Бүгінде қазақ жастарына кәсіби құрылысшы, сәулетші болуды армандайтын кез келді. Түлектері тәуелсіздік жылдарында Астананың ғажайып ғимараттарында қолтаңбасын қалдырған, еліміздегі құрылыс саласы майталмандарының қара шаңырағы – Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы тәуелсіздік тұсында бірінші болып сәулет мамандығы бойынша халықаралық сертификатқа қол жеткізген болатын. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп тұрғанда осы жоғары оқу орнының тынысы туралы Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясының президенті Әмірлан ҚҰСАЙЫНОВ әңгімелейді.
– Әмірлан Айдарбекұлы, академияның соңғы жылдардағы ең басты жетістігі – «Сәулет» мамандығы ЮНЕСКО- Халықаралық Сәулетшілер одағы комиссиясының аккредитациясынан өтіп, елдегі жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет халықаралық сертификат алғаны болар?
– Бұл еліміздің сәулет өнері саласындағы ең жоғары жетістік болды. Бірақ, ол оңай қол жеткізе салған табыс емес еді. 2005 жылдан бастап әлемде инженерлік, сәулеттік білім беру саласын аккредитациялау бойынша халықаралық агенттіктерден мәліметтер жинап, талдау жасай бастадық. Сонымен қатар, халықаралық Сәулетшілер одағының өкілдерімен кеңестік. Осы одақ әлемдегі сәулет саласында білім берудің сапасына жауап беретін және тікелей мүдделі ұйым.
Халықаралық аккредитациялауды жүргізетін барлық аккредитациялау агенттіктері ұлттық немесе аймақтық болып табылады. Ал ЮНЕСКО-ХСО әлемдегі барлық аймақтарды қамтитын болғандықтан, біз бағдарламаға қатысу туралы шешім қабылдадық. Нақты түсіндірсем, сәулет саласында халықаралық Сәулетшілер одағы жасаған бағадан жоғары өлшемдер жоқ деп есептеледі.
Осындай көп ізденістер нәтижесінде біздің академия 2007 жылы «Сәулет» мамандығы бойынша дүние жүзінде бірінші болып халықаралық аккредитациядан өтті. Келесі жылы аккредитациялау мерзімінің аяқталуына орай, қазіргі уақытта қайтадан «Сәулет» мамандығын аккредитациялауға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Құрылыс» мамандығын аккредитациялау үшін дамушы елдердің аккредитациялау агенттіктеріне сауал жолдаудамыз. Өйткені Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «білім берудің сапасы ең жоғарғы халықаралық талаптарға сай болу керектігін» айтты ғой. Бұл еліміздегі жоғары оқу орындары әлемдегі алдыңғы қатардағы университет, академиялардың рейтингісіне кіруге ұмтылыс деген сөз.
– «Бізге халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы мамандар керек», деген қағиданы жүзеге асыру үшін не істеудесіздер? Қазіргі таңдағы жағдайларыңыз қалай?
– Біздің басты мақсатымыз – сәулет-құрылыс саласында жоғары білікті маман дайындау, студенттерге барлық деңгей бойынша білім алуға, қоғамда өз орнын табуға қабілетті, ой-өрісі кең, ойлау қабілетті жоғары тұлға болуға мүмкіндік жасау. Оқу ордамыз болашақ мамандарға терең біліммен қоса, олардың бойында азаматтық жауаптылық, ынтымақтастық және патриоттық сезімдерді қалыптастыруға бағытталған шараларды жүзеге асырады.
Айта кету керек, қазақстандық жоғары оқу орындары ішінде біз алғаш болып 2000 жылы несиеге оқыту жүйесін енгізгеннен бастап, оқу үрдісі айтарлықтай жаңашылдық бағыт алды. Әрине, бастаған істің өзіндік артықшылықтары мен қоса кемшіліктері де болады ғой. Оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы аталмыш жүйені ендіруде айтарлықтай қиындықтарға қарамастан, күрделі кезеңдерді еңсерді. Нәтижесінде академия базасында бірнеше рет еліміздегі оқу орындарында кредиттік жүйені ендірудің тиімділігі бойынша республикалық әдістемелік семинарлар өткізілді. Көптеген оқу-әдістемелік құжаттар жарық көрді.
Академия құрылыс, сәулет саласы ретінде кәсіби білім берудің қарашаңырағы ретінде жаңа технологияларды ендіріп, оны әрі қарай жетілдіруге мол тәжірибе жинақтады. Кредиттік жүйені енгізе отырып, студенттерге әлемдік білім беру кеңістігінде, шетелдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында өз білімін еш кедергісіз жалғастыруына мүмкіндік бердік.
