Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында 2011 жылғы Литва төрағалығындағы басымдықтар, сондай-ақ екіжақты және көпжақты тұрпаттағы парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қ.Тоқаев 2010 жылғы Қазақстан төрағалығы кезіндегі басымдықтар мен бастамаларды қолдауға орай ризашылық білдіре отырып, «Хельсинки актісінде айтылған ережелер мен қағидалар қайта нақтыланып, қабылданған Астана Декларациясы күллі ЕҚЫҰ қоғамдастығындағы зор жетістік болып табылады», деді. Төраға сондай-ақ «Біз литва төрағалығының бағдарламасын қолдаймыз және Ұйымның тиімділігін күшейту жөніндегі жоспарларды орындауға жәрдемдесуге әзірміз», деді.
ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және НАТО Парламенттік ассамблеялары секілді ірі парламентаралық ұйымдар аясында Қазақстан мен Литва депутаттарының ынтымақтастығы жалғасып келе жатқаны туралы атап өткен Төраға өзара мемлекетаралық байланыстың маңызды құрамы – парламентаралық үнқатысуды одан әрі белсенділендіруді жақтайтынын айтты.
Қ.Тоқаев Литва Сеймінің Төрағасы Ирена Дегутенеге қолайлы уақытта Қазақстанға келуге шақыруын жеткізді.
Биылғы 3 сәуірде Қазақстанда болатын президенттік сайлауға қатысты Сенат Төрағасы: «Біз халықаралық стандарттарға сай ашық және әділ сайлау өткізуді толық қамтамасыз етеміз», деді. Төрағаның айтуынша, сайлауды байқау жөніндегі міндеттерді орындау үшін барлық қажетті жағдай жасалатын болады.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің нәтижелерін жоғары бағалай келіп, А.Ажубалис «Ұйымның жоғары лауазымында Литва Қазақстанды зор одақтас ретінде таниды», деген пікір білдірді.
Оның айтуынша, Ислам Конференциясы Ұйымына біздің еліміздің табысты төрағалық ететініне күмән жоқ, өйткені «Қазақстанның өзін жақсы жағынан көрсетуіне және аймаққа үлгі болуға әлеуеті де, мүмкіндіктері де жетеді».