Соңғы кездері жер-жерде экстремизм мен терроризмді қалай ауыздықтау жөнінде алқалы жиындар өтіп, заңдық тұрғыдан олардың қызметіне тосқауыл қою жөнінде пікір алмасулар жүріп жатыр. Әрине, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген діни ағымның еркін жүріп, кең жайылуына мүмкіндік беруге болмайды.
Діни экстремизм діннің, имандылықтың атын жамылып әуелі жамағатты жағымды ниетімен баурап алып, біртіндеп түпкі мақсатын жүзеге асыруға дендеп кірісетінге ұқсайды. Қазіргі кезде экстремистік ыңғайға көше бастаған ағымдардың түпкі мақсатынан басында бейхабар болдық емес пе? Жетпіс жыл бойы атеизмнің бесігінде тербелген қоғамның сырттан келген ислам дінінің уағызшыларын құдды бір құтқарушылардай қабылдағаны тағы бар. Сөйтсек, исламның ішіндегі түрлі-түрлі ағымдар елімізде оқу орындарын ашып, қайырымдылық қорларын ұйымдастырып, санамызға соны идеологияны сіңіріп, «таза дінге» үндей бастағанын кейін білдік қой. Ғасырлар бойы ұлттық дәстүрді ұлықтап, өзара үйлесімін тауып келген дініміз «таза емес» болып шықты...
Жә, әңгімеміздің әлқиссасын діни экстремизмнен бастап едік. Енді хал-қадерімізше келгенінше соның тереңіне үңіліп көрелік.
Экстремизм атаулының түп атасы латынның extremus сөзінен бастау алып, яғни «ең шегіне жеткен» дегенді білдіреді. Жалпақ тілмен тұжырымдайтын болсақ, экстремизм ең бір шегіне жеткен көзқарастар мен іс-қимылдарға жүгінетіндігімен ерекшеленетін көрінеді. Осы көзқарасты ұстанатын жамағат уақыт елегінен өткен, қоғамда біржола қалыптасқан нормалар мен ережелерге мүлдем мойынсұнбайды. Мойынсұнбағаны өз алдына, қайта өздерінің діни фундаменталистік көзқарастарымен тұтас әлемді қайта құруға ұмтылып бағады. Басқалай айтқанда, діни экстремизм дегеніңіз қоғам үшін дәстүрлі жүйені, құндылықтарды, мораль мен құқықты жоққа шығара отырып, дінге жақын деген өз «идеяларын» агрессивтік тұрғыдан насихаттауға жанталасады.
Сарапшылардың пікіріне ден қоятын болсақ, діни экстремизмнің белгілерін төмендегіше тарқатуға болады. Діни экстремизмге мойынсұнғандар діни құлшылығын тұрақты түрде әсірелеп көрсете отырып, басқалардан да өздеріне «ұқсап бағуды» талап етеді. Сондай-ақ, фанатизм шылауындағы төзімсіздік пен қаталдық, өздерінің жеке пікіріне деген соқыр сенім оларға айналасындағылардың мүддесін ескеруге мүлде мүмкіндік бермейді. Адамдарға дөрекі түрде және шалт жауап қатып, олармен қатал және сөзін шорт кескен ыңғайда әңгімелеседі.
Бұл көріністердің қазақ қоғамында белең ала бастағанына да біршама уақыт болды. Тіпті, соңғы кездері агрессивтік пиғылдағылардың айналасындағыларға өз наным-сенімдерін таңғаны өз алдына, белсенді қимылға көше бастағаны айқын аңғарылады.
Діни экстремизмнің шылауындағылар, ең алдымен, адамдардың санасын улап, «айтқанына көндіріп, дегеніне жүргізеді». Дінаралық алауыздықты өршітіп, мәдени-тарихи құндылықтардың бұзылуына әкеледі. Сондай-ақ, жалпы білім беретін оқу жүйесіне килігіп, өз талаптарын орындатуға ұмтылады.
«Бәрін айт та бірін айт» демекші, жоғарыдағы біз келтірген сипаттамадан елімізде қанатын кеңге жайып келе жатқан бүлдіргі ағым – салафизмнің болмысын айна-қатесіз танисыз. Олар өздерінікін ғана «таза дін» деп қабылдап, ұлттық дәстүріңе, тарихи құндылықтарыңа мойынсұнбайды. Олар үшін бәрі ширк. Ендеше, мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне біржола қатер төнбей тұрғанда, салафизмді заңдық жағынан болсын, идеологиялық жағынан болсын ауыздықтау керек.
Ғабит
ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»