Ал, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға келсек, ол бүкіл білім беру саласы халықаралық стандартқа сәйкес болуды талап етеді. Ол ғылыми-әдістемелік оқу құралдарының сапасы, техникалық құрал-жабдықтардың заманауи талаптарға сай болуы, озық технологияларды меңгерген, жоғары білікті де, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамының жасақталуы секілді міндеттерді қанағаттандыруымыз қажет. Сондықтан да халықаралық деңгейдегі аккредитациядан өттік. Оған қоса, біздің оқу орнымыз Балон үрдісіне қатысқан білім ордасы.
– Академияның шетелдегі баламалы оқу орындарымен байланысы қандай?
– Біз өркенитті елдердің 35 жоғары оқу орнымен, ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықтамыз. Олардың ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Испания, Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай сынды елдер бар.
Білім беру сапасының халықаралық деңгейдегі өлшемдерінің бірі – студенттер алмасу. Осы мақсатта академия шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс жүргізу нәтижесінде 30-дан астам студентіміз Германияның Қолданбалы зерттеу университетінде (Эрфурт), Франциядағы дизайн жоғары мектебінде (Париж), Швециядағы Корольдік техникалық институтында (Стокгольм), Оңтүстік Корея университетінде (Сеул) білімін жалғастыруда.
Зор мақтанышпен айта кететін жәйт, біздің академия отандық жоғары оқу орындары ішінде студенттер тәжірибесін шетелдерде өткізуге мүмкіндігі бар бірегей оқу орны. Академия Қамқоршылар кеңесінің қолдауымен 2005 жылдан бастап әлемдік сәулеттік туындылармен таныстыру мақсатында студенттер жыл сайын жазда Дубайда (БАӘ), Мысыр, Қытай, Кореяда іс-тәжиребеден өтеді. Ол үшін студенттер арасында білім үлгерімі, тәртібі, аудиториядан тыс жұмыстарға белсенділігі қаралады. Бұл іс-тәжірибе әлемдік сәулет туындыларынан шығармашылық шыңдау алып, оны ұлттық нақышпен байланыстырып, еліміздің сәулет өнеріне айтарлықтай үлес қосар мамандар дайындауға үлкен септігін тигізеді.
Академиямыз 2006-2009 жылдары ТЕМПУС Еуропалық комиссиясының «Қазақстан дамуының тұрақтылығы үшін географиялық ақпараттық технология» жобасын табысты жүзеге асырды. Еуропалық білім беру кеңістігінде осы жүйені әрі қарай жүзеге асыру үшін ТЕМПУС және ЭРАСМУС МУНДУС Еуропалық одағының бағдарламаларына тапсырыс беруді қолға алды.
Сәулет, дизайн және құрылыс саласында сұранысқа ие болашақ мамандарды дайындау, келешегі бар түлектерді ынталандыру, жоғары оқу орындарының рөлін арттыру мақсатында Еуразиялық сәулет-құрылыс мектебінің халықаралық фестивалі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Аталмыш фестиваль біздің академия бастамасы бойынша ТҮРКСОЙ және Малтепе университетінің қолдауымен Ыстамбұлда өткізілді. Фестивальға Түркия, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжанның жоғары оқу орындарының өкілдері мен түлектері қатысты.
Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының ішіндегі алғашқы болып шетелдік жоғары оқу орындарында ұйымдастырылған көлемді шара болып есептеледі. Ендігі жерде фестивальды дәстүрге айналдырып, 2011 жылдың күзінде Ромуальдо дель Бианко ынтымақтастығымен бізде өткізуді көздеп отырмыз.
– Академияда үш тілде де студенттерге дәріс беру тұжырымдамасы жасалынып, тәжірибе жүзінде іске асуда. Өзіңіз де үш тілді еркін біледі екенсіз?
– 2000 жылы осы білім ордасына ректорлыққа тағайындалғаннан бастап бірінші қолға алған жұмысым – үш тілділік болды. Әрине, өз ана тілімнен басқа орыс тілі, ағылшын тілдерін жетік білгендіктен, оқытушылардан талап ететінім де сол. Тілдерді біліп, өз қызметінде қолданғаны үшін де ай сайын жалақыға 20 пайыздан 100 пайызға дейін үстемақы қосу қолға алынды. Жоғарыда айтылған білім беру саласында халықаралық деңгейге сай болу үшін оқытушылар шетелдердің алдыңғы қатарлы оқу орындарындарымен келісім жасап, ондағы профессорлармен байланыс орнатылу тиіс. Ортақ мүддені жүзеге асыруда ешқандай тілдік кедергі болмауы керек.
