01 Наурыз, 2011

Ұйыммен ынтымақтастық жалғасады

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литваның Сырт­қы істер министрі Аудронюс Ажубалисті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің баспа­сөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынты­мақ­тастықты дамыту мәселесі талқыланды. – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы Ұйымның тарихында те­рең із қалдырды. Он бір жыл­дан кейін алғаш рет Астанада өткен саммитте Ұйымға мүше мем­ле­кеттер өздерінің ЕҚЫҰ-ның негізін құраушы қағи­дат­тар­ды ұста­на­тындықтарын тағы да қуатта­ға­ны өте маңызды. Литва Іс басын­дағы төраға ретінде өз жұмысын осы негізде жүргізетін болады, – деп атап өтті А.Ажубалис Президент Н.Назарбаевпен әңгіме барысында. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Литва ЕҚЫҰ-ның «үштігі» аясында Қа­зақстанмен тығыз ынтымақ­тас­тық орнатуға мүдделілік танытып отырғанын атап өтті. Әсіресе, бұл Орталық Азия аймағындағы проблемаларға қатысты. – Қырғызстандағы дағдарыс кезінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төр­ағасы ретінде белсенді әрі жыл­дам әрекет жасап, ахуалды тұрақтандырушы рөл атқарды. Сіздің еліңіз мұндай жағдайда қалай тиімді жұмыс істеу керектігін көрсетті, – деді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте А.Ажубалис Астанада 11 жылдан соң алғаш рет өткен ЕҚЫҰ саммитінің зор мән-ма­ңы­зы барын атап өтті. – Біз Қазақстанның БСҰ-ға кіру мәселесін талқыладық. Еуро­одақ­тың көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұл – таза бизнес үшін жағдай жасауға негіз болатын ұйым. Ең бастысы, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған 20 жыл ішінде экономикалық қарқынды да­му­ға қол жеткізді. Аймақта да, әлемде де елдің беделі барған сайын арта түсуде. Бизнес үшін барлық жағдай жасалуда. Қо­ғам­дағы жағдай тұрақты. Мен сон­дай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Литва Президенті атынан тәуел­сіз­дік күнімен құттықтауы және Қазақстанға шақырған ықыласы үшін алғыс айттым, – деді         А.Ажубалис. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі астананың әсемдігіне өз таңданысын білдірді. – Қазақстан тәуелсіздігінің бас­тапқы кезінде қолға алын­ға­нын ескере келгенде, астананы көшіру батыл шешім болды. Сіз өз елор­да­ңызды, өз Астанаңызды мақтан тұта аласыз, – деді А.Ажубалис.