Есеміз кетпеді, еңсеміз түспеді
1991 жылға дейін Қытайға қатысты келіссөздерді осы елмен шекаралас жатқан бұрынғы одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен құрылған Кеңес өкіметінің делегациясы жүргізіп келген болатын. Ал 1992 жылдан бастап Қазақстан шекара мәселесімен айналысатын өз делегациясының құрамын бекітіп, Қытаймен шекараға байланысты келіссөздерді тәуелсіз ел ретінде қолға алды. Еліміз дипломаттарының біліктілігі мен іскерлігінің арқасында Қазақстан 1992-2005 жылдар аралығында Азия құрлығындағы алып Қытаймен мемлекеттік шекарасын барлық периметрі мен өлшемдері бойынша нақтылап алуға қол жеткізді. Шекара шетін мәселенің бірі болғандықтан Мемлекет басшысы ең алдымен Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шешім қабылдады. Кейін белгілі болғанындай, құжаттарды зерттеп, оларға талдау жасағанда Қазақстан мен Қытай арасында мемлекеттік шекара орнатудың бұрыннан келе жатқан аса қиын да күрделі тарихы бар болып шықты. Сондай-ақ, Қазақстан-Қытай шекарасы үш ғасыр бойы қалыптасып келген екен. Оның алғашқы құжатты ресімдеуі 140 жылдан астам бұрын басталған, ол кезде Қазақстан Ресей империясының құрамында болғаны белгілі. Ал 1860 жылғы Бейжің қосымша шарты мен 1864 жылғы Чугучак хаттамасы бұл жұмыстың негізін қалаған. Содан кейін 1881 жылы Петербург шарты бекітілген, бұл үдеріс Орталық Азия шектерінде Ресей-Қытай шекарасы орнауымен аяқталған. Ал шекара сызығының өтуі туралы уағдаластыққа екі кезеңде қол жеткізілді. Оның алғашқысы 1994 жылдың сәуірінде ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Ли Пэннің Алматыға сапармен келуіне байланысты. Осы сапар барысында Қазақстан мен Қытай мемлекеттік шекараларының екі даулы учаскесінен басқа шекараның барлық өту сызығы бойынша келісімге қол қойылды. Жер аумақтарына қатысты кез келген сәтте жанжал туу мүмкіндігін бәсеңдеткен шекара туралы бұл алғашқы келісімнің біздің ел үшін маңызы ерекше болды. Екінші уағдаластық «даулы» деп аталып кеткен учаскелер – бұрынғы Талдықорған облысындағы Сарышілде өзені ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Шағаноба асуына қатысты (Бұл учаскелерге жеке тоқталамыз). Жалпы, екі ел арасындағы шекараны делимитациялау туралы келіссөздер алты жыл бойы жүргізілді, ал демаркациялау 2002 жылы толық аяқталды. Құжаттарға қарағанда, жүргізілген келіссөздерге Ресей империясы мен Қытай арасында ХIX ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттама негіз болған. Делимитациялау жұмыстарын алты жұмыс тобы 1992 жылдың шілде айынан бастап 2001 жылдың желтоқсанына дейін іске асырды және 2002 жылы Бейжіңде Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Сыртқы істер министрі Тан Цзясюан екі ел үкіметтері арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы хаттамаға қол қойды. Шындығына келгенде, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараның шегенделуі – Елбасымыздың нағыз ерлікпен парапар сындарлы сыртқы саясатының жемісі. Екінші жағынан, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР-дың сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминьнің өзара достығы және Мемлекет басшыларының бір-біріне деген шынайы сенімділігі. Реті келіп тұрғанда мына жайды айта кетейік. Сол жылдары Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанда, екі елдің шекара мәселесі жөнінде келісімге келуі мүмкін емес деген пікірлер де айтылған болатын. Ал ғасырлар бойы мойындалмай келген біздің аумақтық тұтастығымызды алып Қытайдың мойындап, Шекара туралы шартқа қол қойғаны әлемдік қоғамдастықты қайран қалдырды. Өйткені, Қазақстан Республикасы – бұрыннан Қытаймен шекаралас жатқан 15 мемлекеттің ішінде Қытай үкіметінің келісімімен шекара аумағының 100 пайызын тиянақтап, ара-жігін ашып алған бірден-бір мемлекет. Сондай-ақ, Қытайдың тарихта өзімен шекаралас жатқан елдердің ешқайсысымен шекараға байланысты келісім жасауға ешқашан мүдделі болмағаны тағы бар. Жалпы, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу мәселесі екі ел басшыларының, сондай-ақ, тиісті ведомстволар жетекшілерінің кездесулері барысында талқыланған тақырыптардың негізгісі болды десек, қателесе қоймаспыз. Тараптардың келіссөздері жиырмадан асатын кезеңнен тұрған екен. Аса сақтықпен және тыңғылықты дайындықпен жүргізілген сол келіссөздердің нәтижесі 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан мен Қытай басшыларының Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісімге қол қоюға мүмкіндік берді. Келісім 1995 жылғы 11 қыркүйекте ратификацияланып, грамоталар алмасқаннан кейін қолданысқа енгізілді. Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік шекаралар туралы толық уағдаластыққа қол жеткізілуінің маңыздылығы неде? Қазақстанның бүкіл тарихында тұңғыш рет Қытаймен халықаралық деңгейде танылған және заңды ресімделген мемлекеттік шекараға ие болғандығында жатыр. Бұдан кейін тараптар мемлекеттік шекараны толығымен халықаралық-құқықтық ресімдеу мақсатында оны демаркациялауға кірісті. Сөйтіп, 1997-1998 жылдары мемлекеттік шекараға белгілер орнату үшін тиімді дала жұмыстарын ұйымдастыруға ықпал еткен нормативтік-құқықтық база әзірленді. Ал шекара белгілерін орнату жұмыстары 2001 жылдың соңында аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 1783 шақырым болатын мемлекеттік шекараға 688 шекара белгілері орнатылды. Оның 346-сы – Қазақстан, 342-сі Қытай жағында.Келіссөздер өте күрделі жағдайда өтіп еді...
Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара сызығын айқындау жұмыстары екі ел президенттерінің уағдаластығына сәйкес қолға алынды. Осыған байланысты үкіметаралық комиссия құрылып, оны премьер-министрлер басқарды. Оларға мемлекеттік шекара сызығының өтуін анықтау үшін барлық құжаттарды мұқият зерттеу және талдау жасау тапсырылды. Айта кету керек, мұнда 1991 жылдың 21 желтоқсанындағы ТМД құрылғанын жария еткен Алматы декларациясына қол қойылған күнге дейінгі әкімшілік шекара негізге алынды. Себебі, осы құжатта бұрынғы одақтас республикалардың сол сәтке дейінгі қалыптасқан әкімшілік шекаралары мемлекеттік шекара болып қалатынын ТМД-ға мүше барлық мемлекеттер мойындаған еді. Кезінде осы шекара сызығын белгілеу жұмыстарымен айналысқан мамандар Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жүргізілген келіссөздер өте қиын және күрделі өткенін айтады. Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасында заманауи шекара құру тарихы Кеңес Одағы пайда болған кезден басталады. Шекараны нақты белгілеу Орталық Азиядағы республикалардың ұлттық межелеуін жүзеге асыру барысында 1924-1925 жылдары бекітілген. Бұл жерде сөз РКФСР мен Өзбек КСР-і арасындағы шекара сипаттамасы туралы болып отыр. Өйткені, ол кезде Қазақстан Ресейдің құрамында болатын. Шекараны сипаттау 1925 жылғы 9 қарашада РКФСР-дің Бүкілресейлік орталық атқарушы комитеті президиумы мәжілісінің №28 хаттамасының 9-тармақшасының қосым-шасында көрсетілген. Нақты жұмыс жағдайында Қазақстан-Өзбекстан әкімшілік-аумақтық шекарасының құқықтық негізін 1956-1971 жылдардағы құжаттар құраған. Өткен тарихтан белгілі, сол құжаттарда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жер алқаптарын өзбек ағайындарға едәуір көп мөлшерде бөлу тасқа қашалғандай анық көрініп тұр. Бірақ уағдаласқан тараптар делимитацияны заңды негіз деп қабылдаған соң, кеткен жер жөнінде мәселе көтеріп, сөз қозғауға тағы болмайды. Егер біздің тарап солай істесе, онда 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясының және 1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың ережелері мен қағидаттарын бұзған болып шығар еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, құқықтық базаның болғанына қарамастан, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісі өте қиын жағдайда өтті. Өйткені, екі елдің шекарасында күрмеуі көп, шешілуі күрделі учаскелер де баршылық еді. Өкінішке қарай, сол учаскелердің көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарындағы халық көп қоныстанған аумақтарда болатын. Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық шекараның соңғы сипаттамасы белгіленгеннен бері 40 жылдай уақыт өткен екен. Осы кезең ішінде елді мекендер елеулі өзгерістерге ұшыраған, ауылдар мен кенттер саны көбейген, жаңа құ-рылыстар мен шаруашылық нысандары пайда болған. Және де шекараның жекелеген учаскелерінде бірлескен шаруашылық жүргізуші нысандар құрылған. Осының барлығы Қазақстан және Өзбекстан делегацияларының жергілікті жердегі шынайы жағдайды мұқият зерттеуін қажетсінді, мүмкіндігінше қалыптасқан тұрмыс жағдайлары мен шекарадағы халықтың шаруашылықтарын бұзбауға дәйекті шешімдер қабылдауды талап