаққа ұлағат. Ұлы жазушы Л.Н.Толстойдан өлерінде әйелі жіберген қателіктері үшін кешірім сұраған екен, сонда ол кісі: «Мені бүкіл дүние жүзі түсінгенде, сен ғана түсінбедің. Кешірмеймін», деп көз жұ­мыпты. Иә, барлығы да адамдардың бірін-бірі түсінбеуінде, ұғынысуында жатыр. Жөкеңді тү­сі­нетіндердің, сый­лайтындардың, бағалайтындар­дың қатары күн­нен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға өсе берсін деп тілейміз. Сейілбек ШАУХАМАНОВ, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.