14 Қазан, 2016

Кеденшілердің еңбекақысы неге төмен?

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында Қазақстанда экономикалық бағдарламаларды сапалы түрде жүзеге асырылуына және мемлекеттік қызметтердің ұсынылуына сай келетін заманауи, кәсіби, автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру қажет деп атап өткен болатын. Сапалы мемлекеттік қызметтерді ұсыну мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын арттыру мен олардың қызметінің нәтижелілігімен қатар, жүреді. Сыбайлас жемқорлықтың орын алуының басты себептерінің бірі – еңбекақының төмен болуы ешкімге де құпия емес деп ойлаймын. Жаңа технологиялардың мемлекеттік басқару жүйесінде пайда болуымен экономиканың дамуы жеделдетіледі, әкімшілік ресімдерге шығындар төмендетіледі, ақпараттың түрлі нысандарына халықтың қолжетімділігі кеңейтіледі, мемлекеттік қызметтердің жұмысы айқын болады және де бюрократиялық тосқауылдар біршама төмендейді. Сондықтан уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды мемлекеттік жүйеде қолдану ең басты мемлекеттік міндеттердің қатарында тұр. Қазіргі кезде кеден аймағына тауарларды енгізу, ішкі айналымға кіргізуді оңтайландыру ісінде жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің саны 898-ден 394-ке, яғни 2-3 есе қысқартылған, ал автокөлік құралының кедендік бақылау аймағына кіру уақытынан бастап тауарларды уақытша сақтау қоймаларында орналастыруға дейінгі кеден операцияларын жүзеге асыруға жұмсалатын уақыт шамамен 5 сағаттан 45 минутқа дейін қысқарған. Аталмыш уақыттық әсер кеден операцияларын жасау үрдістерін автоматтандыру есебінен жүзеге асырылып, кеден қызметінің лауазымдық тұлғасының болуын қажет етпейді. Жылдық көріністе бюджетті үнемдеу 14 миллион АҚШ долларын құрайды (бұл қағазға, сыртқа шығуға, бақылауға және т.б. шығындар болып табылады). Алайда, осындай жаңалықтардың енгізілуінен кейін мені салық және кеден органдарының төменгі құрылымдарындағы жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақыларына байланысты мәселелер толғандырды. Меніңше, мемлекетіміз техниканы ілгері жылжыта алатын кәсіби кадрларға ие болғысы келіп, табысқа жетсін десек, онда біз кез келген деңгейдегі әрбір қызметшінің қадірін білуіміз керек. Осы адамдарға лайықты еңбекақы төлеп, тұрғын үй мәселесі жағынан да немесе өзге де әлеуметтік игіліктер жағынан қамтамасыз етуге тиіспіз. Сонда ғана біз қалаулы қайтарымға қол жеткізе аламыз. Мемлекеттік кіріс органының ақпараты бойынша 2009 жылы салық және кеден саласында екі ақпараттық жүйе енгізілгеннен кейін 2000 қызметкер қысқартылған. Бүгінгі таңда уәкілетті орган штаттық санның 20 пайызын қысқарту мүмкіншілігі бар. Осыған қарамастан, мемлекеттік кіріс органдарының қалған қызметкерлердің орташа еңбекақысы сол қалпында қалды (орналасу орнына қарамастан, аудандық салық басқармасының қызметкері 65 мың теңге еңбекақы алады). Нарық құнын талдасақ, 65 мың теңгеге отбасылы адамның үлкен қалаларда өмір сүруі қиынға соғады. Осы себептен сыбайлас жемқорлық сипаттағы мәселелер туындай береді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда кадрлардың кету қарқыны орын алуда. 100-200 шақырым қашықтағы елді мекендерде 65 мың теңгеге жұмыс жасайтындардың саны өте аз. Мысалы, таяу арада «Құрық» порты ашылады, онда жұмыс жасаймын дегендер саны көп емес. Салыстырмалы түрде айтқанда сол жердегі мұнайшының орташа еңбекақысы 160 мың теңгені құрайды, ал кеден қызметкерінің еңбекақысы 65 мың теңге. Сол себептен, егер мемлекеттік органдарда автоматтандырылған немесе жаңа технология жаңашылықтары енгізілгеннен кейін қызметкерлердің саны қысқарса, онда мемлекеттік органның еңбекақы қоры қалған қызметкерлерді ынталандыру үшін, яғни еңбекақыларының мөлшерін ұлғайту үшін сол қалпында қалуы тиіс деп есептеймін. Бұл тек салық және кеден органдарына ғана қатысты емес, жалпы барлық мемлекеттік қызмет салаларына да тиесілі. Осы мәселелердің бәрін айтып, мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадым. Айтылған мәселелердің өзектілігін ескеріп, Үкімет әділетті шешім қабылдар деген үміттемін. Серік Ақылбай, Сенат депутаты