01 Наурыз, 2011

Дүлдүл жырдың бұлбұл жыршысы

777 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ақын ұрпақтары Жәкеңнің 165 жылдығын дүркіретіп  өткізді Сөзді қадір тұтқан, інжу-маржан жырдан шашу шашқан халқымыз ата-салтқа адал­дық, ізгі әдет-ғұрыпқа беріктік танытып, бабалардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп келеді. Соның жарқын жалғасы ақпан айының соңғы күнін «Жамбыл күндері» ретінде өткізіп, Алатау­дың етегіндегі ауылға, ондағы мәңгі ұйқыдағы ақын рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған. Кеше осындай мерейтойдың беташары басталып, көрермен абыз ақынның өз дауысымен жыр төккен сәті бейнеленген деректі фильмді тамашалады. Қазақ әдебиетінің жауһары саналған ұлы жыраудың мерейінде облыс әкімі Серік Үмбетов әсерлі баяндама жасады. – Қызыл тілден бал тамған, қамшыла­тып айт­са қайсарлықтың лебі ескен ақын­дар­дың от­ты жырлары ұлтымыздың баға жетпес бай­лығы. Сондықтан да аға ұрпақ­тың аманатын алға апарумен бірге, оны мо­лайтуды парыз са­най­мыз. Осы­ның дәлелін­дей, осы жерде жыл сайын бас қосамыз. Ал­ғаш ұсыны­сы­мыз­ды әде­биетіміздің қара шаңырағы – Жазушылар одағы қолдағанын айт­қан жөн. Жамбыл баба­мыз әрі жырау, әрі жыр­­шы, әрі ақын ретінде төрткүл дүниеге таны­мал. Десек те, оның таңғажайып та­лантының сыр­лары әлі де толық ашылған жоқ. Теңіз түбін­дегі асылдарды жинап, жұрт­­шылықтың игілігіне ұсыну парыз екенін түсі­неміз, – деген баяндама­шы поэзия бәй­терегінің даналық қасиеті ақын­дық құді­реті, шыншыл­дығы мен турашыл­ды­ғында екенін атап өтті. Музей қорына Жамбыл­дың айтыс­қа қатысқан шәкірттерімен бірге, түскен суретін сыйлады. Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин төгілте сөйледі. – Өнерсүйер қауым 15 жыл көлемінде мә­дени-әдеби өмірімізде қалыптасқан «Жамбыл күндерінде» Алатаудың етегіндегі ауылға келіп, ақын рухына тағзым етіп, бата аламыз. Осындай шара Жәкеңнің шәкірттерінің бірі дүлдүл ақын «Ілияс күндері» де Жетісу жерінде жыл сайын өткізіледі. Бүгінгі жиын Жамбылға көрсетілген құр­мет емес, қазақ халқының тұтастығына, бірлігі мен ынтымағына жасалған құрмет деп түсінеміз, аға­йын. Абайдың тереңдігі, Жам­был­дың кеңдігі, Ма­хам­беттің өрлігі қай кезде де қадір тұтатын сара жол. Бүгінгі мерей қазақ еліне, қазақ жеріне жақ­сылық әкелсін, баршаңызды Жамбылдың рухы қолдасын, десе, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, академик Серік Қирабаев Жамбылды біл­мейтін ұлт жоқ екенін айта келіп, жамбыл­тану­дың алда­ғы міндеттері жайлы ой толғады. Ақын­ның алдағы 175 жылдығына дайындық ерте бас­тал­ғаны жөн екенін жеткізіп, ақын шығар­ма­ларының академиялық толық жинағын шы­ғару, өлеңдерін орыс тіліне аударуды қолға алу қажеттігіне тоқ­тал­ды. Аударма кезінде ақынның стилін сақтаумен қатар, шеберлігін зерттеуді қол­ғ­а алатын кез жетті, деді. «Жамбыл тілінің сөздігін» шығаруға қолдау көрсетілсе деген ұсынысын да айтты. Жиында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұманбай Молдағалиев Жамбыл бабасы­ның мәрттігі мен кеңдігі жайлы деректі естелік айтты. Осы күні жазылған жаңа жырынан шашу шашты. Мінберге көтерілген Сапура Қыдыр­беккеліні мемлекет қайраткері, жазушы, марқұм Балғабек ағаның жеке қо­рын­да сақталған, бұған дейін жарияланбаған бір топ ақын, туыс­тары­мен түскен суретін мұ­ра­жайға сыйға тартты. Сондай-ақ, жазушы Сәбит Мұқановтан естіген естелігін жұрт­шы­лыққа айтып, әсерлі әңгіме қозғады. Жиналғандар Жамбылдың ұстазы Сүйін­байдан бата алуын театрландырылған көрі­ніс арқылы тамашалады, «Жамбыл мен Айкүміс­тің» айтысынан үзінді көрді. Жиын «Құлан­саз» ансамблінің концерттік бағдар­ла­масына ұла­сып, баба ұрпақтары ән мен жырға сусындады. Ақын ұрпақтары мерейге жан-жақты да­йын­­далыпты. Жыр алыбы шығарма­лары­ның 2 том­дық жинағы профессор Сұлтан­ғали Са­дыр­­баев­тың басқаруымен жарық көр­се, жи­нақ­та «Қыз Жібек» дастанының Жамбыл жыр­лаған нұсқасы тұңғыш рет осы кітапта жария­лан­ғанын да атап өткен жөн. Жамбыл аудан­дық әкімдігі мерейтой қона­қтарына кәдесый ретінде төсбелгі, қалам, күн­тізбе шығарып, көп­шілікке тәбәрік ретінде ұсынды. «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республи­ка­лық оқушылар айтысы осыдан бір күн бұ­рын өтіп, дүбірлі додаға іріктеу сыннан өткен 27 жас балғын ақын қатысты. Айтыс десе делебесі қозған жұртшылық балғын жүрек, балауса тілектегі жастардың өнерін тамашалады. Жам­был және оның өміршең шығарма­шылығын дә­ріптеп, көрсетуге тал­пынып, талапты ізба­сар­лары екендіктерін дәлелдеуге тырысты. Ақынның өзі жырлағандай, «құрақтары» мен «шырақтары» жеңіл әзіл, ұтымды сөзге ден қойды. Айтыс қорытындысында облыс­тық білім басқармасының бастығы Ләззат Базар­құло­ва республикалық айтыстың бас жүлдесін Ал­маты облысының атынан шы­ғып, көрермен көз­айымына айналған Дәуен Алғысбекке тап­сырды. Бірінші орын Шығыс Қазақстан облы­сы­­нан келген Талшын Нұр­лан­­қызы мен Ал­ма­ты облысының ақыны Мари­на Ғымыңбекке тиді. Екінші орынды ал­­матылық Бибігүл Тілеболдинова мен ас­та­налық Әуесхан Сырым еншіледі. Өзге де ақын­дар марапаттан кенде қалмады. Соны­мен қатар, жыршы-термешілер өнері де ортаға салынып, жеңімпаздар мерейленді. Ұлы жыраудың мерейі осылай басталып, дүбірлі той жазда жалғасатын болды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ______________ Суреттерде: ұлы жыраудың мерейтой сал­танатынан.