Осы мақсатта тілдік пәндер оқытушылары «Тілдерді білуді бағалаудың жан-жақты өлшемдері» оқу-әдістемелік құралы құрастырды. Әр жылы толықтырулармен қайта басылды. Көп тіл білу – бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің бірі емес пе? Оқытушылар өз дәрістерінің соңында студенттерге үш тілдегі глоссарийға басты сөздер, әсіресе сәулет-құрылыс саласындағы термин сөздер береді, 10 минөттен дәріс тілінен басқа екі тілде қосымша түсінік беруді дағдыға айналдыруда.
Қазіргі уақытта осы глоссарий біріктіріліп, үлкен сәулет-құрылыс, дизайн, экономика салаларының үш тілді түсіндірмелі сөздігі дайыналады. Бұл осы саладағы білікті мамандардың дайындауымен жасалғандықтан, сауатты аударма жұмыстарын жүргізуге үлкен сеп болады деп ойлаймын.
– Заманына қарай – адамы. Қазір әркім өз дәулетіне сай, сәулетті өмір сүргісі келеді. Соған сәйкес, сәулеткер мен құрылысшының да беделі өсуде. Мұның бәрі талапкерлердің осы саланы таңдауына құлшыныс оятты деп айта аласыз ба?
– Құрылыс пен сәулет өнері адамның алғаш пайда болуынан басталған көне кәсіп. Ғасырлар ауысса да ол бізбен бірге дамып, жетілуде. Бүгінгі таңда сәулетшілер мен құрылысшылар арман-қиялын, шығармашылық қабілетін жүзеге асыруға үлкен мүмкіншілік алды. Қазірдің өзінде Қазақстанның бас қалалары Астана мен Алматыны алып қараңыз, әлемнің өркениетті елдерімен терезесі тең ғимараттар сәулеті таң қалдырады. Бұл ғимараттарда біздің студенттеріміздің қолтаңбасы бар екендігі мені қуантады. Осы арқылы еліміздің өркендеуіне өзіміздің үлесімізді қосудамыз.
Болашақта дархан даламыз бен сұлу қаламыз төріне әлі талай болашақ ұрпаққа ұлттық нақышпен көркемделген, әлемдік сәулет өнерінің көрінісі ретінде ғимараттар салынуы тиіс. Сондықтан дала баласы да, қала баласы да біздің мамандықтардың қаншалықты қажет екендігін біледі. Қазіргі уақытта елімізде құрылыс нысандарының көп жүруі жұмыссыздарды жұмыспен қамтамасыз етуде. Студенттеріміз академияны бітіргеннен кейін жұмыссыз қалмайтындығын біледі.
Жыл сайын академияда «Түлектер жәрмеңкесі» өткізіледі. Бұл студенттеріміздің жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізеді. Жылда осы шараға тапсырыс беретін мекемелердің көбеюіне қарап, қазірдің өзінде біздің академия түлектері үлкен сұранысқа ие екендігіне қуаныштымыз.
– Академияда қазақтың қаракөздеріне қарағанда өзге ұлттардың балалары көбірек оқитын сияқты көрінді. Сонда қазақ баласы кәсіби құрылысшы, сәулетші болуды азырақ армандай ма, қалай?
– Академиядағы сәулет және құрылыс мамандықтарында 70 пайыздай өзіміздің қыз-жігіттер бар. Дизайн мамандығын білесіз ғой. Ол: сәулеттік дизайн, графикалық дизайн, теледизайн, костюм дизайны деген мамандандырылуларға бөлінеді. Осы факультетте қазақ балалары 50 пайыз шамасында. Оны түсіндірейін, қазір компьютерлік технологияның дамыған заманы емес пе, барлығы компьютерлік бағдарламалар арқылы жасалады. Сондықтан бұл мамандықтың қыр-сырын ауылдан келген кейбір балаларымыз түсіне бермейді. Өркениетті елдерде дизайн айтулы мамандықтардың бірі, ал елімізде жастарымыз бұған енді бет бұруда. Екіншіден, академия мамандықтары шығармашылық мамандықтар. Ашық айтсақ, қазақ отбасыларында бала қабілетіне, тілегіне көп көңіл бөле бермейміз. Өзіміз жақсы деп тапқан мамандықтарға түсіруді жөн көреміз. Баланың бойында талғампаздық, әсемдікке әуестік, шығармашылық қабілеті жоғары болып, жақсы сурет сала алса одан нағыз сәулетші немесе дизайнер шығар еді. Қазақ баласы кәсіби құрылысшы, сәулетші болуды армандайтын кезең келді. Ол – қазіргі кез, қазіргі заман!
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.