15 Қазан, 2016

Миллиардтың мәні неде?

232 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
444Қазақстан әлемнің ең астықты өңірлерінің біріне айналып келеді Биыл тағы да миллиард пұт астық алдық. Бұл жайында жуықта өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов: «Биыл бункерлік салмақпен алғанда егістіктен 23,1 миллион тонна астық жинап отырмыз. Бұл – былтырғы жылғыдан 1,4 есе артық және ел тәуелсіздігінің бүкіл тарихындағы ең рекордты көрсеткіштердің бірі болып табылады. Еліміз бойынша әр гектардың орташа шығымдылығы 15,2 центнерді құрады. Соның ішінде негізгі астықты өңірлерден 16,8 миллион тонна астық жиналды: Ақмола облысы – 5,7 миллион тонна (әр гектардан – 13,2 центнер), Солтүстік Қазақстан облысы – 5,6 миллион тонна (әр гектардан – 17,6 центнер), Қостанай облысы – 5,5 миллион тонна (әр гектардан 13,3 центнер) астық алды. Қарағандылық диқандар да ерлеп, 1 миллион тоннадан астам астық дақылдарын бастырып, осы облыс тарихында бірінші рет осындай рекордтық көрсеткішке қол жеткізді», деп мәлімдеді. Иә, Алланың құдыреті мен адамның амалында шек жоқ дерсіз. Әйтпесе, еліміздің ең астықты өңірі атанып отырған Арқа төсінен дәл осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын адамдар ашаршылықтан зардап шегіп, жан-жаққа ауып кеткендігін көнекөз қариялар жақсы біледі. Сол кезде біраз жұрт Ресейдің көршілес өңірін сағаласа, біраз жұрт жылы жақты бетке ұстаған. Сол кездің шындығының бір белгісіндей болып «Ташкент – тоқ қала» («Ташкент – город хлебный») деген кино түсіріліп, ашаршылыққа ұшыраған өңірлердің адамдары осы қалаға ағылып жатқандығы көрсетілген болатын. Ал енді қазіргі Арқа төсі тек біздің еліміздегі ғана емес, дүние жүзіндегі астықты өңірлердің біріне айналып келеді. Қазір Ташкент халқының өзі Арқаның астығы мен ұнын тұтынатындығы көпшілікке жасырын сыр емес. Тіпті, оны айтасыз, қазіргі бүкіл адамзат қауымы, анығырақ айтқанда, оның басты ұйымы болып табылатын БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) астықты Қазақстанның келешегіне үлкен үмітпен қарап отырғандығын біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, аталған ұйым сарапшыларының пайымынша, әлемдік астық нарығы дамуының ұзақ мерзімдік болжамына сәйкес, жаһандық бидай өндірісінің 2021 жылға дейінгі кезеңдегі өсімі 11 пайызды құрайтын болады. Бұл өсім посткеңестік елдер есебінен қамтамасыз етіледі. Соның ішінде Қазақстандағы астық өндірісінің көлемі 40 пайызға, Украинада 28 пайызға, Ресейде 20 пайызға өседі. Азық-түлік мәселесі жөніндегі әлемдегі ең беделді ұйымның Қазақстанға мұншама үлкен үміт артуының сыры неде? Мұның жауабын біз осыдан он екі жыл бұрын Астанада өткен тыңның 50 жылдығын мерекелеуге келген жазушы, эколог, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Федор Моргунмен әңгімелескен кезде естіп едік. Федор Трофимович – тыңдағы «Толбухин» кеңшарының іргетасын қалап, соның бірінші директоры болған, Тың өлкелік ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Украинадағы Полтава обкомының бірінші хатшысы, КСРО Табиғат қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы секілді жауапты қызметтер атқарған білікті ғалым-практик. «Қазақстанның астық өндірісін әлем елдерін тәнті етерліктей жарқын болашақ күтіп тұр. Астық көлемін арттыру жөніндегі оның табиғи мүмкіндігіндей мүмкіндік басқа елдерде жоқ. Өйткені, Қазақстан әлемдік нарықтың сұранысына сай оның көлемін санаулы жылдардың өзінде екі есе арттыра алады. Оның үстіне, Жер шарының жаһандық жылынуы Америка мен Еуропаға үлкен қолайсыздықтар әкелгенімен, Қазақстанның оң жамбасына дөп келеді. Менің айтқан сөзіме сеніңіз: енді бір 15-20 жылда Қазақстан бітік өскен астықтың астында қалатын болады. Тіпті, мына сіздердің мәңгілік сарғайып жатқандықтан Сарыарқа аталған өңірлеріңіздің көгере бастауы да ғажап емес. Демек, Н.Ә.Назарбаев Астананы астық теңізінің ортасына көшіріп, өте дұрыс істеп отыр» – деген болатын білікті ғалым. Әрине, «Жатқан тастың астынан су жүрмес» дегендей, бұл астық өздігінен шығып жатқан жоқ. Қазақстандағы астық өндірісінің болашағын ең алдымен өз мемлекетіміздің басшылығы көре біліп, сонау қиын-қыстау кездің өзінде «Астық туралы» Заң қабылдатты. Биылғы жылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) бөлінген инвестиция көлемі былтырғыдан 56 пайызға артты. Оның үстіне, Елбасы Үкіметтің қыркүйек айында өткен кеңейтілген отырысында АӨК-ті қолдауға жыл соңына дейін тағы да 97 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді. «Бізге енді дағдарыспен күрес жоспарынан стратегиялық даму бағытына қарай қайта ойысу керек. Осыған орай жыл соңына дейін АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын» – деді Елбасы. Демек, миллиардтар тектен тек келіп жатқан жоқ. Бұл – Алланың бергенін адамның іске асыра білуінің, мемлекет қолдауының нәтижесі, диқанның ала жазғы маңдай тері. Ал әлемде аштықтың құрсауында отырған елдер де аз емес. Алдымен осыны түсінейік, ағайын! Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан»