01 Наурыз, 2011

Сайлау мен ойнау

428 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
НЕМЕСЕ САЙЛАУМЕН ОЙНАУ Айтарымды бастамас бұрын, ең бірінші мынаны ескерте кеткім келеді: «Президенттік сайлау ойдағы­ның ойыны, қырдағының қызығы емес». Президенттік сайлау ол – ертеңім деген елдің қалауына, тірегім деген жердің талабына жауап беретін, асқары болар ағасы мен жалғасы болар іні үмітіне от жаға алатын, қиындықты сынақ деп, қуанышты бақ деп бағалай білетін ердің ерін, азаматтың азаматын таңдау барысы. Майқы би бабамыз «Уа, қазақ халқым, елдің ішінен руын іздемейік, ұлысын іздейік, ұлы адамдар кез келген халықтың маңдайына біте бермейді, атамызды іздемейік, ақ жолды, ақ батамызды іздейік», деген екен. Сол секілді қолыма қалам алуыма Қазақстанның Еңбек Ері, атақты композитор ағамыз Еркеғали Рахмадиевтің «Арзанда­май­ық­шы, ағайын» («Егемен Қа­зақ­стан», 25 ақпан) деп аталатын салмақты да салиқалы, парасатқа  толы мақаласы да түрткі болды. Енді осы орайда жоғарыда аталған мақалаға қосымша өзіміз тара­пы­мыздан да ой айтсақ деп едік. Бабалар өсиеті бүгінгі ұрпақ үшін де маңызы зор. Сондықтан тәуелсіздігіміз арқасында бүгінгі жеткен жетістігімізді бағалап, сол жетістік арқылы алған асқар­ларымызға қуана білсек, құт үстіне құт, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі болып жатқан сай­лауал­ды үдерістеріне қарап, мына сайлау кейбіреулер үшін «жоқтан бар жасау» емес, «дайын асқа тік қа­сық­тың» кебінін кигендердің, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген стра­тегияны ұстанғандардың жа­ры­сы тәрізді. Тіпті сайлау туралы заңның талаптарын өрескел бұзып, өз кандидатурасын ұсыну ба­ры­сын­да жеке басына қатысты та­лаптарды қоюдан да тайсалмады. Сондықтан бұл мәселенің байы­бын баптап, сойылын саптау үшін әңгімені бүгіннен емес, әріден бастағанымыз дұрыс болар. Кеңес Одағы ыдырап, 70 жыл өз әмірлігін жүргізген алып империяның күші құлдыраған шақта, қағынғанның қанатына, сұғынғанның тұмсығына жем болмай, жерінің асты байлы­ғымен, үстіндегі халқы жайлы­лы­ғымен танылған, Алатаудан бастап Арқа асқан, Алтайдан Атырауға дейінгі созыла жатқан ата-баба мұра­сына ие болып қалдық. Алайда бір аяғымыз жырауда, бір аяғымыз құлауға шақ жағдайда қалдық. Бірақ біз бәрін де жеңіп шық­тық. Себебі, біз алған бағытымыз­дан ай­ны­майтын, берген сертімізден тай­қы­майтын, өткенін елеп, бүгінін ба­ғалап, келерін болжай білетін елміз. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін, төртеу түгел болмай, төбедегі келмейтінін дәлелдеп берген ел болдық. Біз достығымыз бен татулығымыз жарасқан, береке-бірлігіміз сақтал­ған, тәуелсіздік тора­бын­дағы төрт құбыламызды түген­деген, әлем елдерімен тереземіз те­ңескен, елеулі елу елдің қатарына қосылуға ұмтылған – Егемен Елге айналдық. Осының арқасында бізге Азия ғана емес, Еуропа өз төрін ұсынды. Біз жас та болса бас болып, ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЕҚЫҰ сынды ұйымдарға жетекшілік еттік. Енді ИКҰ-ға басшылық жа­са­мақ­пыз. Бүгінде әлем назары Қа­зақстанға, Еуразия кіндігі аталған  арман қала – Астанаға ауды. «Қонақ келсе құт келер» деген салиқалы сөзі бар киелі халықтың елордасы – Астана жаңару мен жаһанданудың ордасы болып отыр. Астанада әлемнің бұрын-соңды бастары бірікпеген әлемдік дәс­түрлі дін басшыларының бір емес, үш кездесуі өтті. Әлемдегі медия қауымдастықтың проблемаларын шешу үшін күллі дүниенің журналистері бас қаланың төріндегі мінбеге жиналды. 11 жылдан бері өтпе­ген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мү­ше мемлекеттер басшыларының ресми басқосуын өткізді. Тағысын тағы. Мұның бәрі ауызбіршіліктің, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған елдің арқасы. Сонымен, міне, сайлау та­ғай­ын­далды. Сайлауалды науқаны қызу басталды да кетті. Алайда бұл барлығы үшін емес сияқты. Себебі, әшейінде билікті, елде істеліп жатқан игі істерді сынауға келгенде алдына жан салмайтын біздің кейбір саяси партиялар, көліне келіп су ішіп, қайта кеткен еліктей, бір көрініп жоқ болды. Яғни, сайлауға қатысудан бас тартты. Сайлау – бұл саяси дода ғана емес, ел ертеңі үшін күрес. Сон­дықтан олардың «олай істеу керек, бұлай істеу керек», деп алыстан атқылағанша, сайлауға келіп иық тірестіре отырып, осы додаға қа­тыс­қаны дұрыс шешім болар еді. Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңының 10-бабына сәйкес саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құ­ра­мында партияның барлық об­лыстардағы, республикалық маңы­зы бар қала мен астанадағы әрқай­сы­сында кемiнде 600 партия мү­шесi бар құрылымдық бөлiм­ше­ле­рiнiң (филиалдары мен өкiлдiк­терi­нiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде 40 мың партия мүшесi бо­лу­ға тиiс. Яғни, елдегі тіркелген әр партияның кемі 40 мың мүшесі бар. Олар ол партияға мүшелікке кірген кезде сол партияның бағдар­ламасына, келешегіне сеніп, сол партия арқылы мемлекет ісін бас­қаруға қатысуға ниет білдіреді. Сонда мына саяси додадан бас тартып отырған саяси партиялар өз сайлаушылары мен қолдаушы­ла­ры­ның алдында не деп ақталмақ? «Сезікті бірінші секіредінің» кейпіне кіріп, науқан басталмай одан бас тартып жатқандарын қалай түсінуге болады? Әлде ертеңгі «Жеңілгеннің желеуі көптің» кебін кимеудің алдын алуы ма екен? Иә, әрине, Конституциямызға сәйкес әркімнің де сайлауға және сайлануға құқығы бар. Алайда Ата Заңымызға сәйкес адамның және азаматтың өз құқықтары мен бос­тандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын бұзбауы, консти­ту­циялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуі тиіс емес пе? Сондай-ақ респуб­ли­каның азаматы өзінің азамат­ты­ғына орай қаншалықты құқықтарға ие болса, сонымен қатар міндеттер де атқарады ғой. Олай болса, қазіргі сайлау науқанында ұсыныл­ған кейбір кандидаттардың қо­ғам­дық ма­ңызы бар бұл мә­селеге бей-жай, жауап­ты­лықпен емес, жәй ғана жа­сан­дылықпен қарауын қалай тү­сінуге болады? Қазақстан Респуб­ли­касы Конс­ти­туция­сы­ның 40-бабына сәйкес Қазақстан Республи­ка­сы Президенті – мем­лекеттің басшысы, мем­лекеттің ішкі және сыртқы сая­са­тының негізгі бағыт­тарын айқын­дайтын, ел ішінде және халық­аралық қаты­нас­тар­­да Қа­зақстанның аты­нан өкілдік ететін ең жо­ғарғы лауазымды тұл­ға. Жалпы айтқанда, «Елін ерінен танисың» деген қағида бұл. Яғни, президенттің сауатты­лы­ғына, саясаткерлігіне, іскерлігіне, керек десеңіз жүрген жүрісі мен тұрған тұрысына қарап, басқа ел біздің елдің кім екенін білуі керек. Ал бүгін бізде не болып жатыр? Меніңше, біздің кейбір азаматтар сайлауды еріккеннің ермегімен шатастырып алған сыңайлы. Сон­дық­тан мен Қазақстан Республи­ка­сының президенттігіне канди­дат­тарға қойылатын талапты өзгерту керек деп ұсыныс жасаған болар едім. Мәселен, «Қазақстан Респуб­лика­сындағы сайлау туралы» Конс­ти­туциялық заңның 54-бабына сәйкес президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-ба­бының 2-тармағында белгiленген талаптар­ды қанағаттандыруға, сон­дай-ақ Конституцияның 33-бабы­ның 2 және 3-тармақтарына және осы Конс­ти­ту­циялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс. Қазақстан Республикасы Конс­ти­ту­ция­сының 41-бабының 2-тар­ма­ғына сәйкес республика прези­дентi болып тумысынан республика азаматы болып табылатын қы­рық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақ­стан­да соңғы он бес жыл бойы тұ­ратын республика азаматы сайлана алады. Бұл талаптарға негізінен белсенді сайлау құқығына ие кез келген азамат жауап бере алады. Алайда ел президенті болып кез келген азамат бола алмайды. Осы тұрғыдан алғанда президент бо­лу­ға үміткер адамның қоғамдық бейнесіне де қосымша талаптар қою керек деп есептеймін. Мәселен, ол адам бұл қоғамда кім? Еліне, қоғамына қандай еңбек сіңірді? Саяси арена­дағы беделі қандай? Мемлекеттік билікке қаншалықты қатыстылығы бар деген қосымша талаптар. Әрине, Конституцияның 14-ба­бы­на сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең. Тегiне, әлеу­меттiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды. Алайда біз ұсынып отырған талаптар кемсіту емес, қосымша талаптар болып табылады. Мәселен, қара­пай­ым әкімшілік мемлекеттік қыз­метке кіруге үміткерлерге тиісінше біліктілік талаптары: кәсіби біліктілігі, еңбек өтілі, білім және тағы басқа да қосымша талаптар қойы­ла­ды. Олай болса, неліктен мемлекеттің ең жоғарғы лауазымды тұлғасына үміт­керлерге атқаратын лауазымына сәй­кес тиісінше талаптар белгілемеске? Ал заңмен белгіленген талап­тар­ды бұзған азаматтарға жауапкершілік мәселесін де ұмыт­па­ға­нымыз жөн. Сол кезде біз бүгінде кейбір азамат­тардың себебінен қо­ғам­да орын алып отырған Қазақ­стан Республикасы президенттігіне сайлауға жауапкершіліксіз, немқұрайлы қарау фактілерін жойған болар едік. Берік БЕКЖАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.