етті. Жалпы, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау жұмысы екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде 2001 жылы 16 қарашада Астанада президенттер – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов қол қойған Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шарт дайындалды. Осы құжат Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекара сызығының жалпы ұзындығының 96 пайызының өтуін айқындап берді. Бұл көршілес мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды қамтамасыз ету жағынан алғанда келешегі зор, аса маңызды тарихи оқиға болды. Ал шекаралық аумақтың қалған 4 пайызы сол жылдар үшін шешілмес түйінге айналды... Шекара сызығының өтуін сипаттау шығыстан батысқа қарай бағытталды. Екінші кезеңде 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік шекарасының жеке учаскелері туралы шарт әзірленді. Осы шарттың бір бөлігі ретінде қосымша зерттеу үшін қалдырылған үш учаскенің мемлекеттік шекара сызығының өту сипаттамасы мен көлемі 1:25000 және 1:100000 болатын топографиялық картасы жасалды. Қорытындысында Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтын шекара сызығы нақтыланды. Шекара сызығы 1565 шекаралық белгімен белгіленген, оның 776-сын Қазақстан тарапы орнатқан.Ең ұзын шекара сызығы да шешімін тапты
Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау үдерісінің ұзаққа созылатыны және көп уақыт алатыны бастапқы кезде-ақ белгілі болды. Себебі, екі елді бөліп тұрған шекара дүние жүзіндегі ең ұзын құрлықтағы шекара болып табылады және оны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген бірегей құбылыс еді. Ал көршілес елдердің шекара мәселесін іс жүзінде қолға алуы 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қоюдан басталды. Аталған құжатқа сәйкес, тараптар алдымен қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Үкімет деңгейіндегі делегациялар құрып, делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөзге кірісті. Өзара уағдаластыққа байланысты Қазақстан-Ресей шекарасының өту сызығын сипаттау және оны картаға түсіру батыстан – Волга өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылғы қаңтарда шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялаудың бастапқы құқықтық негізі – бұрынғы одақтас республикалар мен КСРО-ның заңнамалық актілері және тиісті картографиялық материалдар болды. Шекара сызығының сипаттама жобасын дайындау кезінде негізінен осы құжаттар пайдаланылды. Көп кешікпей, яғни 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бәріміз маңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан-Ресей шекарасын делимитациялау туралы шартқа қол қойылды. Тарихи болып саналатыны – біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік», – деп атап өткен еді. Елбасымыз сол кезде атап өткендей, аталған шарт әлемдегі ең ұзын шекараның өту сызығын анықтайды. Ал оның ұзындығы 7591 шақырымды құрайды. Бүгінде көрші елдер арасындағы бұл шекара достық пен тату көршіліктің шекарасына айналып отыр. Бұған қоса, 2005 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей бір мезгілде шартты ратификациялау туралы заң қабылдады. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің 2006 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасына сапары барысында ратификациялық грамоталармен алмасуы өтті және осы тарихи құжат қолданысқа енгізілді. Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың қолданысқа енгізілуі Қазақстан Республикасы аумақ шектерінің халықаралық-құқықтық ресімделуін заманалық маңызы бар деп атауға әбден болады. * * * Біздің еліміздің Қырғызстанмен және Түрікменстанмен шекара сызықтарын белгілеуге қатысты келіссөздер тараптардың өзара сыйластық, тең құқылық қағидаттарына негізделіп, іскерлік және сындарлы жағдайда өтті. Жалпы, Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін жүргізілді. Сол келіссөздердің нәтижесі бойынша Мемлекет басшылары 2001 жылдың 15 желтоқсанында Астанада Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Шарт 2008 жылғы 5 тамызда күшіне енді. Шекара белгілерін орнату 2008 жылы басталып, 2014 жылы аяқталды. Екі елдің шекара сызығында 1055 шекара бағаналары орнатылған. Ал Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шекараны делимитациялау келіссөздері 2000-2001 жылдары өтті.«Даулы» учаскелер түйіні қалай тарқатылды?
Мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісі ойдағыдай жүзеге асырылғанымен, жоғарыда атап өткеніміздей, шекараның өту сызығын белгілеу барысында ерекше назар аударуды, барынша талдап-таразылауды қажет ететін «даулы» учаскелер де кездесті. Сол кездері осындай «даулы» учаскелерге Қазақстан-Қытай шекарасындағы Сарышілде өзені ауданындағы учаске, Шағаноба және Баймырза асулары ауданындағы учаске, сондай-ақ, Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Арнасай бөгеті, Бағыс кенті мен Түркістан кенті жатқызылған. Елдердің мемлекеттік шекараларының сызығы өтуге тиіс екі аралықтағы аталған жер учаскелері қалай бөлінді? Алдымен Қазақстан-Қытай шекарасындағы «даулы» деп танылған учаскелердің бөлінісіне тоқталайық. Ол үшін 1998 жылдың 4 шілдесінде Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісімді негізге алғанымыз жөн. Өйткені, ерекше маңызды бұл құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау (Қазақстан, Қытай және Қырғыз республикалары арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін қоспағанда) үдерісінің толық аяқталғанын дәлелдейді. Ал шекараны делимитациялау кезіндегі екіжақты келіссөздерде пікірталасқа өзек болып, дәлелдеуді қажет еткен жерлердің бірі – Сарышілде өзені ауданындағы жалпы алаңы 315 шаршы шақырымға жуықтайтын учаске болды. Осыған қатысты құжаттарға қарағанда, оның оңтүстік-шығыс жартысында шабындық пен жекелеген орман алқаптары орналасқан. Жол жүйесі нашар дамыған, тұрақты тұрғындары жоқ. Шолақ асуынан бастап Сарышілде өзеніне дейін учаскенің бір бөлігін қазақстандық тарап шөп дайындау үшін және малдың маусымдық жайылымы ретінде пайдаланып келген. Қол қойылған келісім бойынша осы учаскенің Қазақстан аумағына Сарышілденің шығыс бастауынан Черемховая өзенімен қосылатын жерге дейін өзеннің сол жағалауындағы аймақ, сондай-ақ, Черемховая өзенінің бүкіл арнасын және Шолақ (Содабань) асуының ауданын қамтитын жерлер бекітілген. Бұл жерлердің жалпы көлемі 95 шаршы шақырымды құрайды. Қазақстан шегінде шаруашылық жүргізудің дәстүрлі аймақтары, мал жайылымы, шабындықтар мен орман алқаптарының бір бөлігі сақталғанын атап өтуіміз керек. Ал Қытай жағына Сарышілде өзенінің оң жағалауын және Құлағансай жылғасының сол жақ саласындағы ауданды қамтитын аумақ тиесілі деп шешілген. Осы Сарышілде учаскесіне қатысты кезінде Қазақстан тарапына арагідік сын пікірлер де айтылған болатын. Кейін белгілі болғанындай, ол пікірлер дәлелсіз болып шықты. Себебі, шекараны делимитациялау мәселелеріне байланысты келіссөздерде қытайлықтар өткен ғасырдағы шарттық құжаттарды негіз етіп алған. Мысалы, осы учаскедегі шекара 1864 жылғы Чугучак хаттамасының 3-бабында «Алтан-Тэбши тауының шығыс жағындағы шекара аяғынан батысқа қарай ортақ атпен Алатау деп аталатын таудың үлкен жотасы бойынша, атап айтқанда, Алтан-Тэбши, Содабань және басқа да тау шыңдары бойынша жүреді. Осы кеңістіктегі оңтүстікке қарай ағатын өзендер мен жерлер Қытайға бөлінсін» деп көрсетіліпті. Ал тағы бір «даулы» учаске деп танылған Шағаноба және Баймырза асуларындағы жерлерге келсек, оның жалпы аумағы 629 шаршы шақырымға жуық. Бұл жерлердің басым көпшілігі, яғни 442 шаршы шақырымы Қазақстан жағына бекітілген. Олар – батыстан Шағаноба асуына дейін Сауыр жотасының оңтүстік баурайын, Жүректау алқабын және оның салаларымен қоса, Шағаноба мен Керегетас өзендерінің аңғарларын алып жатқан аймақтар. Бұл мәселелерде Қазақстан тарапының анағұрлым жеткілікті де бұлтартпайтын дәлелдемелері ескерілгенін баса айтқан жөн. Сонымен қатар, еліміздің шегінде екі шекаралық застава мен орман шаруашылығы, бүкіл орман алқабы және мал шаруашылығы аудандарының көпшілігі сақталып қалды. Қытай жағына Адырбай мен Талдыайрық өзендерінің жоғарғы ағыстарының аңғарлары, Баймырза асуы ауданындағы Тарбағатай жотасының оңтүстік баурайын қамтитын аумақ өтті. Бұлардың жалпы алаңы 187 шаршы шақырымды құрайды. Осылайша, біздің еліміз көрші Қытай елімен екіжақты тиімді келіссөздер жүргізу арқылы келісуі қиындау соққан екі учаскені құқықтық тұрғыда реттеп және белгілеп алған еді. Бұл «даулы» учаскелердің жалпы аумағы шамамен 944 шаршы шақырымдай. Оның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9 пайызы Қазақстанға, 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1 пайызы Қытайға тиесілі деп табылды. Ал Қазақстан мен Өзбекстан шекараларындағы «даулы» учаскелерге келсек, оның бірі – Арнасай бөгетіне байланысты туындады. Өйткені, карталарды зерттеу және салыстыру кезінде Арнасай бөгетінің су бассейні біздің еліміздің аумағында, ал гидрожүйелер Өзбекстан аумағында қалатындай етіп бөлінетінін көрсетті. Шынында да, бір су қоймасын екіге бөліп, аралығынан шекара сызығын жүргізу екі жаққа да тиімсіз еді. Қазақстан тарапы бөгетті толығымен Қазақстан шегінде қалдыруды ұсынды, бұған өзбекстандықтар көпке дейін келіспеді. Ақыры, бұл проблемаға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев араласып, бүкіл Арнасай бөгетінің бір гидротехникалық торап ретінде Қазақстан аумағында қалатындай етіп, шекараның жаңа сызығын жүргізу қажеттілігіне Өзбекстан басшысының көзін жеткізген-ді. Бүгінде Арнасай су қоймасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы стратегиялық маңызы бар нысанның біріне айналғандығын қазақстандықтар жақсы біледі. Сол жылдары тағы бір «даулы» учаскелер – шекараға жапсарлас орналасқан Бағыс пен Түркістан кенттері төңірегінде өршіген еді. Себебі, алғашында Бағыс кентінің өзін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әкімшілік-аумақтық шекара екіге бөліп тастады. Ал бір-бірінен бес-алты шақырымдай қашықтықта орналасқан Бағыс пен Түркістан (бұл елді мекен Өзбекстан шегінде жатыр) кенттерінің тұрғындары Қазақстан Үкіметінен шекараны делимитациялау кезінде екі кентті де Қазақстан аумағында қалдыруды талап етумен болғандары есімізде. Қазақстандық делегация екіге бөлініп кетуі ықтимал бүкіл Бағыс кентін және оған жапсарлас жатқан жерлер Қазақстан аумағында қалуы үшін шекара сызығының өтуін нақтылауды ұсынды. Өзбекстандықтар болса, өздерінің Бағыс туралы ешқандай да талабы жоқ екенін ашық білдіре келіп, Түркістан кенті Өзбекстан аумағында қалуы тиіс деген ұстанымдарынан ауытқымады. Сөйтіп, келіссөздер нәтижесінде Бағыс туралы мәселе оң шешілді. Бағыс кенті жапсарлас жатқан жерлерімен Қазақстан жағында қалды. Мемлекеттік шекараға байланысты мәселелер еліміздің ішкі және сыртқы саясатында айрықша орын алады. Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шектес мемлекеттермен арадағы шекараны делимитациялауға ерекше назар аударып, оны ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгілеп бергені сондықтан. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»