13 Қазан, 2016

Қазақ мұнайының қара нары

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
13279-6-skonchalsya_eks-premer_ru Нұрлан аға! Жо-жоқ, алдымен атақты Қаратау биді ауызға алайық. Көмейінен от жарқылдаған би атамыз Сырым батырмен үзеңгілес тұлға. Ел болып Нұралы ханға қарсы көтерілгенде әншейінде жақсылармен қанаттас қонған, мықтылармен табақтас болған Қаратау астына арқыратып арғымақ мініп, үстіне жарқыратып сауыт киіп нартәуекелдің жолына түспеді ме? Ақыры ханды қыр асырып қудырып, жаутаңкөз ел-жұртының мейманасын бір тасытқан. Әрі қарап жылап, бері қарап күліп жүрген өз халқын сөйтіп бір жұбатқан. Е, заман-ай! Сол Қаратау би түп-тектен қусақ Нұрлан Өтепұлының жетінші атасы-тын. Алладан пәрмен кеп топырақ бұйырған тұс Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы. Кейінгі жылдары Балғымбай әулеті жиылып ата басына зәулім зират көтерген. Осындай аз бен көпті теңгерген, тентек пен теліні меңгерген абыздан шаңырақтың желбауындай боп ұрпақ өсті. Соның бірі – Балғымбай қария. Одан дүниенің төрт тарабына ашылған қақпадай боп Өтеп, Өтәлі, Салтанат, Мақаш ағалар тараған. Өтеп аға Ұлы Отан соғысында ұшқыш болған. Аласапыранда алқаракөк аспанды меңгерген жанға бейбіт өмірдегі еңбек қиын соға ма? Биік-биік мәртебелі мекемелердің тізгінін ұстаған. Азаматтығы – аңыз, кісілігі – керім. Жұбайы Бәтен апамыздың жөргегі құрғамай Нұрлан, Нұрберген, Саламат, Әнуарбек сынды жардың шетіне қойсаң да, жаудың өтіне қойсаң да қайыспас қайсар ұлдар өсті. Өтеп аға кірпік қаққандай келте ғұмырында осы ұлдарына өмірлік өнеге, өшпес тәлім беріп кеткен. Нұрлан аға айтар еді: Жөргектегі кезім екен. Әкем болса ертеңді-кеш жұмыста. Анам мектепте мұғалім. Өзіміз Гурьев қаласының жанындағы жақын елді мекенде тұрамыз. Сонда атам Балғымбай мені бауырына қысып, жаяулап, күн сайын қалаға келетін көрінеді. Бар шаруасы мектептегі анам үлкен үзіліске шыққанда мені емізіп кету. Осыны айтқанда Нұрлан аға ерекше нұрланар еді... Бұл – мұнайшы әулет. Нұрлан аға да осы ел дәулетін тасытқан мамандықты игерді. Қарапайым қызметтен осы саланың министріне дейін көтерілді. Қазақстан егемендік алып, өз қолы өз аузына жетер-жетпес тұста Премьер-Министр боп тағайындалды. Соңына қаншама алғыр құлағын қайшылап тұрған жас мамандарды, басшы азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Олардың өзі бұл күнде бір-бір тұлға! Мінезді адам – айналайын ғой. Мінезі жоқ жуас қашағандардан қорқу керек. Нұрлан аға қызметте болсын, сан-сапат тіршілік сапарында болсын алмастай өткірлігі мен әділдігі, жұмысты желдиірмендей айналдырар іскерлігі, көркі мен көсемдігі, шуақты жымиысы көрген жанның көзіне басылып қалар-ды. Аға имани адам еді. Елімізде Бас мұнайшы болып тұрғанда арнайы ақша бөлдіріп, Оғланды тауындағы Бекет ата мешітінің жанынан еңселі түнек үйін көтерткен. Қызылқоға ауданы (Атырау облысы) Миялы селосынан өз қаражатына мешіт үйін салдырып, ел-жұрттың ризашылығына бөленген. Аруақ қонған, нар шөккен Оңай ата басына ата-баба рухына арнап естелік белгі тұрғызып, ас бергізген. Бұл тек іліп-теріп айтып отырғанымыз. Әйтпесе жария жақсылық иесінің жұртқа жасаған қайыры аз ба? Иә, жаны – аманат, демі – нәсіп пәнде шіркін деген сол. Ағаны ауру беймезгіл айналдырды. Ер көңілдің жетегінде жүріп аңдамай қалды ма, қайдам?.. Сол тұста мен де жүректен сырқаттанған едім. Атырау облыстық ауруханасында жатқан кезім. Түн ішінде қол телефоным шырылдап қоя берсін. Көтерсем Нұрлан аға. Жанға жайлы қоңыр даусы. Германиядан телефон соғып тұр. Ағайын азаматтардан менің жайымды естіпті. Аса әбіржулы. «Рахымжан ауруханадан үйіңе шық. Ертең жігіттер Астраханнан аса білікті дәрігер алдырады. Тапсырма бердім. Содан шипа табасың» десін. Айтқандай болды. Жұмабек Жамауов, Қайрат Оразбаев сынды азаматтар аға сөзін ләппайлап ұғып, қамқорлығын жасады. Түркиядан және бір қоңырау шалған. «Інім мен сені жазушы ретінде кеш таныдым. Жақсылық жасай алмай барамын. Азаматтарға аманаттадым. Тентек болма. Темекіңді қой» деп. Сонда қамшысаптай қысқа ғұмырының бар-жоғы ай жарымы ғана қалыпты ғой. Ағаның әзіз жүрегі мен сол іңкәр көңілін ойласам әлі күнге сақиналанып көзіме жас келеді. Алла-ау, десеңші! Саялы бәйтеректің соңында Нағима жеңгем, Төлегендей арыс ұлы, Самалдай сүйкімді қызы, немере, жиендері қалды. Маңдайдағы жазу таусылған соң не шара?   Ер еңбегің ел-жұртың бағалаған, Әлем жоқтар сан мәрте аралаған. Тұлпар қалды соңында тағалаған, Тыныш ұйықта жұмақта, өзіңе алғыс, Бар қазақтың атынан Аға саған!   Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург