14 Қазан, 2016

Күрестің күрмеуі неге көбейіп тұр?

1493 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
kaz-kures0«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 29 шілде күнгі нөмірінде жарияланған тілші Қайрат Әбілдиновтің мақаласына «Қазақ күресі: өзгерте бергеннен не ұта­мыз» атты қазіргі қолданыстағы балуан киімінің авторы және Қазақстан қазақ күресі федерациясы атқару коми­теті ғы­лыми-әдістемелік тобының же­тек­­шісі ретінде жауап бергенді жөн көрдім. Спорттық және ұлттық күрестердің бар­лығында балуандар белдесуге өздерін ерек­шелейтін киімдермен шығады. Күрес киімдері әр халықтың салт-дәстүрлік белгілері ретінде таным­дық, эстетикалық және қолданбалы-кәсіп­тік қызметтер атқарады. Сонымен қатар, балуан киімдері күрестің әдіс-тәсілдік маз­мұны­на, ережесіне әсер етіп, оны үйрету, дамы­ту, насихаттау істерінде маңызды орын алады. Енді өз ұлттық күресіміздегі киімге тоқтал­сақ, қазақ халқының балуанға арнап күрес киімін дайындағаны туралы тарихи деректер жоқ. Қазақ балуандары күнделікті тұрмыста киген киімдерімен белдесуге шығатын болған, қалай күресетіндіктерін алдын-ала өзара немесе ұйымдастырушылар келісіп отырған. Қазақ күресінің шеберлері ХХ ғасырдың орта кезеңінен бастап самбо мен дзюдоның киімдерін киіп күресті, өздеріне тән ұлттық киім болмады. Осы жағдайды шешу мақ­сатында ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақ спорт және туризм академиясында ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілдеріне ден қойылып, балуан киіміне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Самбо мен дзюдо киімдері ерекшеліктерімен қоса, басқа ұлттық күрестердегі балуан киімдерінің әдіс-айлаға әсері зерттелді. Осы тұрғыда кейін бұған байырғы батырларымыздың сауыты үлгі етіп алынды. Халқымызда күреске шығарда «балақты түріп, жеңді сыбанып» деген де сөз бар. Міне, осы тіркес күресіміз киіміне батырлардың қысқа жең сауыттарының үлгісін ұсынуға негіз болды. Себебі, қысқа жең киім балуан­ның өзінің әрекет етуіне қолайлы болып келеді де, қарсыласына қолайсыз жағ­дай туғызады. Сондай-ақ, самбо және дзюдо күрестерінде жеңнің ұзын болуының әдіс-айлаға, күресетін уақытқа, балуандардың бір-бірінің жеңінен ұстауларына және ұстаған жеңнен босауға әрекет етулеріне әсері зерттелді. Осының нәтижесінде қазіргі киімнің жеңі қысқа болғандықтан, белдесушілердің ұстау­лары үшін бір-біріне жақын келе алатындарына көз жетті. Сөйтіп, самбо мен дзюдодағыдай балуандардың ұзын жеңнен ұстап, денелерімен алға еңкейіп, бір-бірінен алысқа алшақтап кетулеріне мүмкіндік азаяды. Жеңнің ұзын болуы самбо мен дзюдода түрегеліп тұрып, одан ары кілемде жатып күресті жалғастыруға, со­дан соң тұншықтыру, бағындыру әдістерін жасау үшін керек болатыны анықталды. Ал қазақ күресінде балуандар тек түрегеліп тұрып күш сынасатыны, аяқтан қолмен ұстауға болмайтыны, кілемде жатып күресті жалғастыруға мүмкіндік берілмеуі міндеттелгендіктен, жеңнің қысқа болуы «өзіне қолайлы, қарсыласына қолайсыз болсын» деген қағидатқа келіс берер еді. Бұдан әрі халқымыз ақ түс тазалықтың, әділдіктің символы ретінде қабылдағандықтан, киімге ақ түс таңдап алынды. Ал оған қызыл, көк түсті жолақтардың қосымша салынуы балуандарды күрес үстінде бір-бірі­нен айыру үшін жасалды. Жолақтар сондай-ақ күрес киімінің мықтылығын артты­ру­мен қатар, эстетикалық тартым­ды­лықты көтеру ниетінен де туды. Ендігі айтарымыз ұлттық күресімізде балуан шалбарының балағы ұзын немесе қысқа болуы нақты күреске ешқандай әсер етпейді. Себебі, қазақ күресінде аяқтан ұстау әдісі жоқ. Биылғы «Қазақстан барысы-2016» жарысының алдында көрсетілген балуан киімінің үлгісі сонау 1996 жылғы зерттеу барысында қабылданған талаптар бойынша тігіліп, іс жүзінде бірінші рет қолданылды. Балуандар мен мамандар осы киімге қазір жоғары баға беріп отыр. Шыны керек, республика­лық қазақ күресі федера­циясы­ның бұрынғы басшылы­ғы кезін­­де біздің бұл ұсынысы­мыз­ды қабылдай қойма­ған еді. Газет тілшісінің мақа­ласын­да айты­латын «балуан­дарымыз қысқа жеңнен ұстай алмаған­нан соң тұсаулы аттай кібіртіктеп жүрулерінің» себебі осы еді. Журналист «Шіркін-ай, дзюдодағыдай жеңді ұзартса ғой, шалбардың балағы сол дзюдоғыдай қалса, дзюдоға ұқсап кетті» деп кім айта алады» деген екен. Бұған мен бұдан оншақты жыл бұрын өзбек ағайындарымыз өздерінің ұлттық күресіне дзюдо кимоносының бояуын өзгертіп қолданғандары үшін жапондар тарапынан наразылыққа ұшырап, соңынан одан бас тартуға мәжбүр болғандарын айтып, жауап қайтарғым келеді. Әр халықтың ұлттық күресінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазіргі қазақ күресіндегі киімнің ерекшелігін қолдайтын, оның өз жолымен дамып келе жатқанын мойындайтын шетел мамандары жеткілікті. Күресіміздің республика дәрежесінен асып, халықаралық деңгейге жетуіне мұның да өзіндік септігі бар. Енді тілшінің «Қазақстан барысы» жарысын­дағы әншілер мен бишілердің күрес кілем үстін­де аяқ киімдерімен асыр салып жүрулері тура­лы айтқан ойларына келіспеске болмайды. Мұ­ның жарыс өткізушілер тарапынан болып отыр­ған әбестіктер екенін оқырман қауым да аң­ға­рып отырған шығар деген ойдамын. Оның арғы жағында төрешілердің кілем үстіндегі ен­жар­лығы туралы айтылған екен. Бұл жерде мәселе өте дұрыс көтерілген. Бұған мен өз тара­пым­нан кейбір реферилердің әдіс-айланы баға­лауда қате­лесе беретінін де қосар едім. Арбитр­лардың кілем үстіндегі өз міндеттерін дұрыс атқарулары керек­тігі туралы үлгіні дзю­до күресінен үйрен­геніміз дұрыс-ақ болар еді. Бұл мәселені түзету үшін қазір федерация тара­пы­нан жұмыстар қол­ға алынып жатқанын да біле­мін. Төрешілер коми­тетіне жаңадан басшы бо­лып келген Шалқар Жоламанов көрсетілген жайт­тар­ға жауапкершілікпен қарайтын болады деп ойлаймын. Мақалада допингпен ұсталған төрт балуанның турнирге жіберілгені туралы да ащы сын айтылыпты. Автор мұны «бармақ басты, көз қыстыға» сайыпты. Бұл мәселеге келсем, мен өзім республика қазақ күресі федерациясы атқару комитетінің мүшесі ретінде осыған қатысты мына жайттарды айта аламын. Мәселен, «Допингке қарсы ұлттық орталығы» РММ шешіміне сәйкес, Мереке Тұрашев (Ақмола облысы), Александр Косачев (Алматы облысы), Самир Мамедов (Павлодар облысы) және Айбек Нұғымаров (Шығыс Қазақстан облысы) сынамаларынан тыйым салынған мельдоний субстанциясы табылып, бәрі де зерттеу аяқталғанға дейін қазақ күресінен өтетін барлық жарыстардан уақытша шеттетілген болатын. Алайда, арада бір ай уақыт өткен соң, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (ВАДА) соңғы шешімі жария­ланды. Олардың ұсынысы бойынша, допингке қарсы ұлттық орталық тәртіптік комиссиясы­ның 2016 жылғы 28 маусымдағы шешіміне сәй­кес, Мереке Тұрашевқа, Самир Мәмедов пен Айбек Нұғымаровқа жарыстарға қатысуға рұқсат берілген. Сондай-ақ, 1 шілдеде Бүкіләлемдік допинг­ке қарсы агенттіктің Александр Косачевты жарыстарға жіберу туралы шешімі шықты. Демек, бұл шешімдердің қабылдануына республика қазақ күресі федерациясының ешқандай қатысы жоқ. «Қазақ күресінің атауы өзгеруі мүмкін» деген пікірге байланысты айтарым, халқымыз балуандарына ешқашан дәл бүгінгідей сипатта күресуді міндет етіп тақпаған. Ақиқатында қазақ күресі, тәжік күресі, өзбек күресі сияқты атаулар Кеңеc Одағы орнағаннан кейін ғана енгізілді. «Қазақша күрес» атауы, дәлірек айтсам, 1928 жылдары қолданысқа түсті. Тіпті, ауыз-екі сөзде де, әдеби шығармаларда да ешкімнің «қазақша көкпар тартамыз», «қазақша аударыспаққа түсеміз» демейтіні сияқты, «қазақша күресеміз» деген сөз тіркесі де қолданылмайды. Осыны ұғынған кейбір түркі халықтары Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздіктерін алғаннан кейін ұлттық күрестеріне тарихи атауларын қайтаруды немесе басқаша атауды қолға алды. Мәселен, өзбек ағайындар ұлттық күрестеріне «кураш» атауын қайтарып берсе, олардан кейін татарлар өз күрестерін «белбеу күресі» деп, қырғыздар «алыш» деп атай бастады. Түріктер, түрікмендер және әзербайжандар әлдеқашан осы қалыпқа түсіп, ұлттық күрестеріне жаңаша ат беріп жіберген. Бұл ұлттық күрестерге жасанды түрде таңылған атауларды жойып, өзіндік атауларын қайтару ниетімен қатар, халықаралық аренаға шығу талабынан да туындап отырған қажеттілік екендігін айтуымыз керек. Қазір біздің ұлттық күресіміз әлемге таны­лып, шетелдерде және елімізде халықара­лық жа­рыстар өткізіліп жатқанда, бұған қоса төл кү­ресімізді халықаралық федерациялар құрам­дарына кіру мәселесі қолға алынып отырғанда, оған «қазақ күресі» деген атаумен бару қолға алған мақсаттарымыздың орындалмай қалуына бірден-бір себепші болып отырғанын айтуымыз керек. Мысалы, көрші Қытай елі «қазақ күресін» бізде дамытудың ешқандай қажеті жоқ деп ашық айтып отыр. Себебі, ол елде жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың күрестері бар. Сондықтан федерация президенті Арман Шораевтың болашақта «қазақ күресі» атауын өзгерту қажеттігі туралы айтқан ойы жоғарыда айтылған тиімді жұмыстарды оңтайлы шешуге бағытталған ізгі ниетті іс деп білемін.  Елемес ӘЛІМХАНОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы АЛМАТЫ